«Жанр» ұғымы аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлердің де қамтылатыны белгілі. Академик С.Қасқабасовтың анықтамасына сүйенсек, «Жанр – өнердің, әдебиет пен фольклордың, бір жағынан, жалпы, көп қырлы (универсалды) категориясы да, екінші жағынан, нақтылы категориясы. Көп қырлы болатыны – онда әр түрлі әдістер мен тәсілдер көрініс табады, ал нақты болатыны – шығарма белгілі бір жанрдың аясында жазылады.
Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі, заңдары болады»[1]. Шығыс әдебиетіндегі жанрлар теориясын зерттеген белгілі әдебиеттанушы И.В.Стеблеваның пайымдауынша, «жанр» ұғымы белгілі бір дәуірдегі белгілі бір мазмұн мен тұрақты түр белгілерін қамтитын, поэтикалық біртұтас жүйесі бар мәтіндер тобын біріктіреді[2]. Өзгермелі тарихи категория ретіндегі «әдеби жанр» ұғымының ерекшелігін айқындай түсетін кезекті анықтаманы татар ғалымы А.М.Шариповтың «Зарождение системы стихотворных жанров» атты еңбегінен кездестіреміз: «Жанр складывается веками, непрерывно изменяется, трансформируется согласно художественно-эстетическим требованиям каждой эпохи и каждой отдельно взятой национальной литературы, и, прожив долгую жизнь, если нет в нем потребности, он может и угаснуть»[3]. Аталған ерекшеліктердің барлығын дерлік қамтитын төл әдебиетіміздегі бірегей құбылыстардың бірі ХІІ ғасырда Йасауи шығармашылығы арқылы қалыптасып, түркі халықтарының әдебиет тарихында елеулі із қалдырған хикмет дәстүрі болатын.
Отандық йасауитану ғылымында бірқатар іргелі зерттеулер жасалғанымен, бүгінге дейін хикметтердің жанрлық сипаты арнайы ізденіске арқау болып көрген жоқ. Дегенмен Йасауи мұрасын әр қырынан қарастырған зерттеушілер жанр мәселесіне жанама түрде тоқтала отырып, біршама орнықты пікір қалыптастырды. Х.Сүйіншәлиев, А.Ахметбек, А.И.Пылев сынды зерттеуші ғалымдар Йасауидің дастан-толғау, дастан-қисса және сопылық эпос үлгісіндегі хикметтерін бөліп қарастырған. «Диуани хикметтегі» айтыс жанрлық түріне аталмыш тақырыпта іргелі зерттеу жүргізген ғалым М.Жармұхамедұлы ерекше назар аударған.
Ал Йасауи хикметтерінде өлең түрі ретіндегі ғазалдың қолданылғаны бірқатар авторлар тарапынан сөз болғанымен, оның жанрлық ерекшеліктерінің қаншалықты дамытылғаны жөнінде де дәйекті пікір айтыла қойған жоқ. Айтылғандардан аңғаратынымыз, «Диуани хикметтің» жанрлық сипаты төңірегіндегі ой-тұжырымдар әдетте тұтас туындыға емес, оның жекелеген бөліктеріне ғана қатысты болып келеді.
Йасауитану ғылымында елеулі маңызы бар бірегей зерттеулердің бірінің иесі А.К.Боровков «Очерки по истории узбекского языка» атты мақаласында Йасауи стилінде жырлаған хикметші-ақындар шығармашылығы туралы айта келіп, хикметтердің қалыптасқан дәстүрі бар, ғасырлар бойы өмір сүріп келген дербес поэтикалық жанр екенін атап көрсеткен болатын[4]. Ғалымның назардан тыс қалып жүрген осы салиқалы тұжырымы біздің аталмыш бағыттағы ізденістерімізге негіз болып отыр.
