Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақал-мәтелінің қағидаларымен қаруланған Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы,  Жарқайың ауылының біртуар азаматтары ХІХ ғасырда Бұхара, Самарканд қалаларының медреселерінен діни білім алып, өңіріміздің елді мекендерінде жамағатты ғибадаттыққа тәрбиелеу және білім беру жолдарында табанды еңбек атқарғандары белгілі.

Олардың бірталайы діни ғұламалар дәрежесіне дейін көтеріліп «әулие, хазірет, ишан, халифа (қари), халфе» деген құрметті атақтарға қол жеткізген. Атап айтқанда, ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған тоғыз қасиетті әулие ауылымызда дүниеге келген. Олардың алтауы – менің 7-ші атам Маңыбай батырдың (1730-1820 жж.) үшінші әйелінен туған Қашау (шамамен 1770-80 жылдар аралығында туған) есімді баласының ұрпақтары: Ақылбек, Әлібек, Базарбек, Қосшыбек, Басшыбек және Кенжебек (олар шамамен ХІХ ғасырдың басында дүниеге келген).

Әулет шежіресіне сәйкес, Маңыбай атамыз ХІХ ғасырда кіші ұлы Қашаудың отбасымен Қарағанды өңірінде тұратын нағашы жұртына көшіп кеткен деген деректер сақталған. Осы әулиелердің аталған өңірде өмір сүрген мекенжайларын іздестіру, сол бабаларымыздың рухтарына тағзым етіп, олардың есімдерін рухани жаңғырту – алға қойған мақсаттардың бірі. Босат пен Қисықсары Ізбасарұлы әулиелерге туған елдің топырағы бұйырып, олардың зираттары ауылдың төңірегіне жайғастырылған. Қабір бастарына ел азаматарының күшімен ескерткіш тастар қойылған. Қуасары әулиенің зираттының орны белгісіз.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген халық өсиеттерін биік ұстаған бесінші атам Данияр би Оразұлы (1790-1853 жж.) Жарқайың ауылында мешіт салдырған. Бұл деректі негіздейтін тарихи ресми құжаттар Алматы қаласындағы ҚР Мемлекеттік мұражайында «Көкшетау округінің биі Оразов Даниярдың өз мекенжайында мешіт салуы туралы» деген 355-ші істе көрсетілген. Ол іс 1850 жылдың шілдесінде ашылып, 1854 жылдың 24 қыркүйегінде аяқталған.

Аталған істе 1848 жылдың 5 маусымында Данияр биге ағаш үй салуына және егін егуіне ұлықсат берілгендігі туралы мәліметтер бар. Ал атамыздың мешіт салуға арналған ұсынысы Омбы қаласының Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасына Андағүл-Ораз-Бәйімбет болысының болысы Шөкей Жылғариннің 1849 жылғы 20 қыркүйегінде №100 рапортында көрсетілген.

Бұл мешіттің құрылысы 1853 жылдың ақпан айында аяқталған. Мешіттің орналасқан жері – Есіл өзенінің оң жағындағы Жарқайың («Жалғыз қайың» деген сөзден шыққан) атты атамыздың қыстауының орны екен. Бұл ғимарат Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының алғашқы мешіті болған. Оның тұңғыш имамы болып Данияр бидің ұлы Тоқбетәлі би тағайындалған.

Енді осы мешіттің салынуының мән-жәйіне үңілетін болсақ, ол өз заманында Солтүстік Қазақстан облысында салынған алғашқы мешіттердің қатарына кіреді. Атамыздың білім ордасын салып, имандылық жолындағы атқарған осы істері оның өз заманының алдыңғы қатардағы ойшыл, кемеңгер, рухани ұстамдары мол, беделді, абыройлы азамат болғандығын айқындап тұр.

Бізге жеткен деректерге сай, ол Бұхара медресесінде діни білім алған. Түркістан қаласы арқылы Меккеге қажылық борышын өтеуге шыққан сапарында дүниеден озған. Оның 1853 жылы өмірден өткендігі туралы мұражайдан алынған деректерде көрсетілген.

«Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді» деген халық даналығын іс жүзіне асыруға зор үлес қосқан ауыл тұлғаларының бірі әрі бірігейі ретінде Даниярұлы Тоқбетәлі бидің есімін ерекше атаған орынды. Ол менің төртінші атам Даниярұлы Кенжеәлі бидің (1829-1911 жж.) ағасы болып келеді. Егер менің атам ел басқарушы, сот төрешісі, шешен болса, ал оның ағасы өзінің бар ғұмырын ислам дінін уағыздауға арнаған.

Оның есімі діни тұрғыда Тухфатулла деп қойылған (бұл араб тілінде «Алланың сыры, арлы, намысты» деген ұғымдарды айқындайды). Ол қажылық борышын өтеген. 1821 жылы дүниеге келіп, 1905 жылы 84 жасында бақилық болған.

Тоқбетәлі қажы «би» атағына ие болған кісі. Бұл деректі растайтын Сібір қырғыздарының облыстық басқармасының №12192 іс қағаздарында тіркелген. Істегі 1858 жылдың 28 наурызында № 674 төлқұжатта Сібір қырғыздар облысының Ішкі істер министрлігінің әскери губернаторының (Омбы қаласы) Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының биі Данияров Тоқбет пен ауыл старшинасы Құттыманов Ақпан және олардың серіктестеріне Жалғыз Ағаш (Жарқайың) бөктерінде 14 ағаш үй салуга ұлықсат етілгендігі жазылған.

Осы құжатқа сәйкес ағаш үй салуға қол жеткізген тұрғындар: ауылнай Құттыманов Ақпан, Алпынов Тапанбай, Алпынов Төребай, Данияров Жұмабай, Данияров Байгөншек, Күсенов Сүгербек, Күсенов Шорпақ, Күсенов Шоқпар, Бұтанов Тәттібек, Қазыбеков Жанғожа және Данияров Кенжеәлі.

Ата-бабаларымыздың осы атқарған іс-әрекеттері көшпелі қазақтардың біздің өңірдегі тұрақты өмір сүруге бетбұрыс жасаған алғашқы мекенжайлардың қатарына жатады. Сонымен қатар, мұражай қорларында сақталған №13320-шы істе Тоқбетәлі атамызды Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының имамы лауазымына бекітуге арналған кұжаттар тіркелген. Ол іс 1859 жылдың 18 қыркүйегінде басталып, 1860 жылдың 18 тамызында жабылған.

Бұл істе келесі кұжаттар шоғырланган:

  • атамыздың орыс патшасының атына жолдаған арызында өзінің әкесі Оразов Даниярдың салған мешітіне Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының имамы лауазымына берілген төлқұжатты бекітуін сұрайды;
  • атамыздың Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының имамы лауазымына бекітуге арналған Орынбор діни жиналысының мүфтиі тархан С. Пеймановтың қолы қойылған төлқұжаттың көшірмесі;
  • Андағұл-Ораз-Бәйімбет болысының қоғам мүшелерінің атамызды имам лауазымына сайланғандығына куәлік ететін құжаты. Ол құжатта болыс басқармасының алты лауазымды қызметкерінің және он бес бидің қолдары мен мөрлері қойылған;
  • Көкшетау облыстық аймақ приказының жоғарғы басшы органдарымен байланысын қамтамасыз еткен екі құжат.

Тоқбетәлі (Тухфатұлла) атамыздың алты ұлының бесеуі әке жолын жалғастыра келе, дінтану, шығыстану, мәдиниеттану және оқу-ағарту салаларында зор еңбек сіңірген. Атап айтқанда:

  • Қожахмет хазірет, ишан, қажы, имам Тухфатуллаұлы, 1852 жылы туып, 1914 жылы 62 жасында бақилық болған. Оның өмірбаянын қамтитын тарихи директер атамыздың қабірінің басына қойылған құлпытаста жазылған. Онда қажы, ғалым, фазыл (абзал, рухани кемелденген, кәміл толық жетілген ғалым және адам деген мағынасын білдіреді). Ол 35 жасына дейін Бұхарада оқып, 62 пәнді тәмәм қылған.

