Ислам әлеуметінің бірлігі мен ынтымағын жарастырып, нығайтатын ең ықпалды фактор, яғни, салих амал – жамағатпен намаз оқу. Сондықтан, хақ дінімізде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға аса көңіл бөледі. Осы орайда, мұсылмандарды жамағатқа келуге барынша қызықтырса, бір жағынан одан тыс қалушыларды да барынша ескерткен. Мысалы, жамағатпен оқылған намаздың сауабы жеке-дара оқылған намазға қарағанда, жиырма жеті есе артық деген. Мұнымен қоса, жамағатқа қатысу ниетімен мешітке дейін басқан әрбір қадам үшін сауап жазылып, күнәнің төгілетіні тағы бар. Сондай-ақ, жағдайы бола тұрып жамағатқа бармаған кісінің оқыған намазын кем санаған. Міне, бұлардың барлығы Хазірет Пайғамбарымыздың хадистерінде баяндалған хақиқаттар.
Ұлық дініміз Ислам жүйелілікті, жинақылықты бұйырады. Жүйесіздікке, бытыраңқылық пен шашыраңқылыққа тыйым салады. Ислам – ыдыратушы емес, біріктіруші дін. Дініміз азан дауысын естіген әрбір мұсылман баласының мешітке асығуын талап етеді. Осылайша, күнде бес уақыт мұсылмандардың басын бір жерге жинап, мақсат-мүдделерінің бір екендігін қаперлеріне түсіріп, ынтымақ-бірліктерін нығайта отырып, имандарын арттыра түседі.
Әр нәрсенің өзіндік тәртіп-жүйесінің болғаны сияқты мешіттің де, жамағаттың да өзіндік тәртіп-ережелері бар. Бұл жүйе – көпшілікке ортақ. Солардың бірі – жамағат болып намазға тұрғанда саптың түзулігіне, арада ашық жердің қалмауына көңіл бөлу. Хадис шәріптерде Хазрет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) саптардың түзулігін аса мұқияттылықпен қадағалағандығы жайында баяндалады. Солардың бірінде сахаба Нұғман бин Башир радиаллаһу анһу былай дейді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) сапты тізіліп тұратын жебелер сияқты болғанға дейін түзеп шығатын. Бір кезде кеудесі тысқары шығып тұрған біреуді көріп қалып, «Саптарыңды түзеңдер, әйтпесе Алла жүректеріңе қайшылық түсіреді» деді».[1] Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Саптарыңды түзеңдер, расында саптарды түзету намазды толықтырады»[2] деп бұйырған. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осыған ұқсас көптеген хадистер жеткен. Міне, сол хадистердің барлығы сапты түзеудің өте маңызды екендігінің айқын дәлелі болса керек.
Саптарды түзегенде көңіл бөлінуі тиіс маңызды екі нәрсе бар:
Біріншісі: Саптарды бір сызық бойына түзеу. Сапта тұрғанда біреу келесі біреуден ілгері немесе кейін тұруға болмайды. Бұл хадисте айтылып өткендей көңілдің қайшылыққа түсуіне себеп болады. Сондықтан, саптарды тарақтың тістеріндей етіп, түп-түзу бір қатарға келтіру керек. Пайғамбарымыз хадисінде былай деп бұйырады: «Сапты түзеңдер! Иықтарыңды бір қатарға келтіріңдер! Мұсылман бауырларыңның түзеткен қолдарына қарсы шықпаңдар. Бос жерлерді жабыңдар да шайтанға саңылау қалдырмаңдар».[3]
Сапты түзегенде аяқ саусақтарының ұшы емес, иық пен тобық бір сызық бойына келу керек. Өйткені, аяғы қысқа адамның аяқ саусақтарын аяғы ұзын адамдікімен бір қатарға келтіргенде кеудесінің одан ілгері шығып кететіні анық. Осы орайда, жоғарыда өткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапта кеудесі ілгері шығып тұрған кісіге қатаң ескерткенін келтірген болатынбыз.
Сонымен қатар жамағаттың арасынан қолымен сапты түзеуге атсалысып жүрген кісілерге қарсылық білдірмей, оларға мойынсұну керек.
