Орал тумасы Райяна Акдавлетова – бүгінде ережесіз жекпе-жекте топ жарып жүрген қазақстандық ару. 17 жасында чемпион атанып үлгерген ол сайыстарға хиджаб киіп шығып, желіде танымал болды. Спортшы қыз жолындағы кедергілері мен жетістікке қалай жеткенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Мектепті биыл ғана бітірген Райяна жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 70,3 кг дәрежесінде алтын иеленген. Бастапқыда өзін-өзін қорғай білуді үйрену мақсатында спортқа бет бұрған бойжеткен енді спортзалдан шыққысы келмейтінін айтады.
“Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туып өстім. Жасым 17-де. Спортта жүргеніме 4 жылдай уақыт болды. Ал ережесіз жекпе-жекке келгеніме небәрі жарты жыл болды. ММА спортына ұзақ жолмен келдім. Алдымен таеквондомен айналыстым, содан соң тай боксына көштім. Тіпті кикбоксингті қолға алған кезім болды. Міне, осы спорт түрлерін меңгергеннен кейін ғана ММА-мен айналыса бастадым. Аралас жекпе-жек күреске ұқсағандықтан және қазіргі таңдағы ең танымал спорт түрі болғандықтан таңдадым. Сонымен қатар қазір елімізде ММА дамып жатыр. Осы үш жылдың ішінде біраз жүлдеге ие болдым. Әлем бойынша МАА-дан жасөспірімдер арасында алғаш рет чемпион атандым. Панкратионнан Қазақстан чемпионы және түрлі турнирлердің чемпионымын”, – дейді спортшы.