Татар әдебиеттанушысы А.Шарипов те: «Түркі тілді поэзиядағы хикмет жанрының алғашқы үлгісі – Йасауи туындылары» деп тұжырымдайды[5]. «Хикмет жанры» деген тіркес жекелеген өзбек әдебиетшілері тарапынан қолданылғанымен, әзірге бұл мәселені тарата түсіндірген, арнайы зерттеу жүргізген бірде-бір автор жоқ. Ал төл әдебиеттануында «жанр» термині қалыптаспаған түрік зерттеушілері хикметтерге қатысты әдетте «дәстүр» («геленек») ұғымын қолданады.
Шығарманың бітім-болмысын саралаудың сыртқы композиция элементтерін екшеуден басталатыны, мұндайда бірінші кезекте туынды атауына мән берілетіні белгілі. Йасауи туындысына негіз болған «диуан» және «хикмет» ұғымдарына біз алдыңғы мақалаларымызда толыққанды түсінік беріп өткен болатынбыз. Түркі әдебиетіндегі алғашқы авторлық жинақ «Диуани хикмет» болып табылатыны, түркі халықтарындағы диуан әдебиетінің бастауында диуан поэзиясына қойылатын барлық талаптарға сай келетін аталмыш туындының тұрғаны, тариқат тағылымын танытатын хикмет ілімінің қыр-сырын жетік меңгеріп, талғампаз поэзия талабына сәйкестендіріп, дербес жанр дәрежесіне көтерген тұлға – отаншыл, ойшыл ақын Қожа Ахмет Йасауи екендігі осы мақалада түйінделген болатын.
Ендігі кезекте төл поэзиямызда хикмет жанрының қалыптасуына әдеби тұрғыдан қандай алғышарттар болды, оның пайда болу кезеңі мен ұлт әдебиетіндегі толыққанды поэзиялық түрге айналуы арасында нендей үдерістер жүрді деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Йасауиге дейінгі түркі поэзиясында өлең түрі ретінде де, жанр немесе композициялық бірлік ретінде де «хикмет» ұғымы қолданылмағаны белгілі. Аталмыш ұғымның «даналық», «фәлсафа», «нақыл сөз» мағынасын білдіретін араб тіліндегі «хикма» («хикмат») сөзінен шыққанын ескерсек, жанрдың түпкі тегін де араб поэтикасынан іздеу орынды. Исламға дейінгі араб поэзиясында қасида (поэма) құрамындағы қысқа нақыл сөздер «хикма» деп аталған. Дегенмен қоғамдық тәртіп нормаларын, тұрмыс даналығын, тіршілік ғибратын түйіндеп беруді көздейтін араб поэзиясындағы хикметтің жанр генезисі тұрғысынан аздаған сәйкестігі болғанымен, мерзімі жөнінен де, мазмұны жағынан да сопылық іліммен, дін-шариғат жолымен тікелей байланысы жоқ.
Қасиданың композициялық бірлігі ретіндегі хикметтің даму сатылары туралы мәлімет жоққа тән. Араб-парсы поэтикасын зерттеген Е.Э.Бертельс, И.Брагинский, жекелеген Шығыс ақындарының шығармашылығын талдаған Б.Наурызбаев секілді отандық авторлар хикметтерді «афоризмдер» деп атап (тек Сағди поэзиясы мысалында), дағдылы нақыл сөздер санатында қарастырған, жанрлық түр ретіндегі ерекшеліктеріне талдау жасамаған. Көлем және өлшем тұрғысынан қатаң қалыпқа түспеген хикметті тақырыптық жанрлар қатарына қоса отырып, зерттеуші А.М.Шарипов хикметтердің жанрлық ерекшеліктеріне біршама назар аударғанымен, оның қалыптасу, даму үдерістері мәселесіне тоқталмаған.
Біздің пайымдауымызша, Йасауиге дейін хикмет жанрында тұтас поэзиялық шығарма тудырған автор түркілерде ғана емес, араб-парсы әдебиетінде де кездеспейді. Хикметтерді өнімді қолданған ХІІІ ғасырдағы парсы ақыны Сағди Ширази туындыларының өзінде ол тек қысқа нақылдар түрінде келеді, бұл мысалдың өзі Йасауидің хикмет дәстүрі қалыптасқаннан кейінгі кезеңге тән болып отыр. Жоғарыда аталған хикмет жанрын зерттеушілер ХІІІ ғасырдағы түркі және парсы поэзиясының материалдарына сүйенген. Ал бұл бірегей үрдістің іргетасы Йасауидің жанрды қалыптастыру мен тұтастандыру жолындағы үздіксіз ізденістері, ерен еңбегі, жемісті жаңалықтары арқылы қаланғаны мәлім.
Өз дәуірінің ізденімпаз дарыны Қожа Ахмет Йасауидің бірқатар мұсылман елдерінде болып, атақты ғұламалардан сабақ алғаны белгілі. «Хорасан, Шам, Ғираққа сапар шеге» жүріп, ақынның тек дін ілімінен ғана емес, сол заманның дәстүрі бойынша ғылымның бірқатар саласынан хабардар болуы заңды. Өзі ден қойған сопылық ілімнің негізгі таралу әдісі өлең сөз болғанын ескерсек, Йасауидің араб-парсы сопылық поэзиясын терең игергені күмән туғызбайды. Жүрек тазалау, жан сезімдерін ояту, түйсікке қозғау салу арқылы кемелдікке ұласуды көздеген сопылық ілімнің табиғаты поэзияға етене жақын болатын. Ақын туындыларындағы ішкі мазмұн, көркемдік құралдар мен бейнелілік жүйе ерекшеліктерінен араб-парсы сопылық поэзиясымен тіні үзілмеген сабақтастық аңғарылады.
Йасауи өзінің поэзиялық туындыларын «хикметтер» деп атаған. Бұл тұста ақынның жоғарыда айтылған шағын көлемді жанрлық түр ретіндегі «хикмет» ұғымын ғана емес, тамыры терең, тағылымы мол хикмет ілімін де назарда ұстағаны сөзсіз. Көлемі жағынан 5–30 шумақ аралығында болып келетін ақын хикметтерінің негізгі бөлігі – сопылық сарындағы толғаулар. Басты тақырыбы – Аллаға ғашықтық. Йасауи хикметтері көбіне-көп сопы ақынның лирикалық-философиялық толғаулары күйінде, бірқатар тұстарда ғибратты оқиғалар баяны ретінде жазылған.
Ақынның сондай-ақ жеке қолтаңбасын танытатын рухани кемелдену жолын сипаттаған ғұмырнамалық хикметтері де, дәстүрлі діни поэзия үлгісімен жазылған Аллаға мінәжат пен Мұхаммед пайғамбарға және оның шаһариярларына мадақ жырлары да бар. Сырт қарағанда әртүрлі көлем мен тақырыптағы үзік-үзік туындылардан құралғандай әсер қалдыратын Йасауи хикметтерінің ішкі тінінде үзілмес бірлік бар. Оқиғалы немесе оқиғасыз, дәстүрлі немесе тың үлгіде жазылған барлық хикметтерді тұтастырып тұратын біртұтас мазмұн, ортақ идея, талғаулы көркемдік құралдар, біршама тұрақтанған қалып-үлгі орныққан. Өз шығармаларын «хикмет» атауымен біріктірген ақын осы ерекшеліктерді ескерген болса керек.
Әдебиеттанушы А.Шарипов «хикмет» ұғымы аясында ғазал, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді. Іргелі ізденістерге арқау болар соны идея ұсына отырғанымен автор аталған ұғымдарды талғауда және түсіндіруде араб-парсы поэтикасы заңдылықтарына біржақты бейімделген тәрізді. Біздің пайымдауымызша, Йасауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет жанры – аса күрделі симбиоз жанр. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының түркі поэзиясында ежелден бар болуы дер едік. Төл әдебиетімізге түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық. Ойымызды таратып көрелік.
