Жиһад – араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы: Ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни Алла дінін қорғау). Немесе Алла дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен жанымен күресу.
Исламда «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына емес. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып жойыңдар немесе бейбіт халыққа бас салып мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқ-асты ету, жерлерін отарлап еріктерінен айыру т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді. Бәлкім жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында шариғатталған. Сондықтан ғалымдар жиһадты парыз етіп келген аяттың аясынан өзге дін өкілі болса да қару көтермеген мына топтағы адамдарды өлтіруге тиым салған:
1. Зимми (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері). Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Кімде-кім бір зиммиға қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», – деп айтқан.
2. Муаһид (соғыспауға келісім шарт түзілген одақтастар). Әбу Дәуіт риуаятында: «Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) Һудайбия жерінде Құраиштармен он жылға келісімге отырған», – деп келген. Қазіргі таңда елімізбен бейбітшілік келісімге қол қойған көрші елдердің (Ресей, Қытай) жағдайы осы секілді.
3. Мустаман (біреудің жеріне мұсылман не өзге дін өкілі болсын амандық мақсатында кіргендер). Ол жайлы Алла тағала былай дейді:
وَإِنْ أَحَدٌ مِنَ الْمُشْرِكِينَ اسْتَجَارَكَ فَأَجِرْهُ حَتَّى يَسْمَعَ كَلامَ اللَّهِ ثُمَّ أَبْلِغْهُ مَأْمَنَهُ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَوْمٌ لا يَعْلَمُونَ (٦)
«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) егер мүшріктердің біреуі сенен баспана тілесе, қашан ол Алла сөзін тыңдағанша баспана бер. Сонан соң (иман үйірмесе)оны тыныш бір жерге жеткізіп сал. Олар ештеңені білмейтіндер, мұны сол үшін істе» (Тәубе сүресі 6-аят). Біздің заманымыздағы елімізге шетелден келген саяхатшылардың үкімі осындай.
4. Қолға қару алып қарсы шықпағандарды. Бұл жайлы хадисте былай баяндалады: Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «…Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер» (Ахмад, Әбу Дәуіт риуаяты).
5. Өз бетімен жүрген бейкүнә адамдарды.
Исламда жиһад екі түрлі болады:
– Рухани жиһад
– Мадди (материялдық) жиһад
Рухани жиһад дегеніміз – мұсылманның өз нәпсісімен күресуі. Жиһадтың бұл түрін Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) үлкен жиһад деп баға берген. Оның негізгі мақсаты шайтанның азғыруына және нәпсінің етегіне ермей, күнә істерге жол бермеу. Бұл жиһад жайлы хадисте былай баяндалады. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», – деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад» деген не?»- деп, таңғала сауал қойды. Пайғамбарымыз: «Ол – өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырды (Байхақи риуаяты).
Ал мадди жиһад дегеніміз – мұсылманның әлсізге қорған және дұшпанның зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-дүниесімен Алланың дінін, отанын, отбасын дұшпандардан қорғап қарсы соғысу. Бұл жиһадтың үкімі парыз. Оны жұмһур ғалымдары (Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали т.б.) екі түрге бөліп қарастырады:
1. Парыз айн. Егер дұшпан отанға бас салып, қаптап кіріп жатса және мемлекет басшысы азаматтарын отанды қорғауға шақырса, бұл жағдайда әрбір адамға дінін, отанын, жанын, еркіндігін қорғауы тиіс. Ол жайында Алла тағала Құран Кәрімде:
انْفِرُوا خِفَافًا وَثِقَالا وَجَاهِدُوا بِأَمْوَالِكُمْ وَأَنْفُسِكُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ (٤١)
«(Әй, мүміндер!) Жеңіл жағдайда да, ауыр жағдайда да, мал-жандарыңды аямай, Алла жолында күресіңдер. (Жас бол, кәрі бол, жаяу немесе көлікті бол, жағдайларың қолайлы, қолайсыз болсын, ерікті-еріксіз болыңдар, бәрібір күресіңдер) Осыларың сендер үшін хайырлы, егер білген болсаңдар» (Тәубә сүресі, 41-аят) деп баяндайды.
2. Парыз кифая. Мағынасы кейбірі оны орындаса басқасының мойнынан түседі. Егер олар да оны орындамаса барлығы күнәкәр болады. Яғни дұшпанға қарсы мемлекет басшысы әскерін әзірлеген болса ғана парыз болады. Оған дәлел ретінде Алла тағала Құранда былай баяндайды:
وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنْفِرُوا كَافَّةً فَلَوْلا نَفَرَ مِنْ كُلِّ فِرْقَةٍ مِنْهُمْ طَائِفَةٌ لِيَتَفَقَّهُوا فِي الدِّينِ وَلِيُنْذِرُوا قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُوا إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ (١٢٢)
«Онымен қатар мүміндердің біртұтас жауға аттанулары тиісті емес. Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардың сақсынулары үшін ескертулері керек емес пе?» (Тәубе сүресі 122-аят). Бұл аяттан кез келген уақытта жиһаттың парыз айн емес екенін түсінеміз. Әйтпесе бір топты жиһадқа аттандырып, қалғанын дінді үйренуге қалдырмас еді.
