Қай халықтың ұлттық ерекшелігі, мәдениеті, діні мен дәстүрі болмасын, олардың барлығын сол халыққа қатысты қолжазба мұралардан танып білуге мүмкіндік бар. Ол, ең алдымен, сол кезеңдегі түрлі жағдайларды, оқиғаларды көрсетумен бірге сол кезеңде қалыптасқан қоғамдық сананы, дүниетанымды аңғарта алады.
Көне қолжазбалар өзінің түп тамырын бағзы бастаулардан тартатын халықтардың, ұлттардың барлығының қорында түгел дерлік ұшырасады. Әсіресе тұтас бір дәуірге, кезеңге созылатын ұлттық сананың жаңғыруы, діни-рухани өрлеу сияқты қуатты құбылыстардың мәнін, маңызын айшықтайтын көне қолжазбалардың бүгінгі таңда зерттелуі қажеттілікті тудыратын іс болмақ.
Жалпы қолжазбаларды зерттеу неліктен қажет деген сұрақ туындайды. Біріншіден, жаһандану заманында ұлттық мәдениеттер мен әлемдік өркениеттердің шарпысуы кезінде өткенін ұмытпайтын, асыл тегінен нәр алып, дәстүрлі жолын дүниетаным діңгегіне айналдырған халықтар ғана өзінің шынайы болмысын сақтап қала алады.
Ал мұндай басымдылыққа ие емес халықтар жер бетінде қалмайды, басқа жат мәдениеттердің ықпалына түсіп, негізгі құндылықтарын бөгде құндылықтарға айырбастауға мәжбүр болады. Екіншіден, қолжазбалардағы деректер арқылы халық өткен тарихын біліп қана қоймайды, оны жетілдіріп, өзі өмір сүріп отырған уақыттың талабына сәйкестендіріп, дамудың тұғырына айналдыра алады. Осы айтылған ерекшеліктердің бүгінгі Қазақстандағы діни-рухани ізденістер мен зерттеулердің жаңа салаларының қалыптасуы үшін тиімділігі барынша сезіліп отыр. Алайда тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан аса уақыт өтсе де, рухани мұраларымызды іздеуге, зерттеуге деген талпыныс көңіл қуантарлық деңгейде болмай тұр.
Мұның өзі «Сананың құлдықтан босауы» деп аталатын процестің жүруімен байланысты екендігі анық. Төл қолжазбалардағы деректерге, сонымен қатар халықтың тарихи санасында сақталған мәліметтерге емес, сырт елдің өзімізге қатысты берген бағасына жүгінетін дертіміз жөнінде тарихшы З.Жандарбек тереңінен талдай келе, былай деп қынжылыс білдіреді: «Қазақ халқының тарихына қайта талдау жасау үшін, халықтың тарихи жадты сақтау дәстүрі, атап айтқанда: шежірелер, жыр-дастандар, аңыз-әпсаналар, әулиелі жерлер туралы аңыздар, киелі тарихтар тарихи дерек көздері ретінде толығымен пайдаланылуы тиіс. өйткені, халық өз тарихын кұні кешеге дейін сол ауызша тараған шежірелер мен аңыз-әпсаналарды келешек ұрпаққа жеткізіп отырды.
Халық өзінің өткен тарихын сол халықтың тарихи жадты сақтау дәстүрі арқылы танып білді: Олардағы айтылған мәліметтерді шын тарихымыз деп ұғынды, сол рухта тәрбиеленді. Ал, бұгінгі тарих сол халықтың өзінің ғасырлар бойына қалыптасқан тарихи жадын есепке алмай отыр» [1, 5 б.]. Демек, бұл біздің қолжазбалармен қатар тағы бір байлығымыз – халықтың ауызша дерек жеткізу қасиеті бар екендігінен хабардар етеді. Дегенмен біздің мақалада сөз ететініміз – қазақ даласындағы діни сабақтастықты танытатын қолжазбалар болмақ.
Түркі-ислам өркениетінің Темірқазығына айналған қазақ даласындағы даналық дәстүрі, ойшылдық үрдісі, шартты түрде алғанда, IX ғасырдан басталып, өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін жалғасып келді. Осы уақыт аралығында қаншама ғұламалар, дін ғалымдары, діни дәреже бойынша барлық құрметті атақты иеленген тұлғалар өмір кешті. Олардың ғұмырлық мүдделері мен мақсаттары шынайылыққа негізделген, яғни Ақиқатты іздеуге деген талпыныстан тұрады. Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Данышманд Зарнұқи, Хусамеддин Сығнақи т.б. сынды араб-парсы-түркі үштігін құрайтын орасан зор діни-рухани кеңістіктің бай, сарқылмас мәдениетінен емін-еркін пайдалана отырып, діннің өшпейтін, өзгермейтін моральдық қазыналарын келер ұрпаққа қалдырған ғұламалардың төлтума еңбектерін, немесе олардың ұстанымдарына, ойларына, мектептеріне қатысты қолжазбаларды сараптай келе, байырғы асыл тегімізді танытатын еңбектер екеніне көз жеткіземіз.
