Қазіргі заманда жеке адамға ғана емес, бүтіндей қоғамға қатер тудырып, шеңгеліне қысып бүріп бара жатқан дертті мәселелердің бірі – зиянды нәрсеге тәуелділік. Яғни, бір адамның жасына қарамастан есірткі (героин, марихуана және т.б.), ішімдік, темекі сынды түрлі жаман әдеттерге бой алдыруы.

Ішімдік пен өзге де есірткілерге тәуелділік дертіне ұшырағандардың орта жасы, өкінішке орай жыл санап жасырып келеді. Соның кесірінен адамгершілік, мәдени құндылықтардың әлсіреуі, қылмыстың көбеюі және ең қиыны отбасындағы берекенің қашуыі, бірліктің ыдырап жатқаны ащы да болса ақиқат.

Осы ретте шаңырағымызды бекемдеп, әулетімізді, ағайын-туыс пен достарымызды, осындай қатерлі кеселден аулақ ұстап, жаман әдетке деген тәуелділіктен сақтап қалу үшін күресу – баршамызға ортақ міндет.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Барлығың бақташысыңдар және қол астыңдағыларға жауаптысыңдар. Ел басшысы өзіне қарастыларға жауапты және солар үшін сұралады. Отағасы өзінің отбасы үшін сұралады. Әйел балары мен күйеуінің мүлкі үшін сұралады».

Ұл балалар ер жетіп, қыз балалар бой жете бастағанда, олардың бойында түрлі өзгеріс байқалатыны көбімізге мәлім. Жасөспірімдік немесе жасжеткіншектік шақ, негізінде, физиологиялық, эмоциялық және әлеуметтік тұрғыдан қалыптасуға талпыныс жасалатын кез. Шамамен 13 жастағы қайратты, белсенді бала ендігі жерде адамдардан ересектермен жасалатын қарым-қатынас күтеді. Өзін дәлелдеу үшін барын салады. Елдің назары менде ғана болса екен дейді. Бұл кезде балалар өзін күшті және ешкімге тәуелсіз сезінеді. Осы ойына үлкендерді сендіргісі келеді. Ата-анасының айтқан сөздері оған өтімсіз, қоғамның талаптары, салт-дәстүрдің заңдары оларды қызықтырмайды. Оларға салсаң өмірде жаңаша, ерекше нәрселер ойлап табу керек.

Міне, дәл сол рухани күй темекіден бастап, арақ, есірткіге дейінгі жаман әдеттер үшін таптырмас жағдай тудыруы мүмкін. Мектебінде, үйінде кездесетін кейбір шектеулер ұрыс-керіске ұласқан кезде, өкпесі қара қазандай болып, ренжіп, тыйымдардан шаршаған жастар есірткінің құшағынан бір-ақ табылуы мүмкін. Бұл кезеңде жастар бәрінен бұрын қасында жүрген дос-жарандарына, құрдастарына сенеді. Сезімдері мен ойларын да сол жолдастарымен бөліседі. Осындай мың тарау сезімдеріне еліктеу мен әуестік, үйірсектік қосылса, онда қауіп – қатер тіпті ұлғая түседі. Сондықтан жасөспірім шағындағы балаларымыз, ата-анасының назарынан бір елі алыстамауға тиіс болатын дәрежеде, нәзік те қатерлі кезеңнен өтеді.

Отбасы – дүниеге көзін тырнап ашқан сәтінде, адамды мейірім мен жылылық құшағына алатын, мінез-құлқының, сенімінің жалпы жеке тұлғасының қалыптасуында үлкен рөл ойнайтын ерекше бір ұя.

Балалар өмірлік қағидаларды, құндылықтар мен жүріс-тұрыс үлгілерін ата-анасын бақылап және тыңдап жүріп, үйренеді. Әке-шеше болу – жақсы бір адам жетілдіру ісінде үлкен жауапкершілікті мойнына алу дегенді білдіреді. Ешбір адам өз ұрпағын денсаулығы нашар, ауру, өзімізді қоршаған ортамен үйлесімсіз күйде көргісі келмейді. Шүбәсіз әрқайсымыз дұрыс  шешімдер қабылдап, мазмұнды, мағыналы істерімізбен жақсы адам жетілдіруді қалаймыз.