Екіншісі: Арада ашық жер қалдырмау. Хазрет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашық жерді жабу арқылы сапты бір-біріне жалғаған кісіге жақсылық тілеген. Ал, саптың арасын ашық қалдырған кісіге қатаң ескерту жасаған. Осыған орай, бір хадисте былай делінген: «Кімде-кім сапты бір-біріне жалғаса, (яғни, ашық жерді жауып, сапты толықтырса) Алла тағала оған рақым нұрын төгеді. Ал, кімде-кім сапты ашық қалдырса (ашық жерді көріп тұрып, жаппаса) Алла тағала оны рақымынан жұрдай қылады».[4] Сол себептен, алдыңғы жақтағы сап толмай жатып, оның артынан жаңа бір сап құруға болмайды.
Егер саптың арасы немесе шет жақтары ашық қалған болса, малғұн шайтан сол араға тұрып алып, намаз оқушылардың көкейлеріне түрлі ой салып, уәсуәсә қылып, ықыласын бұзуға тырысады. Сауаптарын кемітуге бар күшін салады. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шайтанға тесіктер қалдырмаңдар деп ескерткен.
Сондай-ақ тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім саптағы ашық жерді жапса, Аллаһ сол әрекеті үшін оның дәрежесін көтереді және оған жәннатта үй тұрғызады».[5]Келесі бір хадисте: «Сауап тұрғысынан саптағы ашық жерді жапқан кісінің басқан қадамынан артық қадам жоқ».[6] Енді бір хадисте былай делінген: «Сап-сап болып намаз оқыған кісілерге Алла тағала рақым нұрын төгеді. Періштелер де олар үшін жарылқау тілейді».[7]
Саптардың ең абзалы
Саптардың ішіндегі ең абзалы, яғни, сауабы молы – имамнан кейінгі бірінші сап. Сосын одан кейінгі сап. Сосын одан кейінгі сап. Осылайша, артқы қатарға қарай саптың абзалдығы азая береді. Бірінші саптағы ең сауапты орын – имамның арқа тұсы. Кейін оның оң жағы, сосын сол жағы. Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер бірінші сапта қандай сауап бар екенін білсеңдер, міндетті түрде жеребе тастар едіңдер».[8] Әйелдер үшін ең абзал сап – ең соңғы сап. Хазрет Пайғамбарымыз бұл жайында былай деген: «Ерлер үшін ең қайырлы сап – бірінші сап. Ең жаманы – соңғы сап. Ал әйелдер үшін ең қайырлы сап – соңғы сап. Ең жаманы – бірінші сап.[9]
Сапқа тұрғанда имамның артына ретімен бірінші ер кісілер, сосын кәмелетке толмаған ер балалар, олардың артынан әйелдер тұрады. Ерлер мен әйелдердің араласып тұруына болмайды.[10]
Тағы бір тоқталып кетер жайт: намазда тұрғанда аяқтарды бір-біріне қосып тұру немесе арасын тым алшақ ашу мәкрүһ болып табылады. Ханафи ғалымдары аяқтың арасын төрт саусақ көлемінде ашудың берілу күйіне, Жаратқанға тағзым қылуға әлдеқайда лайық әрекет екендігін алға тартып, төрт саусақ көлемінде ашуды сүннет, одан көп немесе аз ашуды мәкрүһ деген. Шафиғи мәзһабы бойынша аяқтың арасы бір елі ашық тұру – сүннет. Малики және Ханбали мәзһабтары орташа көлемде, яғни әдет-ғұрыпта ерсі болып саналмайтындай дәрежеде ашуға болады деп атап көрсеткен.[11]
Намазхан бауырларымыздың арасында ашық жерді жабу ниетімен аяқтарын екі жағындағы адамның аяқтарына тигіземін деп тым алшақ ашып жіберетіндері бар. Тіпті, жеке оқығанда да қатты ашып тұратындарды көзің шалып қалады. Бұл қанша шынайы ниетпен істелгенімен, бұлай істеу біріншіден, қасындағы адамның ойын бөледі. Екіншіден, көрініс тұрғысынан көзге оғаштау болып көрінеді. Оғаштау деуіміздің себебі, кез келген адам құрмет тұтатын адамының алдында олай тұруға ыңғайсызданады. Өйткені, ондай тұрыстың тәкаппар адамның тұрысына ұқсайтыны ешкімге де жасырын емес. Пендеге Алла тағаланың алдында хұшуғ (шынайы берілу) сезімімен жалбарынған күйде, мұқтаж кісінің кейпінде тұрған ғана жарасады.
