Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде киелі Кереку өңірінен шыққан әулиелер мен еліміздің ертеңі үшін шейіт болған бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасын жасады.
Дәстүрге айналған игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері, республикалық Құран байқауының әділқазы мүшелері, дін қызметкерлері мен қарилар қатысты.
Игі басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Осыдан бірнеше күн бұрын қарилар орталығы мен медреседегі шәкірттеріміз қасиетті Құранды 100 рет толық оқып шықты. Алла Тағала ата-бабаларымыздың рухын шат еткей. Осы өңірден шыққан хазіреттер мен ғұламалардың мәңгілік мекені жұмақтың төрі болғай. Еліміздің тәуелсіздігі жолында қаза болған барша ата-бабамызды, батырларымызды Алла мейіріміне алғай», – деп дұға етті.