1. Араб-парсы поэзиясындағы жанрлық түр ретіндегі хикметтің нақыл сөздерден, даналық тұжырымдардан бастау алатыны жоғарыда айтылды. Мұндай ерекшеліктің көне түркі поэзиясына да етене құбылыс екендігі Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі, Қорқыт жырларындағы, Қашқари сөздігі мен Баласағұн дастанындағы аста-төк нақыл сөздерден-ақ аңғарылады. Дені моральдық-этикалық, философиялық тұжырымдардан тұратын терең тамырлы өсиет-нақылдарға діни-исламдық реңк, сопылық мазмұн, уағыздық сипат дарытуы Йасауидің жанрлық түрдің қызмет аясын күрделендіруі ғана емес, Шығыс поэзиясында дербес дәстүрі бар насихат жанрымен синтездеуі де болып табылады.
Йасауи туындыларының ең басты ерекшелігі де оның тұтасымен хикметке – тағылымға, ғибратқа, даналыққа, құдіретті сырға толы мазмұнға құрылуында. Араб қасидасы құрамындағы «хикмет» аталатын нақыл сөздер сол шығарма мазмұнынан қорытылатын даналық тұжырым ретінде тар мағынаны ғана қамтыса, Йасауи тұтастандырып, кемелдік тұғырына көтерген хикмет жанры түркілік төл әдебиетімізбен тереңнен тамырласқан, араб-парсы классикалық әдебиетінің үздік жетістіктерін талғап сіңірген, табиғаты ерек хикмет-сопылық ілімін үздік әдеби әдістер арқылы өлең тілімен өрнектеген күрделі де кең өрісті жанр болып табылады.
«Хикмет» ұғымының халықтық қолданыстағы аясының аса кең болуы да оның жанрлық ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Тартысты, таңғажайып оқиғалы, тылсым сырлы жайттарды «хикметті», «хикметі бар» деп атау халық арасында жиі кездеседі. Осы тектес мазмұндағы кейбір хикаялар да «хикмет», «хикметнама» аталған. Демек, Йасауи хикметтері тудырған ассоциация ел санасында «Тәңірлік тағылым», «тылсым даналық», «құдіретті сыр», «ғибратты тартыс» ұғымдарымен баламаланған. Мұның өзі сопы ақын хикметтерінің көп қабатты, астарлы мән-мазмұнын қабылдаушы көпшіліктің терең түйсіне білгенін аңғартады.
2. Хикмет жанры аясына Йасауи кіріктірген екінші бір Шығыстық жанр мінәжат болып табылады. «Түркі әдебиетіне мінәжат Қожа Ахмет Йасауимен келді» дей отырып, әдебиет зерттеушісі, ғалым И.Жеменей парсы әдебиетінде «мінәжәт» сөзінің бес мағынасы бар екендігін көрсетеді: 1. Біреумен сырласу, сыбырласу. 2. Алламен сырласу. 3. Біреудің ішкі ойын ұғыну. 4. Сырласу. 5. Алладан тілеу[6]. Йасауи мінәжаты негізінен Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, баз бір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. «Мінәжат» атауымен берілген Йасауидің жеке хикметі мазмұн тұрғысынан да, пішіні (аруздық) жөнінен де араб-парсылық қалыбын көбірек сақтаған. Ақынның бірқатар хикметтерінің құрамында келетін Аллаға жалбарыну мәніндегі шумақтарды да өз кезегінде мінәжаттар ретінде қабылдауға болады.
Кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәнді тіркестер, шумақтар мен арнаулар төл әдебиетімізге де жат емес. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Фольклордағы полистадиялық құбылысына негіздеп, исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде оларда «Диуани хикметпен» өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Зерттеуші А.Ахметбек Йасауидің «Мінәжатын» хикметтердің алғысөзі әрі «бір тақырып айналасына құрылған нақыл сөздердің жиынтығы» ретінде бағалайды[7]. Йасауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады.
3. Мадақ үлгісіндегі хикметтер – Йасауи туындыларында қамтылған және бір жанрлық түрдің көрсеткіші. Пайда болу кезеңі жөнінен исламға дейінгі араб поэзиясында қалыптасқан мадх (мадақ) жанры мен көне түркі жазба ескерткіштерінде көрініс беретін мадақ жырлары дәуірлес деуге болады. Араб мадхы қасиданың негізгі бөлігі ретінде танылып, жеке тұлғаларды дәріптеуге құрылған. Кей тұста жоқтау жырлары (марсийа) да дүниеден өткен адамның ізгі қасиеттерін дәріптей отырып, мадхпен астасады. Исламның таралу дәуірінен бастап Мұхаммед пайғамбарға арнап жазылған мадхтар «нағыт» аталып, жеке жанрды құраған.
