Карантин кезінде басқа да аурудың түрлерімен ауырып қалған науқастар ауруханаға барып, дәрігерлерден кеңес алудан үрейленіп отыр. Осындай жандардың ауыр жүгін жеңілдететін пациенттер мен дәрігерлердің 1430.kz деп аталатын онлайн-алаң ашылған.
Аталған қосымшаның қалай жұмыс жасап жатқандығы жөнінде KAZISLAM порталына 1430.kz жобасының негізін қалаушы – Бахтыбаев Жандос Құрманғалиұлы айтып берді.
Жандос мырзаның пікірінше, сервистің ең басты артықшылығы – елімізде жарияланған карантинге байланысты тұрғындар емханаға бармастан дәрігердің кеңесін онлайн түрде алу мүмкіндігі. Сондай-ақ кезекте тұру, жолға уақыт үнемдеу сияқты басқа да пайдалы тұстары бар.
«1430.kz сервисі пациенттер мен дәрігерлерге арналған онлайн-алаң. Бүгінгі таңда цифрландыру барлық дерлік салаларды қамти бастады. Медицина саласы да бұдан қалыс қалған жоқ. Әлемде, соның ішінде, елімізде орын алған соңғы жағдайларға байланысты цифрландырудың маңызы орасан зор.
1430.kz сервисі осы жылдың басынан бастап қызмет етуде. Қазіргі уақытта біздің сервиске 700-ден астам дәрігер тіркелді»,-дейді Жандос Құрманғалиұлы.
Бұл жобаның құрастырушысы төтенше жағдай кезінде қызмет алғысы келетін тұтынушылардың саны да күн сайын артып келетінін айтады. Яғни, адам денсаулығының қалыпты болуына, сондай-ақ тиісті ем-шараны уақтылы алуға таптырмайтын құралдардың бірі.
«Дәрігердің біліктілігі, санаты, көрсетілетін қызметтің бағасы және басқа да толық ақпарат 1430.kz парақшасында көрсетілген. Яғни кез келген тұрғын өзіне қажетті дәрігер-маманды бізге тіркелу арқылы таңдай алады.
Онлайн-кеңес алғаннан кейін пациенттер сол дәрігердің жеке қабылдауына да жазылу мүмкіндігіне ие. Және де айта кететін жайт, көрсетілген қызметтің ақысы «тікелей дәрігерлерге төленеді,-дейді Жандос Құрманғалиұлы.
Сондай-ақ 1430.kz арқылы өз пациенттерін қабылдап жатқан National Medical Park клиникасының жалпы тәжірибелі дәрігері Нурбаева Анар Болатқызы аталған қосымшамен қалай жұмыс жасап жатқандығын айтып берді.
– Бұл 1430.kz медициналық порталы ашылысымен алғашқы дәрігерлердің бірі болып тіркелгенмін. Сайт арқылы жұмыс жасап жатқаныма үш ай көлемінде болды. Бастапқыда бұл сайтты бос уақытымда не болмаса демалыс күндері өз пациенттерімді қабылдау үшін қосқанмын.
Мысалы, 8-ден 2-ге дейін, өзіме ыңғайлы бір аралықты таңдаймын. Сол аралыққа науқастар өздері жазылады. Сондай-ақ кім жазылғандығы жайлы ұялы телефоныма хабарлама келеді,-дейді маман.
Дәрігердің сөзінше, пациенттерді видеоқоңырау арқылы көруге мүмкіндік бар. Компьютерде электронды түрде әр емделушінің жеке картасы болады, онда оның сырқатнамасын көруге болады. Яғни, соңғы рет қашан дәрігерге қаралғандығы, қандай аурулармен ауырғандығы және қандай талдаулар тапсырғандығы жөнінде білуге болады.
– Қазіргі төтенше жағдайға байланысты, пациенттер үш есе көбейіп кетті, бұрын 3-4 адам ғана жазылса, қазір 16-20 адамға дейін жазылады. Оларға таңнан кешке дейінгі уақытқа арнайы кесте жасалып қойған, сондай-ақ тегін көмек көрсетемін.
Ал карантинге дейін ақылы түрде қабылдайтынмын. Онда да халықтың қалтасына ауыр болмайтындай бағаларды қойдым. Бұл жобаның бір артықшылығы – Қазақстанның кез келген өңірінен сырқаттанып қалған науқас хабарласа алады,-дейді дәрігер.
Ал осы қосымшаны пайдаланып жүрген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Әйгерім сайт арқылы қалай дәрігерден кеңес алуға болатындығын айтты. Оның сөзінше, бұл қосымша туралы карантин кезінде естіген.
«Қазір коронавирустың әлем бойынша таралып, қанша адамның өмірін алып кеткендігі менің де жаныма батады. Отбасым үшін, кішкентай балапандарым үшін қатты алаңдаймын. Жақында кішкентай балам кішкене тұмаулатып қалды. Ауруханаға апаруға қорықтым.
Сосын бұл сайт жөнінде құрбым арқылы естіп, қуанып кеттім. Тіркелу де қиындық соқтырмайды екен, дәрігерлерге де жақын уақытқа жазылуға болады. Балама тиісті ем-шараны тағайындағаннан кейін, балам ауруынан айығып кетті. Осындай сервистің бар екеніне рақмет», -дейді Әйгерім.
Осы қосымшаны ойлап тапқан Жандос Құрманғалиұлы бүгінгі күндегі еліміздің басына төнген ауыр жағдайда, Қазақстанның барлық дәрігерлерін карантинге байланысты біздің сервис арқылы тұрғындарға тегін медициналық кеңес беруге шақыратындығын жеткізеді. Қазіргі таңда бұл дәрігер мен тұрғындардың арасында байланыс орнатудың ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілі екендігін айтады.
Айта кетсек, бұл атышулы індетпен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 168 адам, Алматы қаласында – 73 адам, Қарағанды облысында – 13 адам, Ақмола облысында – 9 адам, Атырау облысы – 12 адам, Жамбыл облысында -3 адам, Шымкент қаласында – 2 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 2 адам, Алматы облысында – 8 адам, Ақтөбе облысында – 2 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, Павлодар облысында – 1 адам, Маңғыстау облысында – 1 адам, Қызылорда облысында – 5 адам, Батыс Қазақстан облысында – 2 адам, жалпы 302 науқас ауырып жатыр.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