Осы орайда, атамыздың игерген пәндер сандарының мән-мағынасын тереңірек ұғыну үшін, Сабит Мұқановтың «Аққан жүлдыз» атты бірінші кітабының 15-ші бетінде (Алматы-1967) келтірілген деректерге жүгінгенді жөн көрдім. Онда: «Сарғалдақ Қара – Бұхарада 30 жыл оқып, 12 пәнді тәмәм қылған, бұл елде теңдесі жоқ ғұлама екен, оның үстіне қараңғы жұрт оны «Ғайыпты болжайтын әулие» деп дәріптерген екен (Мәсімұлы Сарғалдақ қожа – Абылай ханның балдызы)».

Жинақталған тарихи деректерге сай, атамыз шамамен 1867-1887 жылдары аралығында Бұхара қаласында медреседе оқуын тәмамдаған соң, сол қалада қазақ медреселерінің бірінде мұғалім ретінде дәріс бере жүріп, ғылыми жұмыстармен де айналысқан көрінеді. Оқу кезінде араб, парсы тілдерін меңгерген.

Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіптің «Ит дүние» атты кітабының 174-175 беттерінде «Бұхара сапары» өлеңінде келтірілген деректерге сүйіне отырып, Тухфатулла не болмаса оның ұлдары Қожахмет пен Жағыпар Бұхарада өз медресесін салғанға ұқсайды. Енді осы деректерді ақынның өлең жолдарымен келтірейік:

Семейлік Фидахметті көзім көрді,

Бастас боп молда Ғали бірге жүрді.

Тоқбет қажы баласы Жағыпар сабаз

Мерғарабта көп тұрып, сол жайда өлді.

 

Ол жайды барып көрген болмайды қор,

Бұрқырап жерден көкке атылған нұр.

Бір өзінде тап отыз медресе бар,

Медресе «Жағыфар қожа» тағы атағы зор.

Ол алғашқы діни білімін Қызылжар қаласында Уәли-Ахмет хазіреттің қарамағында 10 жыл оқу нәтижесінде қол жеткізген. Содан кейін інісі Жағыпар екеуі білім жолын Бұхара қаласында 10 жыл бойы жалғастырып «хатым» діни дәрежесінің иегері атанып, елге оралады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Шетелдіктер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы не деді?

Туған мекені – Жарқайың ауылында медресе салдырып, соның қабырғасында 35 жыл мүдәрріс мұғалім ретінде сабақ беріп, алты жоғарғы білімді шәкірт дайындаған. Олардың үшеуі «хатым» дәрежесіне ие болған.

Сонымен қатар, 2-3 жыл оқып кеткен шәкірттері көп болған. Атамыздан ұрпақ қалмаған, оның бірінші әйелінен туған ұлы Есмақ, жігіт күнінде жақсы тағылым алып, қатарға кіріп келе жатқанда, бақилық болған екен. Екінші әйелінен бала болмаған. Жалғыз баласының марқұм болуы ауыр қайғыға ұшыратып, қапаланудың салдарынан көпке ұзамай, дүниеден озған.

Халық атамыздың кемеңгер, ақиқатшыл, шешендік қасиеттеріне сәйкес, оған «би», «хазірет» деген атақтар беріп, өз ризашылығына бөлендірген. Ел арасында кейбір дау-жанжалдарды билер мен болыстар шеше алмаған жағдайларда, оларды «Хазіретке, шариғат үкіміне барыңдар» деп атамызға жібереді екен;

– Жағыпар Тухфатуллаұлы Бұхарада өз атындағы медресесінде өмірінің соңына дейін дәріс беріп, сол қалада бақилық болыпты. Қожахмет пен осы атамызға байланысты деректерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы қази Садуақас Ғылмани Жарқайың ауылының молдасы Баязитов Смағұлмен (Тухфатұлланың немересі) әңгімелесу кезінде жазып алған екен (С. Ғылмани «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары», 1-ші кітап, 223-226 беттер);

– Мухамеджан халифа (қари), қажы, молда Тухфатуллаұлы Бұхара қаласында оқыған, «Құранды» сол жерде жаттап, «қари» болып елге оралған, 25 пәнді тәмамдаған, 1872 жылы дүниеге келіп, 1921 жылы 49 жасында бақилық болған (бұл деректер оның зираттағы құлпытаста жазылған).