Перзентіміздің тәрбиесі мен дұрыс өсуі үшін жанпидалық жасаудан да тайынбаймыз. Алайда әрі өзімен, әрі Раббысымен, әрі қоғаммен байланысы бар жеңді адам болып шығуы үшін, баланың тек тамағын тоқ, киімін көк ету жеткіліксіз.

Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Уа, мүминдер! Өздеріңді және үй-іштеріңді, отыны адам мен тастан болған, Алланың бұйрығына қарсы келмейтін, айтқанды істейтін, қатыгез періштелері бар тозақ отынан сақтаңдар!» (Әт-Тахрим, 6) деп ескерту айтылған. 

Жастарға ең жақсы көмекті, оларды ең жақсы танитын отбасы көрсете алады. Балаларына жиі-жиі өмірлік кеңестер беріп, қателіктерін дер кезінде түзетуге жол көрсетіп, олармен дос секілді пікір алмасып отыратын ата-ана – тәуелділік кеселінен сақтайтын ең мықты жүйені құра білді деген сөз.

Бала қай жаста болса да, сүйкімді болуға, жылылық пен жұмсақтыққа, «қарағым, шырағым» деген ілтипатты лебіздерге, түсіністікпен қарайтын ата-анаға мұқтаж екені сөзсіз. Сүйіспеншілігімізді білдірмей, қателікті кешірмей, қаталдық таныта берсек, балаларымыз қалайша ашылып сөйлеп, сырларын бөліссін. Бізден қорқатын, біз отырған жерде дірілдеп кететін, тіпті кейде айдаладағы бөтен адамды бізден жақынырақ көріп, сонымен ішкі сырын бөлісетін бала, қалайша біздің қолымыздан ұстасын.

Ешбір пенде «менің балама ештеңе қылмайды», «мұндай кеселдердің біздің отбасымызға қатысы жоқ», «бұл менің емес, өзгелердің мәселесі» деп, еш уақытта айтпауы тиіс.

Есіңізде болсын, тәуелділікке ұшыраған адамдар – есірткі, темекі немесе арақ себеп болатын кеселдерден өмірін бүлдірген адамдар, көпшілік ойлайтындай, есі ауысқан, жындылар ғана емес. Түрлі отбасылардан шыққан, түрлі қызметтер мен мансаптағы адамдар, «жоқ!» деп айта алмағандықтан, осындай тәуелділікпен күн кешіп жүр. Отбасы мүшелеріңізге көшедегі «біреулер» қолын созбай тұрып, алдымен қолыңызды сіз ұсыныңыз.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» (Муслим, Иман, 78 ) дейді.

Жамандықта «Тоқта!» деу, жамандықпен күресу – адамдық борыш. Зиянды заттардың өзімізді, отбасымызды және қоғамымызды қалай бүлдіріп жатқанын үндемей қарап тұру қиын. Олай болса, мына нәрселерге көңіл бөлуіміз қажет:

Жақсы үлгі болыңыз

Сөздеріңіз бен істеріңіз бір-бірімен үйлесе ме? Айтып жүрген ақылдарыңыз өз өміріңізге де өтімді ме? Балалардың жаман әдетке үйір болудың зияндығы жайлы өзіндік пікір қалыптастыруы үшін, ата-ананың өз жүріс-тұрысымен оларға үлгі болуы керек. Егер отбасындағы үлкендердің дерттеріне қарсы ұстанатын жолы химикалық жәрдемге жүгіну болса, балалар да бір қиыншылыққа тап болса, сондай зиянды заттарға ұрыну қатері арта түседі.

Сапалы байланыс болсын

Сіз балаңызды танисыз ба? Олардың қызығушылықтары мен арман қиялдарын, жоспарларын, қайғы-мұңдарын, білесіз бе? Ата-ана ретінде балалармен сапалы бір байланыс құру оларды жаманшылықтан сақтаудың ең тиімді жолы. Перзентіңізді тануға арнайы уақыт бөліңіз, онымен бірге уақыт өткізіңіз. Әсіресе, өтпелі кезеңдерді аттап өту үшін, сау-саламат азамат болып ел қатарына қосылуы үшін сіздің достығыңызға мұқтаж екенін ұмытпаңыз. Оны жақсы көретініңізді, құрметтейтініңізді білдіруден қашпаңыз. Сіздің мейіріміңіз тұруға тиіс орынды, басқа улы нәрселермен толтыруына жол бермеңіз.

Зиянды әдеттер жағынан үлкендердің білуі тиіс бір кілтипан, оларға «жақсы бір тыңдаушы» болудың маңыздылығы. Балаңыз өзін мазалап жүрген мәселелерін, сізбен келіп бөлісе алатынына сенімді болуы керек. Сабырыңыз таусылып бара жатса да, оның әңгімелерін соңына дейін жалықпай тыңдаңыз. Сөзін бөлмеуге, айтып отырған ойларын түсінуге тырысыңыз. Сізді қатты таңқалдыратын, тіпті ашуландыратын сөздер айтып жатса да, тым қатты әсер көрсетпеңіз. Байсалдылығыңызды сақтап, әсіре қаталдық танытпаңыз. Осындай жағдайда ашуыңызды ұстай алмасаңыз, балаңыз сырын айта алмай, сіз оның басына төнгелі тұрған үлкен қатер туралы хабардар болу мүмкіндігін жоғалтуыңыз ғажап емес.

Құндылықтарды үйретіңіз, рухын күшейтіңіз

Жеткіншектің мәдени, діни, адамгершілік құндылықтарымызды білуі – тәуелділік тудыратын заттарға «жоқ» деп айтуы үшін, қажетті себептердің тууын жеңілдетеді. Руханиятының күшті болуы, жамандықтан тыйып, сенімді түрде шешімдер қабылдауын қамтамасыз етеді. Сол себепті ата-ана ретінде бала-шағамыздың тек қана тәні жағынан өсуін ғана емес, рухани дамуына да көңіл бөлуіміз қажет. Олардың материалдық қажеттіліктерімен бірге рухани қажеттіліктерін де өтеп отыруға тиіспіз. Сіз де балаңызбен туралық, адалдық, жауапкершілік сияқты ұғымдар туралы сөйлесіңіз. Оған адал-арам жайлы мәлімет беріңіз. Тәнінің оған Алла берген ең үлкен, ең маңызды аманаттардың бірі екенін түсіндіріңіз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына ескертуін оларға жеткізіңіз: «Тәніңнің сенде ақысы бар» (Муслим, Сиам, 182).

Отбасылық ережелер жасаңыз

Жастар – өмірдің бейтаныс, бөтендері. Қай жерде, қалай әрекет ету керек, қай ұсыныстарды қабыл алып, қайсысын қайтару жөнінде шешім қабылдаулары үшін, белгілі бір шекараларды үйреніп алулары керек. Сол үшін әке-шеше ретінде анық та, нақты ережелер шығарыңыздар. Темекі, арақ, есірткіге өте қатты қарсы екеніңізді балаларға анық білдіріңіз. Отбасыңызда темекі немесе басқа да зиянды заттардың қолданылуына жол бермеңіз. Өзіңізде сол ережеге бағыныңыз. Тәуелділікке түсіп кетпеу үшін қажетті қағидаларды, оларға бағынбаған жағдайда қандай бәлелерге душар болатынын түсіндіріп беріңіз. Шынайы емес, әртүрлі айқай, дауыс көтерудің орнына салқынқандылықпен ақылды қадамдар жасаңыз.

