Тарихшы Жарас Ахан дін мен ғылым қақтығысының алдын алу, ислами білім арқылы халқымыздың ғылымға деген құлшынысын ояту жолында еңбек етіп жүрген жандардың бірі. Біздің сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.

– Жарас Иебергенұлы, қазіргі қоғамда діни білімді осы дүниелік және о дүниелік деп бөлетін үрдіс қалыптасты. Осыған көзқарасыңыз қалай? Бұл туралы хақ Исламды түсінген ата-бабаларымыз не дейді?

– Білімді мына дүниелік және о дүниелік деп бөлу дұрыс емес. Себебі, дін – екі дүниелік ғылым, ілім. Ғылымның өзі діннің ішіне кіреді. Бірақ, сол діннің ықпалымен ғылымның үнін өшіруге әсте болмайды.

Біз ұстанымдарымызда, уағыз немесе түсіндіру жұмыстарымызда екі дүниені бөліп түсіндірсек, ол санада қақтығыс тудырады. Пайғамбарымыз: «Бұл дүние – ақыреттің егістігі» деген. Тағы бір хадисінде: «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер. Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер», – дейді.

Қашанда білім алғанда және оны таратқанда екі дүниені ұштастырып отыру қажет. Исламда орта жол деген бар. Хәкім Абай айтады: «Әр нәрсе шегіне шықса, боғы шығады», – дейді.

Сосын дінді пайдаланып, ілімді Құдаймен қорқытып беруге де болмайды. Себебі қазақ айтады: «Көп қорқытсаң – бездірерсің, тым жәннатты айта берсең – жалқау қыласың». Бізде, өкінішке қарай, Құдаймен қорқыту әлі де болса басымырақ.

Бұдан айтпағымыз: Құдаймен қорқыту қате деген сөз емес. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демей ме. Айтайын деген ойымыз: Құдайдан қорқыту мен Жаратушыға деген махаббатты тең ұста деге ниет. Себебі ілім мен білім қалай алынса, адам соны кейін барып төгеді. Пенде байғұс ішіндегісін төгетін жаратылыс.

– Діни білімді тек елімізде алу керек пе? Бүгінде шетел аспай, өз жерімізде білім алу керек деген ойлар айтыла бастады…

– Өте дұрыс шешім. Себебі діни сенімді мекеніңмен байланыстыр деген ұғым бар. Діни сенім халықтың мәдениетімен ұштаспаса, ондай діни білімнің халыққа тигізер пайдасы шамалы болады. Себебі, сан ғасырлық мәдениетіңді күйретіп тындырады.

Оның бір көрінісі – бүгінгі салафилердің тірлігі. Мәдени құндылықтарымызды «бидғат», «ширк» деп отыр. Діни сенімнің қозғалатын жері «ақыл мен рух» дейді даналар. Мәдениеттің де қозғалатын, орналасатын жері «ақыл мен рух». Яғни, сырттан таңылатын діни білім адамға уағыздалғанда, жан-дүниеде арпалыс болып, бәрібір дін мәдениетті жеңіп шығады. Себебі, дінде екі дүниелік сана бар. Дін пендені екі дүниеде де тыныштандырады. Ал мәдениетте ол жоқ.

Бірақ, бір қызық бар. Қазақ мәдениетінде Ислам діні мен ұлт өркениеті өзара ажырамастай болып байланған. Рухани терең адамдарға уахабилік санамен алынған діни білімнің әсер етпейтіні содан. Себебі, ген де, тек те Ислам мәдениетімен ұштасқан.

Ол сенімнің бізге жат сияқты болып көрініп, жан-дүниемізде орын алған арпалыста біздің мәдениеттің жеңіп шығатыны содан. Бұл үшін бабаларымыздың еңбегіне рахмет айтуымыз қажет.

Кезінде патша үкіметінің саяхатшы-тыңшысы болған С. Тянь-Шаньский деген ғалым: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Мәдениеті тұнып тұрған білім», – депті. Яғни, мәдниетімізде екі дүниелік ілім мен ғылым тұнып тұр.

Кезінде Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Қазақ тілі – әулиелік тіл» дегені сол. Бұл өз-өзімізді мақтау емес, тарихи, ғылыми шындық нәрсе.

Тақырыпқа қайта оралсақ, діни білімді неге тек елден алуымыз қажет? Себебі, өзге елде діни білімді өзге мәдениетпен, яғни, қай жерден діни білім алдың, сол елдің мәдниетімен ұшастырып береді. Адам оны су секілді сіміре береді. Сөйтіп елге келгенде санасында арпалыс туады. Елдің мәдниетінде бір қателіктер бар сияқты көрінеді. Себебі, оның көкірегінде өзге мәдени таным сайрап жатыр. Сократтың адамды «құбылыс» деп атағаны, оны бірнеше таным қоршап тұрады дегені сол. Пенде осы танымдардың арасында мың құбылады.

– Осы жерде жалпы білім алу мәселесіне тоқталғым келіп отыр. Білімнің адам өміріне қаншалықты ықпалы бар?

Антик заманының ұлы ойшылы Сократ: «Ақпараттың бәрі білім емес. Білімінің бәрі ақыл емес», – деген. Адам білімді болуы мүмкін, бірақ ақылды болмауы мүмкін. Қазақ оны көкірек көзі ашылған немесе жабық деп суреттейді.

Ақпарат – ақылды қалыптастыратыны анық. Ақыл адамды жөнге салады. Мәселе қандай ақпарат алатыныңызда. Ол ақпарат жүрек азығымен, іліммен байлынысты ма?

«Білім» мен «ілім» дегеніміз не? Ілім тәрбиемен келеді. Білім ақпаратпен келеді. Осылардың ара-жігін ажыратып, бірге бере білуіміз қажет екен. Яғни, ақылмен қатар жүреккке де азық қажет. Білім жүрекке түспесе нәтиже бермейді. Жүрекке түсуі үшін ол білім метафизикамен, екі дүниемен, іліммен байланыста болып, мән-мағынасы болуы қажет.

Мұсылман ғалымы Эдебали: «Күні келгенде адамның күші де тауысылады, дегенмен білім өз тіршілігін жалғастырады. Білімнің сәулесі жабық көздердің ішіне кіріп, оны жарыққа қауыштырады. Нағыз өлім болса, бұл ілімнен, яғни «болмыстың бірлігінен» үлес ала алмағандарға келеді…», – дейді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бас мүфти 4 баспана кілтін табыстады

Адам қажет ететін үш мұқтаждық бар екен. Олар: азыққа мұқтаждық, білімге мұқтаждық және тәрбиеге мұқтаждық. Бабаларымыз ұрпағына білімді тәрбиемен сіңірген. Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Адамға оның білімі мен ілімі ғана дос», – деген екен.

– Өзіңіз айтқандай, білім жүрекке түсуі үшін, жастарды оқуға құштар қылуда даналар қандай әдістерді қолданған?

– Шығыс даналары «Құпиялар ғашықтықпен ашылар, құмарлықпен емес» дейді екен. Адамға деген махаббатың Аллаға, білім-ғылымға, сүйсініп жасар кәсібіңе айналады.

«Білу, тану, сену, сезіну, мойынсұну» адамда болуы қажет дүниелер. Осы бес қабаттан өткенде ғана мүлгімейсің» дейді ойшылдар. Білу, тану, сезіну басқа танымдар – тарихи, философиялық, мәдени, ғылыми танымдарда да болғанымен, мойынсыну тек діни танымда ғана бар. Яғни, дін ақылыңмен алып жатқан біліміңнің қайырлы болатынына жан-дүниеніңді иландырады.

Адамға білім берілгенде осы танымдардың бәрі өзара үйлесімде болуы қажет. Бірі адамның ақылын артқа тартпай, еркіндіккке шығаруы қажет. Пендеге күш-қуат сыйлауы керек. Сонда ғана адам білім-ілімге құштарланып, алға ұмтыла бастайды.

Шәкәрім бабамыз: «Ақылды тұмшалаудан азат қыл, ақылға еркіндік керек» дейді. Сол кезде сен үлгілі, білімді адамға айналасың. Адамдар қашан да өнеге тұтатын тұлғаларды іздейді. Білім де қажет, бірақ жалғыз білім пайдаға
аспайды. Жүрек тереңдігі, рух сезімталдығы болмаса.

– Кейбір жандар «жаратылыстану білімдерінен мән таппадым» деп, діндарлыққа бет бұрып, бұрынғы алған ілімін тәрк етіп жатады. Бұған қатысты Ислам ғұламалары не дейді?

– Олай болмас үшін әр адам «материалдық байлыққа деген ұмтылысына рухани мән кіргізе білуі қажет».

Ал адамның материалдық игілік болып табылатын білім-ғылымынан дінге бет бұру арқылы, оны тәрк етіп тастап кетуінің мәні бар. Адам материалдық байлығы арқылы жанының талаптарын басуға тырысса да, тыныштықпен қауыша алмайтыны түсінікті. Ал дін болса, адамға тәні мен жанының арасындағы тепе-теңдікті ұсынады. Діни сенімімен адам еркіндікті сезінеді. Өз-өзіне ерік береді. Ерік қалауы мен құндылығы пендені алға бағыттайды.

Алайда, «шынайы дін адамды бір жағынан рухани әлемге бағыттаса, екінші жағынан материалдық дүниенің қажеттіліктерін де жоққа шығармайды». Адамның материалдық жетістіктеріне рухани мән береді.

Бұл жерде ең басты мәселе діни сенімде білім алуға тереңдегенде, пенде материалдық игілік пен рухани игілікті санасында қарсы қойып алады.

– Білім жолындағы биікке шығу үшін тарихта даналар қандай жолды таңдаған?

Білімде тау тұлға болғысы келген адам мақсатты қолы жетпейтіндей тым жоғарырақ қоюы қажет екен.

Тарихтағы даналарды биік армандар жетелеген. Данышпан Сократ: «Әрбір адам күн сияқты, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек», – дейді. Кейбір жандармен сырласып көрсең, «мен өзімнің жұмысымды жасап жүрген жоқпын» дейді. Дінді тыңдасақ, «Адамның жүрегі Алланы ойлаумен ғана тыныштық табады» дейді.

Қазақ айтқан «жалған дүниеге» адам жүрегінің еш байлана алмай тұратыны да белгілі. Бірақ, адамның мәңгіліктігі осы өмірмен ғана байланысты. Оған жоғарыда келтірген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер, қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер» деген хадисінен-ақ, сенің мәңгілік өмірің мына дүниеде жеткен жетістігіңе байланысты болатыны дәлел.

Халық арасында Лев Толстой айтыпты деген мынадай керемет әңгіме бар.

Толстой немересімен әңгімелесіп отырып:

– Саша, өскенде кім боласың? – дейді.

Немересі:

– Сіз сияқты даңқты жазушы болам, – деген екен.

Сонда жазушы:

– Онда сенен ештеңе шықпайды-ау, – депті.

– Неге?

– Сенің жасыңда мен Жаратушыға ұқсаймын деп армандаушы ем! – деп немересін ойландырып тастайды.

Жазушы болу оңай шаруа емес. Бірақ, шектеліп қалуың мүмкін. Қалай? Атаққа бөленген жазушы көп ұзамай тоқырауға ұшырайды. Себебі, жазушы ретінде мойындалғаныңда, мақтаулар мен даңқтар адамның болмысының дамуын тежеп тастайды. Себебі, сен мақтанға елігесің.

Ал Жаратушыға қарап еліктеу, оның шығармашылық бағытына ғашық болу «шексіздік болмыс». Яғни адам болмысын шегі жоқ шексіздікке ұластыруы қажет. Адам бұл жолда қиналуы мүмкін. Бүкіл өмірін өткізуі мүмкін. Өмірдің басқа да бағытына мүмкіндігі болмауы да ғажап емес.

Яғни пенде өмірінің соңына дейін білім қуып, өмірден өтуі кәдік. Алайда, мұндай жандардың шығармалары көне заманнан бері оқылып келеді. Сол білімді жандардың заманында олар мекендеген елдер көгеріп, жанданды.

Мысал келтіретін болсақ, Хорезмді көгерткен Әлішер Науаи, Кордованы гүлдендірген Ибн Рушд, Таяу Шығысты шырайландырған Әл-Фараби бабамыз болатын. Қытайды біріктірген Конфуцийдің ілімі еді ғой. Грек жерін жайқалтқан Сократ пен Платон пәлсәпасы болатын. Бұлар «ҰЛЫ БОЛМЫСҚА» ғашық болып, қол созған жандар. Сондықтан заманынан озып туды. Заманы бұларды билемеді, бұлар заманды билеп кетті.

Мұндай тұлғалар туылған халықтың бағы бар. Туылмаған елдердің соры бар.

«Асар» ақпараттық-талдау орталығы

Пікір жазу