Экстремизм мен терроризм тақырыбы Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Әсіресе, бұл соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі террористік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенділігінен кейін жаһандық проблемаға айналды.

Сирия мен Ирак жеріндегі «Ислам халифатын» құрмақшы болған діни – саяси құрылымдардың жеңіліс тауып, өз мақсаттарына жете алмай басқа амал мен айла іздестіріп немесе террордың басқа да формаларына көшкені бүгіндері белігілі.

Солардың біріне Таяу Шығыстағы «ДАИШ» және де тағы да басқа террористік ұйымдар өздерінің «әлемдік жиһад» идеяларын басқа локацияларға көшіруі жатады. Мәселен, Ауғанстан жері мен Орта Азия, Вазаристан, Африка елдеріндегі бүгіндері террорлық белсенділікті ерекша атап көрсетуге болады. Сонымен қатар Еуропаның кей мемлекеттеріндегі жасырын террористік ұяшықтардың әлсін-әлсін белсенділік танытуы мен террорлық актілер ұйымдастыруға деген талпыныстарынан бұл құбылысты байқауға болады.

Батыс Еуропаның кей жерлерінде ұйымдастырылған экстремистік оқиғаларға жауап ретінде Еуроодақ мемлекеттері Ирак пен Сирия, бүгіндегі Африка елдерінің аумағындағы қарулы жиһадистерге қарсы соққы бергеннен кейін, кәрі құрлықтың мұсылман көпшілігі өмір сүретін мемлекеттерінде террористік қаупі қайта өсіп отыр.

Жасырын «ұяшықтар»

ДАИШ толықтай жеңіліске ұшырады деп айтуға әлі де ерте, себебі бұл террористік ұйымның ұяшықтары Ауғанстан мен Ливия, Азия мен Синай түбегінде өз желілерін ұйымдастыру үстінде. Көптеген көшбасшылары тірі. ДАИШ ұйымы 1998 жылдан бері Иордания жерінен бастау алып, бүгінге дейін өздерінің террорлық белсенділігін жалғап келеді, бұл дегеніміз – террористік қозғалыстың орын алған жағдайларға жақсы бейімделетінінің белгісі.

 Олардың «Ислам Халифатын» құру идеялары күйреуге ұшырап, сол себепті әртүрлі жерлердегі  «топтық» жасырын желілер құруда.

Бұл жасырын террорлық ұяшықтарың басым көпшілігі Еуропада тұрақталған. Еуро полицияның (Еуропол) мәліметтері бойынша, 30 мыңнан   астам адам жасырын террористік ұйымдардың тізімінде бар. Еурополдың басшысы Роб Уайнрайт: «Соңғы жылдары кәрі құрлықта жасырын ұяшықтардың қызметтері өте белсенді деңгейде, соған байланысты Еуропаны террористік қауіп-қатердің жаңа толқыны күтіп тұрғандай», – деді.

 Үйден шыққан террорист

Терроризм мен  көтерілістерді зерттеу институты (Terrorism and Insurgency Center, JTIC) сарапшыларының зерттеу қорытындылары бойынша, 2017- 2018 жылдары аралығында қарулы қақтығыстар болып жатқан Сирия мен Ирак аймағынан «оралған – террористердің» дүмпуі болады деп күтілгенмен, оралғандардың саны төмен. Алайда, келіп жатқандар бар және олар өте мықты әскери дайындықтан өткен. Жарылғыш заттар мен қару-жарақтың түр-түрін меңгерген, бомбалармен жасақталған автокөліктер мен қатар пилотсыз ұшқыш аппараттарды басқаруды да біледі.

Ал негізгі қауіп-қатер «үй жағдайында дайындалған террористтерден» болып отыр, яғни ғаламтор желісі арқылы арнайы нұсқаулармен террорлық іс-әрекеттерге баратын адамдар тобы. Олардың көбісі өздерін «таза мұсылманбыз» деп санайды, еуропалық паспорттары бар, екінші немесе үшінші толқындағы эмигранттардың ұрпақтары. Радикалдануының себебі: әлеуметтік жағдайларының төмендігі мен қанды оқиғалардың құрбаны болған жақындарына деген сезімдерден пайда болған. Бельгиялық «Эгмонт корольдік халықаралық қатынастарды зертеу» орталығының 2018-жылдың наурыз айында шығарған баяндамасына қарайтын болсақ, 2017-жылы Батыс Еуропада болған 16 теракт пен 30-дан астам алды алынған террорлық актілердің барлығы осы «үй жағдайында дайындалғандардың» көмегімен ұйымдастырылған.

Еуропалық стратегиялық барлау және қауіпсіздік орталығының негізін қалаушы және бас директоры Клод Моникен: «Еуропадағы ДАИШ ұйымдастырған ең алғашқы терактіден бастап екі негізгі бағытты көреміз», – дейді. 2015-жылғы Париждегі, Сен-Денидегі  теракт, 2016-жылғы Брюссельдің аэропортындағы терактілердің барлығы шет елдік содырлардың, яғни Сирия жерлерінде арнайы дайындықтан өткен азаматтардың ұйымдастырғаны болса, ал Барселонадағы фургон, Ницца қаласындағы бульдозермен, Лондон мен Копенгагендегі шабуылдар Еуропаның азаматтарымен іске асырылған болатын.  Бұл өте маңызды жағдай, себебі, Сирия мен Ирактағы содырлар қайтуға қатты құлқылары жоқ, алайда бізге қиындық тудырып отырған «үй жағдайында» ғаламтор арқылы нұсқаулар алып отырған потенциалды террористер.

Ешқандай қаржы керек емес

«Үйден шыққан» террористердің арасында белең алған тағы бір құбылыстардың бірі – оларға ешқандай да қаржы мен қарудың керек еместігі. Яғни, жарылғыш заттардың, қару-жарақтың орнына жәй ғана үлкен габаритті автокөліктердің өзі ғана жеткілікті.  Мұндай терактілерді ұйымдастыру үшін, тек қана ғаламторды пайдалану арқылы радикалды діни материалдарды оқып, соған сеніп қалсаңыз болды.

Бүгінгі ақпараттық технология дамыған және жаһанданған әлемде осындай террорлық актілерді ұйымдастыруға қаражат көп кетірудің қажеті жоқ. Мұны қорғаныс саласындағы арнайы зерттеулер жүргізетін Норвегияның зерттеу институты (Norwegian Defence Research Establishment, FFI) өз зерттеулерінің қортындысында көз жеткізіп отыр. Батыс Еуропадағы соңғы жылдардағы террорлық оқиғаларға себепкер болған азаматтардың барлығы дерлік зұлым іс-әрекеттерін өз табыстарына немесе жинаған қаржыларына ұйымдастырған.  Бұл террористердің тоқсан пайызы жақсы табыс әкелетін жұмыстармен қамтамасыз етілген болып шықты, тек қана 25 пайызы ғана сырттан қаржыландырылған. Сарапшы мамандардың пікірінше, өзін-өзі қаржыландыратын осындай «жасырын топтардың» барлығы сырттан келетін қаржыға тәуелсіз. Болған террактілердің 75 пайызында 10 мың АҚШ доллары ғана болған, әрине бұл қомақты қаржы емес. Болашақта мұндай арзан террорлық шабуылдар және өз тапқан қаражатына ұйымдастырылған террорлық актілерді бақылауға немесе дер уақытында анықтауға қиын болатыны сөзсіз.

Соңғы төрт жылда Қазақстанда экстремистік және террористік қылмыстардың саны айтарлықтай азайды деуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы күрестің белсенді қатысушысы атанды. Алайда, бұл дегеніміз жоғарыда айтылып кеткен өз қаражатына жүргізілетің террористік актілер мәселесіне жайбарақат қарау керек деген сөз емес. Мемлекеттік деңгейде әлемдік пробеламаға айналған террористік ұйымдарға қарсы адамдардың иммунитетін қалыптастырып, бақылауда ұстауы қоғамның қауіпсіздігі үшін қажетті фактор. Себебі, бұл жұмыстың негізіндегі ең басты құндылық – адам өмірі мен оның еркіндігі жатыр.

Шамшатов Еркебұлан
Діндерді зерттеу орталығының мониторинг және талдау бөлімінің сарапшы маманы

Пікір жазу