Төл әдебиетіміздегі Күлтегін жазбалары да түркінің даңқты қағанының жорық жолдарын, ерлік күресін баяндай отырып, оған жазылған мадақ әрі жоқтау болуымен ерекшеленеді. Тоныкөк жазуы – қағанаттың тасқа басылған тарихы, қаһарман ерлерге арналған мадақ жыры. Тәңірлік таным тұсындағы туынды – көне түркі жазба ескерткіштерінде сондай-ақ Жаратушыны ұлықтау, мадақ ету сарыны да айқын. Фольклордың ірі және шағын жанрларында мадақ Аллаға да, адамға да, жанды-жансыз бен тылсым күш иелеріне де қатысты қолданылады. Йасауиге дейінгі түркі жазба әдебиетінде мадақ бәйіттер Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында кездеседі.
Йасауидің мадақ хикметтері Мұхаммед пайғамбарға және төрт шадиярға, тариқат жолындағы дәруіштерге, ғаріптер мен ғашықтарға арналған. Араб поэзиясындағы мадх әдетте моноримдік ұйқасқа негізделеді. Йасауи мадағының ұйқас суреті мен құрылымдық сипаты әр алуан. Араб мадх, нағыттары мадақталушының сыртқы сипатына, бастан кешкен жайттарына көбірек көңіл бөлсе, Йасауи өз кейіпкерлерінің ішкі күйін, жан сезімдерін, ізгі қасиеттерін суреттеп, психологиясын тереңдете ашуға бейім. Ақын мадақтарының толғаулық сипаты басым болуы сондықтан. Йасауи мадақтарының төл әдебиетіміздің бұрынғы-соңғы арнау, мадақ үлгісіндегі туындыларымен түбірлі байланыстарына мысалдар ұшан-теңіз. Йасауи хикметтеріндегі мадақ шығу тегі жөнінен түркілік негізбен тығыз байланысты болса, тақырыптық тұрғыдан ислам сопылық әдебиетінің үрдісін көбірек ұстанды деуге болады.
4. Ғазал – Йасауи поэзиясының түркі әдебиетіне әкелген үлкен жаңалығы. Шығу тегі жағынан ғазал – араб поэзиясының жемісі. Махаббат машақаттары жайлы ұзыннан-ұзақ толғау ретінде жазылатын араб ғазалдары көлемділігімен және пішін кемелдігімен ерекшеленеді. Парсы поэзиясында ғазалдың көрініс беруі Х ғасырдағы Рудаки шығармашылығынан байқалады. Классик ақын туындыларын зерттеген ғалымдар оны парсы-тәжік ғазалының падишасы ретінде бағалайды. Көрнекті шығыстанушы Е.Э.Бертельстің тұжырымына сүйенсек, ғазалды парсылар араб поэзиясынан дайын күйінде ала отырып, өз қажеттіліктеріне икемдеп пайдаланған[8].
Түркі поэзиясындағы өлең түрі және жанр ретіндегі ғазалдың бастауында Қожа Ахмет Йасауи хикметтері тұр. Арузға негізделген таза күйіндегі ғазал Йасауиге дейінгі жазба әдебиеттің отандық ғылымға белгілі ешбір үлгісінде кездеспейді. Құрылымы жағынан ғазал қостармақ-бәйіттерден құралып, аа ба ва га ұйқасына негізделеді. Йасауи хикметтері арасынан ғазалдың көлемі мен құрамына қатысты талаптарға сай жазылған көптеген үлгілерді кездестіреміз. Парсы ақындарынан айырмасы Жаратушыға деген ғашықтықты жыр еткен түрік машайығы өз хикметтеріне жеруани махаббат элементтерін (мысалы, ғашық жардың портретін жасау) қоспайды.
Йасауи түркі поэзиясына жанр ретіндегі де, өлең түрі ретіндегі ғазалды да алып келді. Ақын жанр ретіндегі ғазалды табиғи араб-парсылық тұрақты өлшем-талаптарымен қолдана отырып, түркі поэзиясындағы ғазалдың классикалық үлгісін жасаса, екінші жағынан жанрды трансформациялап, тақырыптық-идеялық тінін, көркемдік құралдарын түркілік төл өлшемдерге пайдалану арқылы түркі өлеңінің лиризмін күшейтті. Түркіше ғазалдары арқылы Йасауи ұлт әдебиетіне алғашқы болып «ғашықтық» ұғымын енгізіп, түркі поэзиясына Тәңірлік махаббат тақырыбын алып келді, төл әдебиетіміздің тарихындағы толық мәніндегі тұңғыш автопсихологиялық лирикалық кейіпкерді сомдады.
6. Йасауи хикметтерінде көрініс тапқан дәстүрлі жанрлардың бірі – айтыс. Фольклор мұраларының ең ертедегі үлгілерінде кездесетін айтыс жанры түркілік ділдің төлтумасы болып саналады. Жазба әдебиетіміздің ежелгі үлгілерінің өзінде айтыстың көркем де кемел үлгілері кездеседі. Махмұт Қашқари құрастырған «Түркі тілінің сөздігіндегі» «Жаз бен қыстың айтысы» – қалыптасқан дәстүрдің толымды жемісі. Ж.Баласағұнның «Құтты білігіндегі» басты кейіпкерлердің ой-тартысы сана сұхбаты ретінде берілгенімен, өз кезегінде ол да ақиқатқа апарар сөз сайысы – айтыстың әсерімен туындағаны сөзсіз. Көлемді де кең өрісті дастанның бастан-аяқ ой жарысын өзек етуі көне дәуірлерден тамыр тартатын далалық дәстүрдің бай тәжірибесінің нәтижесінде жүзеге асқан деуге болады.
«Диуани хикметте» айтыс үлгісі бейіш пен тозақтың айтысы ретінде көрініс тапқан (30-хикмет). Ислам дінінің құндылықтарын насихаттап отырған ақын түркі тілдерінде бұған дейін Тәңірлік сенімге қатысты қолданылып келген «ұжмақ» және «тамұқ» атауларын емес, түбірі парсылық болғанымен, исламдық ұғым ретінде қалыптасқан «бейіш» және «тозақ» сөздерін пайдаланған.
14 буынды тармақтардан тұратын айтыстың жалпы құрылымы ғазалға сәйкес келгенімен, бірқатар ерекшеліктері де бар. Аа ба ва га үлгісімен әрбір жұп тармағы ұйқасатын хикметтің тақ тармақтарында айтысқа тән қайталама тіркестің («менде бар») қолданылуы өзіндік үйлесім түзгендіктен, шалыс ұйқасқа бейімділік байқалады. Ішінара кездесетін ішкі ұйқас, тармақ ішінде 7 буыннан кейін интонацияның бәсеңдеуі секілді құбылыстар да түркілік буындық жүйенің айқын әсерін аңғартады. Аталған ерекшеліктер айтыс үлгісіндегі хикметті ақынның өзге туындыларынан даралап тұрады.
7. «Хикмет» ұғымымен қатар кей тұстарда Йасауи өз туындыларына қатысты «дастан» атауын да қолданады. Бұл негізінен сюжетті хикметтерге қатысты болып келеді. Өлеңдік пішіні – буындық өлшеммен жазылған 12 буынды, төрт тармақты шумақтар.
«Дастан» сөзінің түбірі парсылық болғанымен, түркі халықтарына ерте сіңіп, кең қолданылып, етене таныс ұғымға айналған. «Тоқсан тоққыз мың хикмат айтыб, дастан қылды», «Менің хикметтерім әлемде дастан» секілді жолдардан Йасауи ақынның дастан жанрының өріс-шеңберін, ұғымның қолданылу аясын жете түсінгені, оны көлемді, оқиғалы, ел аузында кеңінен тараған туынды мазмұнына қатысты қолданып отырғаны аңғарылады. Түркі халықтары жазба әдебиетіндегі алғашқы «Ғұмырнама» мен діни дастандар Йасауи қаламына тиесілі.
Түркі әдебиетін тақырыптық тұрғыдан ерекше байытқан Йасауи ақын тудырған дастандар сопылық тақырыбын негізгі арқау ете отырып, халық фольклоры үлгісімен жазылған. Дәстүрлі жанр ретіндегі ерекшеліктерін, өлең құрылымын сақтай отырып, жаңа көркемдік құралдармен көмкере білген сопы ақынның рухани кемелдікке ұласу, Хақпен бірігу жолындағы ғашық құлдың тартқан тауқыметін баяндайтын, тариқат әулиелерінің тағдыр-талайын, көрсеткен кереметтерін бейнелейтін, Мұхаммед пайғамбардың жеті қат көктен өтіп, Алламен тілдескен Миғраж оқиғасын сипаттайтын тағылымды дастандары өзінен кейінгі түркі халықтары әдебиетінде діни қисса-дастандардың, ғұмырнамалар мен ғашықтық дастандардың кеңінен өрістеуіне маңызды әсер етті.
8. Йасауи хикметтерінің жанрлық ерекшеліктеріне біршама тоқталған бірден-бір автор А.Шарипов ақынның төрт тармақты өлеңдерін мураббағ жанрлық түріне жатқызады[9]. Бұл пікірге қосылу қиын. Мураббағ – араб-парсы поэтикасына тән өлеңдік пішін болып табылады, төрт тармақты шумақтардан түзіледі, тақырыптық аясы шектелмейді. Ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуші бірқатар ғалымдар төрттік өлең пішінінің түркі халықтарына тән байырғы түр екенін ескермей, оны бірыңғай мураббағ үлгісі ретінде қарастырып, жат әдебиет жанрына телуге бейім.
Шын мәнінде Йасауи хикметтері тек шумаққа негізделуі жағынан ғана емес, бунақтық ішкі құрылымы мен ұйқас ерекшелігі жөнінен де таза түркілік буындық жүйеге тән сипаттарға ие. Төрт тармақты өлең құрылымының төл әдебиетімізде Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығына дейін де бірнеше ғасырлық тарихы болған. Ұйқас ерекшелігіне келсек, Йасауи хикметтерінің алғашқы шумағы әдетте шалыс (абаб), кезектес (абвб) немесе бірыңғай (аааа) ұйқасқа құрылады да, басқа барлық шумақтары бір ғана аааб ұйқасына негізделеді. Аталған ұйқас түрлерінің кез келгеніне көне жәдігерліктерден көптеп мысалдар келтіре аламыз. Йасауи хикметтеріндегі төрт тармақты шумақтар буындық жүйеде дамыған көне түркілік поэзияның заңды жалғасы болып табылады.
Сондықтан араб-парсы поэтикасына тән жанрлық-құрылымдық ерекшеліктерді аңдататын «мураббағ» терминін «шумақ» ұғымының орнына қолданудың қай тұрғыдан алғанда да негізі жоқ. Төрт тармақты құрылым − «Диуани хикметтегі» әмбебап мазмұнды өлшем: ақын барлық негізгі идеяларын осы өлшемдегі жырлары арқылы өрнектейді. Хикметтердің өн бойын көктей өтіп жатқан Аллаға ғашықтық зары, сопылық сыр-сезімдер, уағыз бен насихат, мінәжат пен мадақ, тіпті оқиғалы дастандар да төрт тармақты хикметтерде көрініс тапқан. Көне жырларда қасаңдау көрінетін төрттік шумақтарға Йасауи хикметтерінде ерекше лиризм дарытылған, ой мен сезім, оқиға мен сурет қатар қамтылған. Хикмет ілімінің негіздері, хикмет жанры төрттік-шумақтар арқылы − түркілік төл құрылым арқылы өрнектелген. Демек, төрттіктер − хикмет жанрының негізгі өлеңдік пішіні болып табылады.