Нұғман бин Баширдің (р.а.) «Арамыздан тобығын қасындағы кісінің тобығына, тізесін тізесіне, иығын иығына тигізіп тұрған кісіні көрдім»[12] деген сөзі мен Әнәс бин Маликтің (р.а.) «Бізден біріміз иығын жанындағының иығына, аяғын аяғына тигізіп, жабыстырып тұрушы еді»[13] деген сөзін Сахих Бұхариға түсіндірме жазған мұхаддис ғалым ибн Хажар «сапты түзеу» және «арадағы ашық жерді жабуға» аса қатты көңіл бөлу мақсатымен «мұбаләға», яғни асыра айтылған дейді.[14] Алайда, мақсат – аяқтарды тигізу емес, иықтарды бір қатарға келтіріп сапты түзу ұстау.[15] Бұған дәлел, Нұғманның хадисіндегі «тізесін тізесіне» деген сөз.[16] Өйткені, қиямда тұрғанда тізелерді тигізіп тұру қиын әрі әурешілікке салыну ғой. Қиямда (тік) тұрғанда, рукуғқа еңкейгенде, сәждеден көтерілгенде аяқтарды тигізуге әрекеттену, ыңғайлану адамның ойын бөлетін артық қимылдар. Бұлай істеген кезде кісі өзімен бірге өзгенің де ойын бөлері анық. Себебі, кейбір адамдар аяқтарына біреудің аяғының тиіп тұруын ұнатпауы мүмкін.
Жоғарыдағы хадистер төрт мәзһаб имамдарына жетпеді емес, жетті. Олардың хадис қорлары бай үлкен ғалымдар екендігі де әмбеге аян. Бірақ, олар ол хадистердің тікелей мағынада айтылмағанын жақсы білетін еді. Тікелей мағынада айтылған болса, аяқтарды тигізіп тұруды, әлбетте, сүннет деген болар еді.
Сонымен қатар, «әл-Жамиғус-Сағир мин Хадиси әл-Башир ән-Назир» атты хадис жинағының шархында былай делінген: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.), әділетті халифалардан, тіпті мужтаһид имамдардың ешқайсысынан да аяқтарды тигізіп тұру керектігі жайында бірде-бір әмір, бірде-бір бұйрық келмеген. Соған қарамастан, кейбір адамдардың сап түзегенде солай бұйырып тұратынын көреміз».[17]
Сондай-ақ, намазда тұрғанда тығылысып тұру да дұрыс емес. Өйткені, бұл рукуғқа еңкейгенде және сәждеге жығылғанда емін-еркін қозғалуға кедергі болады және адамның берілу сезімі мен ойын бұзады.
Қорыта келе айтарымыз, Аллаға құлшылық қылу – жаратылысымыздың асыл мақсаты. Намаз – Аллаға деген құлдығымыздың айрықша нышаны. Ал оны жамағатпен оқу – ғибадат болумен қатар, ынтымақ-бірлігіміздің белгісі. Ынтымақ-бірлігімізді сақтап, сызат түсіретін дүниелерден аулақ болайық. Хазірет Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұра боп қалған тағылымы мол дүниелердің сыртқы көрінісіне қадалып қалмай, оның астарында жатқан сырлар мен хикметтерге терең үңіле білейік.
Алла тағала баршамызды сауабы мол амалдарға бір табан жақын жүретін сүйікті пенделерінен болуды жазғай!
[1] Мүслим.
[2] Бұхари, Мүслим.
[3] Әбу Дәуіт, Нәсәй.
[4] Мүслим.
[5] Табарани, әл-Аусат.
[6] Табарани, әл-Баззар.
[7] Имам Ахмед.
[8] Мүслим.
[9] Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи.
[10] Маусули, әл-Ихтияр ли тағлилил Мухтар, І т. 58 бет. Стамбул.
[11] Абуррахман әл Жазири, Китабул-Фиқһ алал-Мәзәһиби әл-Арбаға. Бейрут 1990, І, 234 б.
[12] Муснаду әл-Баззар.
[13] Бұхари.
[14] Ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари Шарху Сахих әл-Бұхари. Бейрут 1379 һижра. (Shamela, CD) .
[15] Имам Малик, Муатта Риуаяту Мұхаммед бин Хасан (Абдулхай Ләкнауйдің шархымен), Дамаск 1991, (Shamela, CD).
[16] Абдуллаһ бин Салих әл-Фузан, Ахкаму худурил-Масажид, б. 90, Доха 1421 һ.
[17] Жәләлуддин- әс-Суюти, әл-Жамиғус-Сағир мин хадис әл-Башири ән-Назир (Shamela, CD), http://www.al-eman.com/IslamLib/viewchp.asp?BID=246&CID=50#s1.
Ерғали Алпысбаев, Дінтанушы