Смағұл молданың айтуынша, ол алғашқы діни білімін Қызылжар қаласында оқып, «Хафиз – и Қалам» болған. Өмірінің соңғы жылдарына дейін сол қалада тұрақты өмір сүріп, Шалақазақ махалласының мешіт-медресесінде «қари» болып, Кеңес өкіметі орнай бастаған кезде елге оралып, көп ұзамай сырқаттан дүниеден озған.

Ол сол махалланың тұрғыны Сүлейменұлы Данияр қажының қызымен тұрмыс құрып, балалы-шағалы болған. Жазушы Сәбит Мұқановтың деректеріне сәйкес,  Данияр жүн сатып байып, дәулеті жағынан бүкіл Қызылжардың алдыңғы қатарына шығып, бір ауылды түгел қамтитын тамаша жұрт салады: олардың ішінде Қызылжардың ең сәулетиі, екі қабатты тұрақтың мешіті де, медресесі де, дүкені де бар болған екен.

Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, оның үйіне жие тоқтап, сый-сияпат көріп отырған. Шоқанның өзі де оның үйінде бір рет тоқтап, қонақ болған көрінеді (С. Мұқанов «Аққан жұлдыз», 2 кітап 195 бет).

Осы көрсетілген туындының 75-бетінде «Дербісәлі Әбілені Есіл бойындағы мешіті, медресесі бар Қожахмет хазіретке бала шағынан берген. Оның оқуын тауысқан зерек Әбіле Қызылжардағы Мұхамеджан қаридың медресесінде оқып, «хатым-кәрім» болып шыққан».

Ал Шалақазақ махаласында орналасқан Даниярдың мешіті мен медресесі оның күйеу баласы Мұхамеджанға мұрагерлік жолыменен өткендігін дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома ретінде қабылдау орынды деп есептеймін;

  • Ахметәлі Тухфатуллаұлы Бұхарада жоғарғы білім алғанан кейін, ғылым жолын жалғастыру мақсатымен сол қала медреселерінің бірінде дәріс беріп, «халифа» (орынбасар, мұрагер, артқы) лауазымына қол жеткізген екен. Кейінен елге оралғаннан соң Кызылжар қаласының бір мешітінің имамы болып жүрген кезінде, Самарканд қаласына барып, шейх Ишан Шафи’и-ден дәріс алған көрінеді.

Осы баяндалған деректер діни ғалым Тарихи – и Баранғазидың «Мусульмане в России и парадокс Бухары» деген еңбегінде жазылған. Бұл туындыда атамыздың атын «Ахмад-Уәли б.Тухфатулла әл-Қызылжари» деп жазған екен. Жоғарда көрсетілген мағлұматтарға сәйкес, ол Бұхарадан елге оралғаннан кейін, Қызылжарда ағаштан жасалған үш қазақ мешітінің бірінде имам болғанға ұқсайды.

Соның ішінде, оның туған ағасы Мұхамеджанның қайын атасының Шалақазақ махаласындағы мешітте имам болуы мүмкіндігін де болжауға болады. Оның отбасы мен ұрпақтары туралы деректер сақталмаған;

– Баязит қажы Тухфатуллаұлы шамаменен 1870 жылы дүниеге келген, әкесінің қолынан оқып, орта діни білімді меңгерген. Ағасы Қожахмет хазірет бақилық болғаннан кейін, жамағаттың ұйғаруымен Жарғайың ауылы мешітінің имамы лауазымын атқарған;

– Смағұл молда Баязитұлы әкесі бақилық болғаннан кейін атамұра салтына сәйкес, ауыл мешіті имамның лауазымын атқарған. Оның діни білімі – орташа, Қожахмет хазіреттің қарамағында оқыған. Сол кездегі заманның әрқилы тәлкектеріне қарай, оның осы лауазымға 3-4 рет қайта-қайта оралып отыруына тура келген. Ол  1966 жылы 77 жасында о дүниелік болған;

– Ауылымыздың аталас азаматы Қази халифа Айтуарұлы орташа діни білімін Қызылжар қаласындағы Бари хазірет, ахун қарамағындағы медреседе оқып, «хатым» мәртебесіне ие болып, ұстазының ұйғаруымен оған Қази «Халифа» деген діни атақ беріп, өзі оқыған медресеге мұғалім етіп тағайындаған.

