281 һижра жылы. Аббаси әулетінің халифасы Муғтадад заманы екен. Бағдаттың бір саудагері қала әміршісіне берген қарызын қайтарып ала алмай әлек болады. Аз ақша емес еді. Қарызын сұрап барса, әмірші саудагерді жер-жебіріне жеткізіп сарайдан қуып шығады.

Тағы бір жолы қызметшілеріне: «Бұдан былай мынаны кіргізбеңдер!» – деп әмір етеді. Саудагер аймақтың әкіміне дейін шағымданады. Бірақ мұнысынан түк шықпайды. Бұл жағдайды естіген қала әмірі саудагерге қоқан-лоққы көрсете бастады.

Салы суға кетіп, не істерін білмей дал болады. Базардағылар: «Пәлен тігіншіге барып көмек сұра», – деп жөн сілтейді. «Аймақтың әкімі көмек бере алмағанда, қайдағы бір тігіншінің қолынан не келер дейсің?» – дейді ол.

Сонда оған: «Ол жай тігінше емес. Қала әміріне одан қауіпті адам жоқ. Сен көмек сұрап барған барлық адамға қарағанда әмірші тігіншіден қатты қорқады», – десті. «Барсам, барып көрейін», – дейді.

Тігінші көшедегі шағын мешітте имамдық қызметті қоса атқарады екен. Мән-жайды ести сала дүкенін жауып саудагерді сарайға ертіп барады. Оған әкім ерекше қошемет көрсетіп жатты.

Тігінші: «Мына кісінің ақысын қайтарыңыз. Әйтпесе азан шақырамын», – дегеннен артық сөз айтпады. Бұл сөзді естіген әкім бозарып кетті. Түрінен түр қалмады. Лезде саудагердің ақшасын қайтарып берді. Саудагер өз көзіне өзі сенер емес. Бір ауыз сөзбен қарызын қайтарды. «Рахмет» деп пұл бермек болды.

Бұған тігінші: «Менің мақсатым мал-дүние болса, әлдеқашан бай боп кетер едім», – деп берген ақшаны алмады. Сонда, саудагер «Азан шақырамын» деген сөзіңіздің мәні не? Неліктен азан шақырамын деген сөзден әкім шошып кетті?» –деп сұрайды.

– Мұның бір оқиғасы бар. Бізбен көрші тұратын бай-дәулетті кісі бар еді. Өзі үлкен қызмет атқарады. Көшеден өтіп бара жатқан бір келіншекке көзі түседі. Бейшараны сарайына күштеп кіргізбек болды. Араша түстім. Бірақ, жанындағы қызметшілері мені соққыға жықты. Ештеңе істей алмадым.

Мешітке барып, беті-қолымның қанын жуып жамағатпен құптан намазын оқыдым. Жамағатымнан әйелді арашалайық деп көмек сұрадым. Бір топ кісі болып, әлгінің сарайына лап бердік. Біршама уақыт төбелесуге қауқарымыз жетті. Алайда, шоқпарға қарсы жұдырық ұзаққа шыдамады. Барлығымызды қиратып тастады. Сарайдан қуып шықты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Жақсылық жасау – жүректің ісі

Бір әйелді қорғауға шамамыз келмеді. Бойымды намыс өртеп жатты. Не істерімді білмей, өз-өзіме ызаландым. Түннің ортасы боп қалған. Мешіттің мұнарасына шығып бар дауысыммен азан шақыра бастадым. Таң атты деген оймен бай әйелді босатар деген үмітпен.

Түнгі қала сақшылары жетіп келді. Беймезгіл уақытта азан шақырған кім деп мені тұтқындамақ болды. Мән-жайды айтып, түсіндіруге әрекет еттім. Олар мені халифаның сарайына алып барды.

«Елдің құтын қашырғаның үшін жазаланасың!» – деді халифа. Мен: «Басыма амандық сұраймын. Әрекетімнің себебін айтып түсіндіруге мұрша беріңіз», – дедім.

Болған оқиғаны егжей-тегжейлі айттым. «Амалым қалмаған соң, азан шақыруға мәжбүр болдым», – дедім.

Халифаның тапсырмасымен лезде бай мен зорлықпен ұстап отырған келіншекті алдыртты. Халифа сұмдық жайтты өз көзімен көрді. Келіншекті бір топ сақшы және әйелдермен үйіне жөнелтті. Халифаның бұйрығы «Әйелдің ар-намысына қатысты бір ауыз сөз болмасын», – деп тапсырма берді.

«Құдайдан қорықпайсың ба?! Мал-дүниеге мас болған екенсің?! Алла Тағаланың қатаң тыйым салған ісіне ешбір қорықпай қол сұғудасың!» – деп оған жаза тағайындады.

«Жаңылдым, қателестім. Шыбын жанымды қия гөріңіз!» – деп бай еңкілдеп, кешірім сұрап жатты. Халифа оның көз жасына қарамады. Аяқ-қолын матап, қапқа салып соққыға жықты. Жендеттердің күрзідей соққыларынан бейшараның үні шықпай сұлап түсті. Сол күйінше оны Дижлә дариясына атып ұрды. Мұны көрген мемлекеттің үлкен-кіші қызметкерлері көздері алақандай боп кетті.

Халифа қала сақшыларының басшысына байдың үйінен мемлекет тарапынан беріліп отырған мал-мүлікті толықтай тәркілеуге бұйрық берді. Мұнан кейін маған қарап тұрып: «Әрбір үлкен-кішілі заң бұзушылық көрсең, тіпті мынау істеп жатса да (қала сақшысының басшысын нұсқап), маған хабарла. Сарайға кіруге ешбір мүмкіндік таппасаң, екеуіміздің ортақ белгіміз азан болсын. Беймезгіл уақытта азан айт. Мен сені тауып аламын», – деп шығарып салды.

Бұл хабар шаһарда желдей есіп, тез тарап кетті. Сол күннен бастап, бір қылмыс не күнәні көрсем, тосқауыл боламын. Барлық бай да, әкім де айтқанымды екі етпейді. Олар халифаның жазасынан қорқады. Күні бүгінге дейін беймезгіл уақытта азан айтуға қажеттілік туындамады, – деп тігінші әңгімесін тәмамдаған екен.

 Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу