«Қасқа жол» мен «Ескі жолдың» мән-мазмұны хақында бұдан бұрынғы жазбаларымызда айтып өттік. Ал, «Жеті жарғыға» келетін болсақ, бұл әдет-ғұрып заңдар жиынтығын Әз-Тәуке билік құрған 1680-1716 жылдары билер кеңесі қабылдаған. Бұл тақырыпқа алғаш қалам тартқан зерттеушілердің бірі Н.Өсеров «Жеті жарғы» 1680 жылы қабылданған десе, академик С.Өзбекұлы 1685-1686 жылдары қабылданған деген көзқарасты білдіреді.
«Жеті жарғы» заңы XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ қоғамының сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыруға бағытталған әдет-ғұрып нормаларының жиынтығы еді. Яғни, «Жеті жарғы» нормалары сол кезеңдегі көшпелі қоғамдық қатынастарға тән жеті саланы, атап айтар болсақ – жер дауы, жесір дауы, құн дауы, некелік қатынастар, қылмыстық жауапкершілік, руаралық қатынастар және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттеуді қолға алды. Бұл туралы «Төле бидің тарихы» атты дастанның авторы Қазанғап Байболұлы:
Жер дауы баяндайтын біріншісі,
Ру, қоныспенен меншікті ісі.
Иеленген жеріне жанжал болса,
Біреуге басымдылық қылып озбыр кісі.
Үй іші мен баланы тәрбиелеу –
Болған жосын заңыныңы екіншісі.
Ұрлық, қарлық, барымта үшінші заң,
Баян етер бәрінде білген кісі.
Төртінші болып саналған мынау заңы,
Бір халықпенен болса басқа ру дауы,
Ұлтын жаудан қорғамақ бесінші бұл,
Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы.
– деп жырлайды.
«Жеті жарғы» заңының жазбаша толық нұсқасы сақталмаған. 1977 жылы Түркістан қаласындағы ескі қала орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілу кезінде көне шағатай тілінде жазылған «Жеті жарғы» заңының кейбір тармақтары ғана табылды. Ал, «Жеті жарғының» тарауларының толық нұсқасын А.И.Левшин, А.Леонтьев, Н.Гродеков орыс зерттеушілері ХІХ ғасырдағы өмір сүрген қазақ билерінің аузынан естіп, жазып алып хатқа түсірді. Қазақ зерттеушілерінен ішінен алғаш болып Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, М.Тынышбаев, Ғ.Мұсағалиев, К.Шүкірәлиев сынды зерттеушілер «Жеті жарғы» заңының кейбір тармақтарын өз еңбектерінде атап көрсетті. «Жеті жарғы» заңының нұсқалары мен оған қатысты зерттеулердің жиынтығын академик С.Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық еңбекте толық қамтылды.