Арабтардың жаулап алу әрекеттері Орта Азияның дәстүрлі мәдениетіне ықпал еткенімен, жергілікті мәдениеттің кейбір элементтері толық жойылып кетпеді. Ислам жергілікті халықтың көне әдет-ғұрыптарымен бірігіп, осы аймақтағы әлеуметтік қарым-қатынастарға бейімделіп, олармен толық үндесе білді. Нәтижеде Орта Азия халықтарының этникалық ерекшеліктеріне қаныққан өзіндік діни түсініктері қалыптасты. Ал, оның қалыптасуында А. Ясауи мен оның ізбасарларының рөлі үлкен болатын. Ясауи ілімі мен шығармашылығы түркі халықтары рухани мәдениетінің барлық саласында – әдебиетінде, тарихында, салт-дәстүрінде, дүниетанымында, ойлау жүйесінде өзіндік із қалдырды. Сондықтан ойшыл ақын мұрасын зерттеп-зерделеу ұлтымыздың төл болмысын, түп негізін тану болып табылады.
Қазіргі таңда Ясауи мұрасы философиялық, тарихи, әдеби, мәдениеттанушылық, этнопедагогикалық, тілдік тұрғыдан зерттеу нысанына айналуда. Қожа Ахмет Ясауи есімін тарихта қалдырған әрі оның сопылық ілімінен хабар беретін негізгі дерек көзі – «Диуани хикмет» атты поэзиялық туындысы болғандықтан, отандық ғылымда ақын шығармашылығы өзге қырынан гөрі әдеби тұрғыдан көбірек зерттелді. «Диуани хикмет» шығармасының мәтіні біздің дәуірімізге дейін сегіз ғасырдан астам уақыттың сүзгісінен өтті. Туындының ғылымға белгілі ең көне қолжазбасы ХVII ғасырға тән деп есептеледі.
Түркілер арасында рухани-мәдени өрлеудің негізін салып берген ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «хәл» ілімі, «хикмет» дәстүрі жөнінде талай зерттеулер, сол кездің өзінде қолжазбалар жазылды. Ясауитанушы ғалым Д.Кенжетайдың айтуы бойынша «Осындай рухани мұраның басында күллі түркі әлемінің пірі Қожа Ахмет Ясауи және оның ілімі, мәдениеті мен жолы тұр.
Ясауи және оның мұрасын жан-жақты зерттеу объектісі ретінде таңдаған иасауитану саласы да өткен дәуірдің тегеурінімен сол уақыт пен кеңістіктің қажет деп тапқан қырларымен танылды және танытылды. Ясауитану өзіндік болмысы мен табиғатының ақиқатын жан-жақты танырлық мүмкіндікке тәуелсіздіктен кейін қол жеткізді. Бүгін Ясауитану мәселесі зерттеушілерінің саны мен сапасы жағынан едәуір дамуда» [2, 3]. Бұл пікір Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен оның ілімі жайлы мағлұматтарды тереңірек қамтып, зерттеу аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қожа Ахмет Ясауи жолының ерекшеліктерінен, дәстүрлерінен хабардар ететін ескі қолжазбалардың бірі – Мұхаммед Молла Шарифтің «Хужжат-уз закирин» атты еңбегі. Өкінішке орай, ол туралы мәліметтер тым тапшы. Тек кейбір еңбектерде ғана ол туралы жекелеген деректер ұшырасып отырады. Мәселен, З.В.Тоғанның: “Молла Шариф өзінің “Хужжат –уз Закирин” атты еңбегін жазарда “…фақихтердің мәшһүрі Имам Хусамеддин Сығнақидің “Қожа Суфи Данышменди туралы рисаласын” пайдаланған [3, 527] ” дейді. Демек, Мұхаммед Шариф те “Хужжат-уз Закирин” атты трактаттарын жазарда Сығнақидің рисаласын басшылыққа алған [4, ІІІ, 73-81]. Яғни, Қожа Ахмет Иасауидің өмірі мен тұлғасына қатысты өте маңызды аңыз-деректердің хатқа түсуі тұңғыш рет осы еңбектен басталған деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар Шайх Худайдад есімді XVIII ғасырда өмір сүрген сопылық жол өкілінің де «Бустан ал-мухиббин» еңбегінде Ясауи іліміндегі дәстүрлердің маңызы сараланады.
«Бустан ал-мухиббин» – «Ғашықтардың бақшасы», яғни Аллаға ғашықтардың бақшасы дегенді білдіреді. Авторы Шайх Худайдад ибн Таш-Мухаммад ал-Бухари (р.ғ.) шамамен, XIX ғ.басында қайтыс болған. Оның бұл шығармасы 1782 жылдарға дейін жазылған. Шығыстанушы ғалым Б.М.Бабаджанов мырза бұл қолжазбаның «қазіргі уақытта оның Германияда басылып шығып, алғаш рет зерттеліп каталогте мұқият көрсетілген екі тізімі ғана белгілі» деп атап көрсетсе, осы жақында «Әзірет Сұлтан» мұражайының қолжазба қоры үшінші тізімін қолға түсіріп отыр.
Қазіргі күнде бұл қолжазбалардың алдыңғы екеуі зерттеліп, Б.М. Бабажанов пен М.Т.Қадырованың түпнұсқадан баспаға дайындауымен 2006 жылы Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және ӨР ҒА, Ә.Р.Беруни атындағы Шығыстану институты және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жәрдем қорына қарасты Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығының мұрындық болуымен кітап болып жарық көрген. Ұсынылып тұрған бұл шығармада Шайх Худайдад, есімін көрсетпей, өзін, тек «Жинақтаушы» (Жами) деп қана атайды. Бустан ал-мухиббин шығармасының авторы ретінде ол араб тіліндегі басқа Бахр ал- улум / Шарх Иршад ал- муридин (1196 рамазан айында / 1782 ж. тамыз-қыркүйек) шығармасында өз есімін көрсетеді.
«Мұнда, бастауыш және тәжірибелі әдептердің психо-физикалық күйі, зікірдің формалары мен түрлері, т.б. мәселелер және ең алдымен, саны жағынан айтарлықтай мол спецификалық ғұрыптар мен оларға қатысты терминдері бар көптеген «теориялық негіздерді» кездестіреміз. Алайда автор, жиі-жиі, өз деректерін жеке зерттеуді қажет ететін басқа дерек көздерінен алып отырады» [5, 8]. Бірақ, Шайх Худайдадттың бауырластықтың тарихы, оның атақты шейхтары туралы бірде-бір деректер келтірмейтіні бірден көзге түседі.
Ол, жергілікті сопылық авторлардың еңбектеріне сирек сүйенеді, және өзіне дейінгі жергілікті авторлардың қаламынан шыққан белгілі Ясауилік әдебиеттерге болса мүлдем сілтеме жасамайды. Ал, шындығында оған дейін ‘Алим шайхтың (1626 жылы біткен) «Ламахат мин нафахат ал-кудс» немесе, айталық автордың өмір сүрген заманына тіпті жақын Мухаммад-Маулана Шарифтың (1699 ж.) «Худжат аз-закирин» шығармалары жарық көрген болатын. Және керісінше, Маураннахардан тыс аймақтарда жазылған (әрі сопылық, әрі фикх мәселелері) әдебиеттерге (әсіресе ертеректегілеріне) жиі сілтеме жасайды. Бұл жағдайды тек аталмыш еңбектің мысалында ғана емес, Шайх Худайдадтың біздің заманға жеткен басқа шығармаларынан да байқай аламыз. Осы сияқты басқа да шығармалар кезінде қарапайым халыққа рухани ілімнің қыр-сырын түсіндіруде басшылыққа алынып, ғалымдар сопылық ілімнің жолын, әдебін жұртшылыққа кеңінен түсіндіру үшін өте көп еңбектенген.
Атап айтқанда, аталған еңбектердің барлығы Ясауи жолының ұмытылып бара жатқан дәстүрлерін моральдық тұрғыдан пайдалануымыз үшін өте қажетті болып табылады. Олардың ішінде айтылған құнды тұжырымдарды, пікірлерді бүгінгі күннің қажеттілігіне тұтынудың жемісі мол болмағы сөзсіз. Қорытындылай келгенде айтарымыз, Қожа Ахмет Ясауи ілімінен, рухани мұраларынан хабардар ететін жазба деректерді ғылыми айналымға қосу – осы салада зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың барлығына тиесілі міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер :
1. Жандарбек З.З. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақының «Насаб-намасы» – түріктердің VIII-ХІІ ғасырлардағы тарихы жөнінде. Тар.ғыл.канд.ғыл.дәр.алу үшін жазылған диссертация. – Алматы, 2000.
2. Кенжетаев Д.Т. Қожа Ахмет Ясауи философиясы және оның түркі дүниетанымы тарихындағы орны. Фил.ғыл.док.ғыл.дәр алу үшін жазылған диссертация. – Алматы, 2007.
3. Toğan Z.V. Yesevіlіğe Daіr Yenі Malumat. “Fuat Köprülü Armağanı”. İstanbul. 1953.
4. Tosun N., Ahmed Yesevі’nіn Menakіbі. ІLAm Araştırma Dergіsі C.ІІІ, Sayı.1 (Ocak-Hazіran 1998).
5. Жүнісбаев Ұ. Бустан ал-мухиббин еңбегі. Түркістан газеті. Әзірет Сұлтан қосымшасы. 2010. №10.
Әділбек ШАФИҚ,
қорық-мұражайдың қызметкері