Араб-парсы поэзиясындағы бірқатар өміршең жанрларды ұлт әдебиетіне трансформациялап, көне дәуірден келе жатқан түркілік төл поэзияның жанрлық түрлерімен синтездей отырып, Қожа Ахмет Йасауи бірегей үлгідегі хикмет жанрын қалыптастырды және өзінің жемісті шығармашылығы нәтижесінде біршама тұрақтандырды. Дегенмен хикмет жанрының Йасауи кезеңі негізінен ілкі кезең болып саналатындықтан, ақын туындыларының басым бөлігіне синкретті сипат тән болуы – заңды құбылыс. Әдеби үдерісте жанрлардың өзара тығыз байланыста, үздіксіз әсерлесуде болатындығы да қалыптасу кезеңіндегі жанрдың синкретті сипат алуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.
Түркі сопылық тариқатының идеясын таратуға бағытталған, тыңдаушысын Хақ жолының әдебімен, сопылық ілімнің негіздерімен таныстыруды көздеген, көркем мінез-құлықты ұстын етіп, рухани кемелдікке ұмтылуды насихаттаған хикмет жанры бір мезгілде идеологиялық, танымдық әрі тәрбиелік қызмет атқарды. Қым-қиғаш қантөгіс соғыстар мен идеологиялық қақтығыстар өлкенің әлеуметтік-экономикалық жай-күйін кері кетіріп, рухани-мәдени келбетін барынша шұбарлаған шақта замана қысымымен, текті таланттың тегеурінімен дүниеге келген хикмет жанрының көп функциялы, көп қырлы сипатта қалыптасуы тарихи жағдайлар әзірлеген алғышарттармен байланысты болды. «Дидактикалық сипаттағы синкретті жанр», «лирикалық реңкі бар үгіт-насихаттық жанр» деген анықтамалар (А.Шарипов) хикмет жанрының осындай күрделі табиғатын танытады.
Түркі халықтары әдебиетінің төлтумасы деуге әбден лайықты аталмыш жанр осы әдебиет аясында сегіз ғасырлық даму жолын өткерді, «хикмет дәстүрі» деп аталатын біртұтас ақындық мектептің негізгі жанры ретінде орнықты.Түркі поэзиясындағы ұлы синтездің нәтижесі болып табылатын хикмет жанры өз кезегінде үлт әдебиетіндегі бірқатар жанрлардың бастау көзі қызметін де атқарды.
Сөз соңын бейнелей түйіндер болсақ, Йасауи поэзиясы түркі халықтарының ортағасырлық әдебиетінің орталық нүктесі болып табылады. Барлық жолдар сонда түйіседі және содан тарайды.
Айнұр Әбдірәсілқызы
ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен
байланыс және дінтану сараптамасы
басқармасының бастығы, филология
ғылымдарының кандидаты
[1] Қасқабасов С. Жаназық. – Астана: Аударма, 2002. 11б.
[2] Стеблева И.В. Введение // Теория жанров литератур Востока. – Москва: Наука, 1985. 8 с.
[3] Шарипов А.М. Зарождение системы стихотворных жанров. – Казань: Издательство Казанского
университета, 2001. 6с.
[4] Боровков А.К. Очерки по истории узбекского языка /Определение языка хикматов Ахмада Ясеви) /
Советское востоковедение. Т 5. – М-Л, 1948. 236 б.
[5] Шарипов А.М. Зарождение системы стихотворных жанров. – Казань: Издательство Казанского
университета, 2001. 307с.
[6] Жеменей И. Мінәжат – «Тарихи Рашиди» еңбегінде // Ақиқат, № 4, 165-177б.
[7] Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи. – Алматы: Санат, 1998. 85б.
[8] Бертельс Е.Э. Избр. труды. Т. ІІ. Суфизм и суфийская литература. –Москва: Наука, 1965. 64с.
[9]Шарипов А.М. Зарождение системы стихотворных жанров. – Казань: Издательство Казанского
университета, 2001. 233с.