10 қазан. KAZISLAM – «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы Атырау облыстық дін істері басқармасының тапсырысымен Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/9 ерлер түзету мекемесінде экстремизм-терроризм бабымен сотталғандарға «Дін және дәстүр» атты интеллектуалдық сайыс өткізді.

Жазасын өтеп жүрсе де теолог-дінтанушылардың тұрақты дәрісін алып, түсіндірме жұмыстарынан қалмай қатысып жүрген ілім алушылардың қатарында жерлестеріміз бен өзге қалалардың тұрғындары 4 кезеңнен құралған сайыста бақ сынасып, діни және тарихи білімдерін шыңдаған болатын.

Сайыстың кезеңдерінде шариғат пәндері (фиқһ, ақида, ислам тарихы), қазақтың салт-дәстүрі және ҚР заңнамалары аясындағы сұрақтарға ауызша жауап беруімен ерекшеленді. Білімқұмар жазасын өтеушілердің ілімін бағалауда «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Ө.Тілеуов, «Шапағат» ҚҚ теологі А.Уразов, Ш.Темірқұлұлы, тарихшы Е.Абзалов төрелік етіп, әділ бағаларын берді.

Интеллектуалдық, діни білімін көтеру, білім мен ілімде сотталушылар арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын» анықтау, өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру мақсатында ұйымдастырылған шараға алғашқы сөз сөйлеп, шараның мақсатын түсіндірген «Шапағат» қорының теологы С.Сариев сайысты жүргізіп, әр командадан құралған топқа атау бергізіп, өте қызу қанды жарысты алып шықты.

Діни сұрақтармен шектелмей, өз әдебиетімізге көз жүгіртуді жөн көріп, қазақтың мақал-мәтелдерінен құралған турға қатысушылар сәл әдебиеттен алыстағаны байқалып, біраз мақал-мәтелдерді еске алған болатын. “Сөз мәйегі-мақал” дегендей ата-бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы адамгершілікке, ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, салмақты ой айтуға үйрету, ана тілінде сөйлеу шеберлігін арттыру, сөздік қорың молайту, Мақалдап, мәтелдеп сөйлеу мәнеріне дағдыландыру үшін қойылған турға кейбір қатысушылардің ішінен үздіктерде анықталды.

Сайыс қорытындысы бойынша, жүлделі I орынға иеленген «Мұсылмандар» тобы 150.000 теңгеге жеңімпаз атанса, II орынға «Абылай хан» тобы 130.000 теңгеге иеленді. III орынды «Аңсар» тобы алып, 100.000 теңгелі болды. Қаражат сертификаттар мен Атырау облысы Дін істері басқармасы мен «Шапағат» Қоғамдық қорының Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, төртінші «Мүмін» тобына ынталандыру сыйлығы ретінде 70.000 теңге көлемінде қаражатқа иеленді.

Ескере кететін жайттардың бірі, аталған қаражат иегерлері, отбасыларына көмек болсын деген ниетпен «әкеден сәлемдеме» ретінде табысталатын болады.

Пікір жазу