Тәуелділік туралы мәлімет беріңіз

Тәуелді ететін есірткі заттарының рух және тән саулығына келтіретін зияндары жайлы айтып беріңіз. Отбасы қатынастары және қоғамдық байланыстар тұрғысынан жағымсыз нәтижелерге көзінің жетуін қамтамасыз етіңіз. Зиянды заттарды ұсынғандарға қалай «жоқ» деп айту керектігін үйретіңіз. Ол жайлы нақты нұсқаулар мен тактикалар ұсыныңыз. Бұл жағынан оған жеткілікті мәлімет бергіңіз келсе, арнайы маманмен сөйлестіргеніңіз де артық етпейді.

Қорықпаңыз, жастарға зиянды заттар мен оларды қолданудың нәтижелерін түсіндіргеннен олардың қызығушылығы артып кетпейді. Керісінше, дұрыс мәліметі болмаса, әсіре күшейтілген өтірік мағлұматтар оны еліктіріп, қызықтырып әкетуі мүмкін.

Достарын танып алыңыз

Екі адамның бірі, зиянды әдетке қасындағы достарының себебімен салынып кеткенін білетін бе едіңіз? Әр екі жеткіншектің бірі, он сегіз жасқа толмай жатып темекі шегуді бастайды және оған себеп ретінде достарының ортасын көрсетеді.

Зерттеу нәтижелері ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөздерін еске салады: «Адам досының дінінде. Сондықтан сендердің әрбірің кіммен достық құратынынан мұқият болсын» (Әбу Дәуід, Әдаб,16).

Есірткі саудасы секілді лас тірліктен ақша тауып жүрген адамдарға, жастарға тым болса бір рет әсерлі затты пайдаландырып, таныстырудың өзі – үлкен жетістік. Әсерлі заттар алдымен тегін және «досының қолымен» беріледі. Сондықтан, ата-ана ретінде балаларыңыздың бос уақыттарын қай жерде және кіммен өткізіп жүргенін қатаң бақылауда ұстаңыз. Достарымен және достарының отбасыларымен танысыңыз. Сонда ғана перзентіңізге әсер ететін ортаны дұрыс тануыңызға және ұнамсыз жағдайлардың әсерін барынша төмендетуге мүмкіндігіңіз болады.

Ішкі тәртіп жасап алуын қамтамасыз етіңіз

Бір баланың өмірді үйренуінде ата-анасының беделі, шектеулері және оларға деген сүйіспеншілік, мейіріммен бірге тәртіп орнатуы, өте маңызды. Алайда балалар өздеріне сенімді болулары және тәуелсіз бір дамуға қол жеткізулері үшін, кейде өздері ғана жүріп тұруларына, ата-аналарынан бөлек әрекет етулеріне де тура келеді. Бұл жағдайда ата-анаға жүктелетін міндет – өздері болмаған әлеуметтік орталарда қай нәрселерге назар аудару керектігі туралы нұсқаулар беру.

Жас жеткіншекті, тәуліктің жиырма төрт сағатында сыртқы бақылауда ұстап отыру мүмкін емес. Сол себепте оларға өздерін өздері бақылаудың жолдарын үйретіңіз.

Осы тұста сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келесі хадисі еске түседі: «Жақсылық – көңілді шаттыққа бөлейтін және ішіңе сіңіп кететін нәрсе. Ал жамандық – адамдар оған рұқсат пәтуа беріп тұрса да, көңіліңді тынышсыз ететін, ішінде бір шәк-шүбә тудыратын нәрсе» (Дарими, Сихр, 2).

Өзінен-өзі есеп алуы, сұраққа тартуы, ар-ұжданына құлақ асып, алдына мақсат қоюы, өзімен жарысуы, өзіне сенуі балаңыздың аяғында нық тұруын қамтамасыз етеді.

Әрбір адам «тәуелділіктің емі бар екеніне», ең алдымен өзі сенуі керек.

Балғабек Мырзаев

Пікір жазу