Әлем картасына көз жүгіртер болсақ, Солтүстік Африкадан бастап Оңтүстік-Шығыс Азияға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр географияны алып жатқан мұсылман елдеріне қай жағынан қарасаңыз да, бірдей көрініске тап боласыз. Олар: кедейшілік, соғыс, бишаралық, дами алмағандықтан артта қалу және сыртқа тәуелділік.

Бүгінгі күні бірде-бір мұсылман мемлекеті ең дамыған елдердің қатарында жоқ. Көп бөлігі артта қалған немесе аз дамыған елдердің қатарында. Түркия Республикасы енді ғана дамыған елдердің қатарына ілесуге күш салып ұмытылып жатыр. Сонымен қатар, Индонезия, Сауд Арабиясы және Малайзия мемлекеттері дамып келе жатқан алып экономикасы бар елдердің категориясына кіреді.

Мұсылман өлкелері неге дамымай қалған және өте кедей тұрады? Оның себебі біз тақуалық пен жалқаулықтың, дін мен ғылымның аражігін жоғалтып алғанымыздан болып отыр. Құран Кәрімдегі қарапайым тақуа өмір мен бүгінгі күнгі мұсылман елдерінің кедей өмір сүруінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Себебі, осы замандағы кедейлік пен артта қалушылықтың қамытын біз жалқаулықтан және ғылымды игеруден ұзақ тұрғанымыз үшін киіп отырмыз.

Екінші жағынан, мұсылман елдерінде діндарлардың адамдардың ахиретегі өмірімен көбірек айналысып кеткенінен де болып отыр. Ананы істемесең, жұмаққа бармай қаласың, мынаны істесең, тозаққа кетесің деген түсініктен құтылмасақ, бұл дүниенің нығметтеріне мүлдем қол жеткізе алмай өмірден өтіп кетеміз.

Бұл дүниеде адамдарға бақытты өмір сүруге керек нәрсені жасап бере алмағандықтан, бүгінгі күні мұсылмандар қайыршының күйін кешіп келеді.

Мұсылман өлкелерінің қандай тұңғиықтың түбіне түсіп кеткенін төмендегі көрсеткіштерден көруге болады.

Шамамен 1,7 миллиард халқы бар және әлем тұрғындарының 23,4%-ын құрайтын мұсылман елдерінің ахуалы еш көңіл қуанта алмайды.

Қазіргі заманда өнертапқыштық (патентке ие болу) – ғылым мен технология көрсеткіштерінің басында  тұрады. Ғылыми жаңалықтар ашу – білім мен технологияда қаншалықты дамығанын білдіреді. Бүгінгі күні мұсылман өлкелерінің осы жоғары технология экспортындағы әлемдегі үлесі 3,7%, әлемдегі өнертапқыштық үлесі 1,9%, Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7,9%, экспорт үлесі 6,9%, импорт үлесі 7,2% екен. Қысқаша айтқанда, 1,7 миллиард тұрғыны бар Ислам өлкелерінің ЖІӨ әлемдік көрсеткіштің 10 пайызына да жетпейді екен.

Әсіресе, технологияда сыртқа тәуелділік, негізінен шикізатты экспорттаумен ғана айналысу, өндіріс күшінің өте әлсіз болуы мұсылман өлкелерінің артта қалуының басты себебі болып отырғанын айта аламыз.

Жалпы, мұсылман елдерінің жоғары технологияны экспортаудағы әлеуеті бір ғана Оңтүстік Кореяның экспортының жартысына да жетпейді екен.

Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше 57 елдің жоғары технологияны экспорттаудағы үлесі 78,7 миллиард долларды құраса, оның 63,3 миллиарды (80,5%) Малайзияға тиесілі. Ал, Кореяның 2014 жылғы жоғары технология экспортындағы үлесі 133,4 миллиард долларды құрапты. Осыдан-ақ мұсылман елдерінің қаншалықты артта қалып қойғанын көре аламыз. Бүкіл мұсылман өлкелері жабылып жүріп, бір ғана Кореяның шаңына ілесе алмаппыз.

2014 жылы мұсылман өлкелерінің алған жалпы патент саны 47 мың (46 780) шамасында болыпты. Ал, салыстыру үшін алып отырған Кореяның ие болған патент саны 220 296 дана екен. Бір ғана Кореяның алған патентінің 22,2 пайызын ғана құрап отырмыз. Осыдан кейін мұсылман елдерінің басына үйірілген қара бұлттың оңайлықпен сейілмейтіні түсінікті болар.

Мұсылман өлкелерінің 2013 жылы ғылыми және технология саласындағы журналдарда жариялаған мақалаларының саны 137 798  дананы құраған. Оның өзінде, олардың 32 695-і Иран Республикасына, 30 402-сі Түркия Республикасына, 25 мыңнан астамы Малайзияға тиесілі.

 

Ал, сол жылы әлемде ғылым және технология саласында 2 184 420 мақала жарияланған. Жарияланған әрбір 100 мақаладан мұсылман елдерінің түсетін үлесі бар болғаны 6,3 дана екен.

Жалпы алғанда, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы, Индонезия және Малайзия ғана өркениеттің көшінен қалып қоймау үшін күш салып келеді. Қалған мұсылман елдерінен селт еткен серпіліс жоқ.

Сондықтан мұсылмандар білім мен жоғары технологияға, ғылымға ұмтылмайынша әлемдік көштің соңында қалуға мәжбүр. Атымыз мұсылман болғанымен, затымыз Құран Кәрімнің бұйырғандарына сай келмейінше, мұсылмандар артта қалып қойғандары үшін өздеріне ғана өкпелеуі керек.

Балғабек МЫРЗАЕВ

Пікір жазу