Сол оқу орнында 20 жыл дәріс берген. Ғалым Тарих-и Баранғазы діни ғұламалар туралы жазған тарихи мақаласында Ахмед-Вали б.Тухфатулла әл-Қызылжари Қази халифаның Бұхараға оқу сапарына жүрер алдындағы оған ескертпе ақыл-кеңес бергендігі жайлы жазылған. Демек, ол Бұхарада оқып, жоғары діни білім алған көрінеді.

Жарқайың мештінен білім алған ел азаматтарының көпшілігі молдалық құрып,  дін жолында, халық арасында уағыздар айтып, қызмет атқарған. Атап айтқанда, Мұқаш Жұмаұлы, Ерман Исаұлы, Сауыт, Сауытбай және Сейіл Қожақұлдары, Кәкім Ақсақұлы, Сәрсембай Абылайұлы және Зейнолла Сәрсембайұлы, Ғалым Қабдолұлы, Нұрахмет пен Фазыл Қазиұлдары және Алмат Зұлқарнайұлы.

Кеңес дәуіріне дейін 12 ауыл азаматтары қажылық борыштарын өтеген. Олар Жайсаң, Қазыбай, Жайлыбай, Әубәкір, Сайбан (2 рет),  Қанапия, Кіден (2 рет), Рахмет Кіденұлы, Баязит, Жақып, Жүсіп және Байман. Ауылымызда 4 қари болған, олар:  Жайсақ, Қозыбай, Жайлыбай және Әубәкір.

Осы орайда, жоғарыда баяндалған мәліметтерге сүйене отырып, тарихи тұрғыда   қысқаша ой түйіндейтін болсақ, ауылымыздың діни ғұламалары өздері өмір сүрген замандарда дінтану, шығыстану ғылымдарын меңгеруде зор табыстарға қол жеткізе келе, сол білімдерін төменгі буын ұрпақтарға үйретіп, оларға аманат ретінде қалдырған. Демек, қазақтар ерте замандардан тек мал бағумен кәсіптеніп қоймай, өз ұрпақтарын сауатты да салауатты өмірге тәрбиелегендерінің көрнісін анық байқуға болады.

Сонымен қатар, бүгінгі ұрпақтар ата-баба жолын жалғастыруға өз үлестерін қосуда. Бұл үдерістерді ұрпақтар сабақтастығының ізгі істермен жалғас табуының үлгісі деп қабылдауға болады. Атап айтқанда, мен, геология-минералогия ғылымының кандидаты, Қ. Сәтбаев атындағы Техникалық университеттің профессоры, «Геотерм» өндірістік компания ЖШС Бас директоры 2014 жылы Жарқайың ауылында заманауи мешіт тұрғыздым.

Менің ұлым Мұрат қажы, жоғарғы аталған компанияның бас директорының бірінші орынбасары лауазымын атқарады. Сондай-ақ, Жайлыбай қари Рахметұлының (жас кезінде «Бала – қари» атанған) балалары, немере, шөберелері имандылық жолын ұстанады. Олардың бірі Қойшин Марат қажы Молдашұлы 2018 жылы «қари» мектебін ашқан.

Бұл құжатты дайындау кезінде маған зор адамгершілік және парасаттық сезіммен кәсіби ақыл-кеңес берген Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тиышханұлына шексіз ризашылығымды білдіре келе, осы құжатты сіздің кафедраға жолдай отырып, оған ғылыми баға беруді, діни баспалар мен мекемелерде мүмкін сақталған ата-бабаларымның жазған мақалалары мен ғылыми еңбектерін іздестіру әрі олардың есімдерін рухани жаңғыру мақсатында насихаттаудың бағыт-бағдарламарын көрсетуге сіздерден кәсіби нұсқа мен жәрдем етуді сұраймын.

 Дулат қажы ҚАЖЫКЕНҰЛЫ

Пікір жазу