Бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан Ғұламалар кеңесінің XXIV мәжілісінде «Мұсылман зиратының тәртібі мен әдептері» атты құжат қабылданды, – деп хабарлайды muftyat.kz.

«Құжатты қабылдаудағы мақсат – қоғамда мұсылман зиратының тәртібі мен әдебін қалыптастыру. Құжат мәтінінде мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары айқын жазылған», – дейді наиб мүфти, Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат қажы Ағыбайұлы.

Зиратқа қатысты ҚМДБ ұстанымы көрсетілген құжат жамағатты, жалпы халықты қабір басына құрылыс жүргізіп, мақтаныш пен ысырапқа жол бермеуге үндейді. Сонымен қатар, зират басында темекі тарту, алкоголь ішімдігін қолдану, өсіп тұрған ағашқа шүберек байлау, қатты дауыс көтеріп жылау, қабірге қарап намаз оқу, дәрет сындыру сынды әдепсіз әрекеттерге шариғат тыйым салатыны жазылған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  "Уақып" қорының президенті тағайындалды

Сондай-ақ, «Мұсылман зиратының тәртібі мен әдептері» құжаты қайтыс болған кісіге дұға етіп, Жаратқаннан жарылқау тілеуге, садақа беруге, Құран бағыштауға, марқұмның атынан қажылық жасауға, оның қарызын өтеуге, марқұмның туған-туыстарымен байланысты үзбеуге, оның дастарына құрмет көрсетуге, т.б. сауабы мол игі амалдарға үндейді.

Пікір жазу