Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында РАТТ мүшесі, Азамат Нұғманұлы 24 сәуір күні 100-ден астам әйел жамағатымен «Ұлттық құндылықтар – ұлт ұстыны» тақырыбында кездесу өткізді.
Жалпы кездесуді «Отпан» орталығының басшысы Азамат Тулепов жүргізіп, түсіндіру жұмысына теолог маман Казиева Ақмарал, психологиялық тренинг өткізуге Мухамбетова Динара тартылды.
Алла Тағала Құран кәрімде ұлттардың жаратылуы туралы: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» деп бұйырған.
Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрыпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады.
Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болуы қажет. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз.
Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Қазақ халқы ислам дінін түбегейлі қабылдағанымен, басы бүтін арабтанған жоқ. Ханафилік-Матуридилік мектептерді ұстанған қазақ жұрты өз болмысына сай қабылдаған.
Шара соңында әйел жамағаты арасында интеллектуалды ойын түрінен сайыс өтті. Сұрақ-жауаптардың ішінде «Қазақстанның Ән Ұранын кім айтады?», «Жеті атасын кім біледі?», «Қазақстан Республикасы қашан Тәуелсіздігін алды?», «Қазақстан әлем бойынша жер көлемінен нешінші орында?», «Қазақтың атақты үш батыры кімдер? , «Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім?», «Абылай ханның шын есімі кім?» және т.б. сұрақтар қойылды.
Ойынға қатысқан әйелдер ұшқыр ой зеректігі мен ұлттық құндылықтар бойнша сынға түсті. Ұйымдастырушылардан құралған әділ-қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде интеллектуалды ойынға қатысып, сұрақтарға нақты әрі дұрыс жауап берген азаматшаларға ой-өрісті дамытуға бағыталған кітаптар сыйлық ретінде табысталды.