Сол сияқты Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қай соғысқа бармасын кейбір адамдарды өзімен бірге алмай тастап кеткен. Тіпті әскерлерді қолбасшыға тапсырып өзі және басқа сахабалар соғысқа аттанбаған жерлері де бар. Нұғман бин Мақран былай дейді: Егер Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) әскерге қолбасшы тағайындап жорыққа аттандырса, қолбасшыға арнайы Алладан қорқуға онымен бірге болған мұсылмандарға жақсылық етуін өсиет етіп, былай дейтін; «Алланың атымен және Алла жолында жорыққа шығыңдар, Аллаға қарсы келгендермен күресіңдер де, шектен шықпаңдар, (жаудың) мәйітін қорламаңдар, балаларды өлтірмеңдер. Егер мүшрік болған дұшпаныңа жолықсаң, оларды мына үш қасиеттің біріне шақыр. Оның қайсысын мақұл көрсе, оны қабыл айлап соғыстан тыйылыңдар; Оларды Исламға шақыр, кейін өз ауласынан мүһажірлердің ауласына ауыссын, егер соны қабылдап жатса оларға мүһажірлердің пайдасына не нәрсе шешілсе оларға да сол, не нәрсе зиянына шешілетін болса оларға да сол заң екенін айт…» (Термизи риуаят еткен).
Жиһадтың дұрыс болу шарттары:
1. Имамның (мемлекет басшының) болу әрі рұқсаты тиіс. Шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері имамға (мемлекет басшысына) жүктелгеніне ешқандай күмән жоқ. Оған бой ұсыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаса болды.
Құранда Алла тағала басшыға бой ұсыну жайлы былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الأمْرِ مِنْكُمْ (٥٩)
«Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» (Ниса 59-аят).
Ибн Аббас бұл аят Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) Абдулла бин Хузафаны жорыққа аттандырып жатқан кезде түсті деген түсіндірме берген.
Басшы жақсы бола ма, жаман бола ма бой ұсыну тиіс.
عن أبي هريرة رضي الله عنه ، قال قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : “الجهاد واجب مع كل أمير ، برا كان أو فاجرا “
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын басшымен бірге болу тиіс» (Әбу Дәуіт риуаяты).
2. Мақсаты айқын болу. Яғни дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында болуы тиіс. Әйтпесе шектен шығушылардан болады.
3. Дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болу.
Егер бұл шарттар орындалмаса онда оның іс-әрекеті шариғаттағы жиһад атауына кірмей, бәлкім ол адам бұзақы немесе қиянатшыл болады. Алла тағала былай дейді:
إِنَّمَا جَزَاءُ الَّذِينَ يُحَارِبُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَيَسْعَوْنَ فِي الأرْضِ فَسَادًا أَنْ يُقَتَّلُوا أَوْ يُصَلَّبُوا أَوْ تُقَطَّعَ أَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُمْ مِنْ خِلافٍ أَوْ يُنْفَوْا مِنَ الأرْضِ ذَلِكَ لَهُمْ خِزْيٌ فِي الدُّنْيَا وَلَهُمْ فِي الآخِرَةِ عَذَابٌ عَظِيمٌ (٣٣)
«Алламен және оның пйғамбарымен алысқандардың, жер бетінде бұзақылық жасағандардың жазасы – оларды өлтіру немесе дарға асу, әйтпесе, оң қолы мен сол аяғын кесу, сүргінге айдау болмақ. Бұл оларды дүниеде, масқара ететін жаза болса, Қияметте одан да зор азапқа душар етеді» (Мәйда сүресі 33-аят).
Қазіргі таңда өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа теріс пиғылды радикалды ағымдар исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, қол астындағыларын сол жерге соғысқа аттандыруда. Негізі бір елдің ішкі шаруысына араласуға ешкімнің құқы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері бар. Мұсылмандардың арасында болып жатқан қақтығысқа от салмай татуластыру тиіс. Өйткені мұсылмандар бір-біріне зиян бермеу керек. Ол жайлы Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадистері бар. Соның бірі: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік» деген (Муслим риуаяты). Және де: «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», – деген. Сонда жанындағылары: «О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» – дегенде, ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ол оны да өлтіргісі келген еді», – деді (Бұхари, Муслим риуаяты).
Осыған орай жиһад елді басқарып отырған басшының рұқсаты және дін істерін басқарып отырған діни басшылар мен ғалымдардың пәтуаларымен іске асады.
Үкім:
Сондықтан Қазақстан азаматтары Елбасының және діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа, басқа жерге жиһадқа аттануға болмайды. Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек ету керек. Біреудің алдауына түсіп, алжасып, басқа бір елдің қанын төгіп, күнәһар болған адам оңбайды. Адам баласы бақытты олай іздемейді. Бақытты отанына, халқына, жанындағыларға жақсылық істеу арқылы ғана табады.
والله اعلم بالصدق و الصواب
ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі