Ел ішінде тараған індет байды да, кедейді де аямай жатыр. Қаншама адамның жақындарынан айырылған қайғылы хабарларын күн сайын еститін болдық. Осындай алмағайып уақытта дерттің аузын алу үшін жанашыр бауырларымыз көмек беруді жөн көрді. Біреулері жасанды тыныс алатын құрылғыны сатып алып беріп жатса, енді біреулері қажетті дәрі-дәрмектерді тегін таратуда. Қайырымды жандардың ізгі амалдарын KAZISLAM порталы жинақтап ұсынып отыр.

«Дәрігерлердің жанкештілігіне тәнтімін»

Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдардан бері астық өсіріп, ауылшаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысып келе жатқан ірі кәсіпкерлердің бірі, «Ноғайбай» ЖШС бас директоры Алтынбек Сапаров облыстық ауруханаға жаман індетке қарсы күреске көмек ретінде өз қаражатынан 2,5 млн теңге сыйлаған екен.

Сонымен қатар, ол қарамағындағы жұмыскерлеріне де үлкен көмек көрсетуде. Еңбекақыларынан басқа азық-түлік, малдарына жем-азықты тегін беріп отырады.

– Осындай қиын заманда біз жерлестерімізді қолдау үшін қолдан келген көмегімізді жасауымыз керек. Мен өзім жұқпалы дертпен алысқан медицина қызметкерлерінің жанкештілігіне өте тәнтімін. Сондықтан әсіресе осындай азаматтарымызға қолдау білдіруіміз керек қой деп ойладым, – дейді Алтынбек Сапаров.

Аталған аймақтың аурухана басшыларының айтуына қарағанда, бизнесмен көмек ретінде берген қаражат COVID-19 індетіне ұшырағандарға дәрі-дәрмек алуға, және науқастармен тікелей араласып, емдеп жүрген медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге және ынталандыруға жұмсалады.

Айта кетсек, солтүстік Қазақстан облысында қазір коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 1400-ден астам жағдайы тіркелді. Өңірдің инфекциялық және провизорлық стационарларында 800-ден астам төсек бар.

«Сөзбен емес, іспен көрсететін кез келді»

Халқының басына қауіп төнгенде, елімен бірге қатерлі індетпен күреске ат салысып жатқандардың бірі – «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдіұлы. Қазіргі таңда ол Түркия мемлекетіндегі Стамбұл қаласында тұрады.

Арман Жұмагелдіұлы өз инстаграм парақшасында осы жаман ауру елімізде таралып жатқанда баршамызды бірге болуға, бір-бірімізге көмектесуге, бауырмашыл болуға шақырды.

– Еліміздің басына қиын іс түскенде «қазағым, қазағым» деп жүрегі соққан әрбір азаматтың өз-өзін көресететін уақыты келді. Қалтасы қалың, табысы мол азаматтар осы жағдайға бейжай қарамай, көмек сұрап, ем іздеп жүрген әрбір адам баласына қол ұшын созуы керек деп есептеймін. Бұл біздің ата-бабамыздың қанында бар нәрсе. Тіпті, үйіне алыс сапардан танымайтын жолаушы келсе де, үйіндегі барын салып, қоржынын толтырып жіберген. Жетімді жылатпаған, жесірді далада қалдырмаған. Қандай ауыртпашылық кезең болмасын әрдайым бірлікте жеңіп  отырған. Сондықтан осындай кезде бір жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Сөзбен емес, іспен көрсетейік. Ауыр жүкті бірге көтеріп, бірге тоқтатайық, ағайын, –  дейді кәсіпкер.

«Дикий Арманның» айтуынша, Стамбұлдан 1000 қорап дәрі-дәрмек жіберген. Сондай-ақ апта сайын 1500 қораптан жіберіп отыратынын хабарлады. Әуежайдан өткізбейтіндіктен, одан да көп жіберуге мүмкіндігі болмай қалғандығын айтты .

– Бұл дәрілер қатты мұқтаж болып жатқан жандарға берілетін болады. Дәрі-дәрмек сатып алуға мүмкіндігі жоқ болып науқастанып жатқандар 8701 045 55 55 нөміріне хабарласуларына болады. Қазақстандағы бауырым Даур деген жігіт індетке қарсы антибиотиктер мен дәрумендерді өзі тарататын болады.  Ауырып жатқандардың саны өте көп болғандықтан, бұл жігіт тек Шымкент өңірі бойынша ғана үлестіреді. Сондай-ақ батыс аймақтан хабарласып жатқандардың қарасы көп, бұл кісілер 8776 920 88 86 нөміріндегі Маратпен байланыса алады, – дейді Арман Жұмагелдіұлы.

Сондай-ақ ол қиын сәтте фармацевттер дәрілердің бағасын шарықтатпай, Алла разылығы үшін, елі үшін дәріханалардан дәрілерді мұқтаж жандарға тегін таратуды өтінді. Яғни, бәріміз бірге біріксек қана бұл ауруды жеңетінімізді, өзінің жан айқайын халқына жеткізуде.

– Тәуелсіздігімізді алу үшін қаншама қан төгілді. Батырларымыз соңғы демі қалғанша, елі, жері үшін жан аямады. Енді, біздің оянатын кезіміз келді. Жаман індеттен халқымызды барынша сақтап қалу біздің парызымыз, – деп сөзін тәмамдады кәсіпкер.

«Жұмылсақ, барлық адамды аман алып қаламыз»

Ал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева жағдайдың ауырлығына қарап, @aidyn_nury_qory арқылы 2 миллионның орнына 6 миллионға дейін қаражат жинағандығын өзінің инстаграм парақшасында жариялады.

– Өкінішті, дым жоқ екен бізде… Сонымен мұсылман бауырлар қосылып, қордың ақшасынан алып, өзім қосып жиналғаны – 6 МИЛЛИОН! Бұл ақшаға 20 тыныс алу аппаратын сатып алып жатырмыз. Артылған ақшаның бәріне парацетомол, аспирин, маска алынатын болды. Барлығы шалғайдағы өлім-жітім көп болып жатқан аудандарға жеткізіледі, бұйырса, – дейді айтыскер.

Айнұр ханымның айтуынша, Қайрат Жолдыбайұлы, қазақтың Даулеті, Айнұр Асанберді, Айнұр Асқарқызы, құрбысы Роза Айдарбекова  бастаған топ қосымша бес құрылғының ақшасын жинап берген.

– Бізде Түркияны түбімен сатып ала алатын байлар көп емес пе?! Қырғызстан 1 күнде 800 аппарат сатып алып кетіпті! Өзбекстан күніне бәлен жүз сатып алып жатыр. Қазақстаннан аппарат сатып алып жатқан мен бірінші адам екенмін. Мұның бәрін өткізудің өзі бір ақырет, әрі қып-қызыл ақша! Тіпті, ақшаң болса да аппарат алып өте алмайсың. Осы машақатты мойындарына алып, барлық шекараның шығынын өтеп, азаматтық танытқан Стамбұлдағы бас консулдықтағы азаматтар – Әлім ағамыз бен Еркеғали бауырымызға Алла сауаптан жазсын! Еліміздің Сыртқы істер министрлігі де жанашырлық танытып, үлкен көмектерін көрсетіп жатыр, – дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Сондай-ақ айтыскердің айтуынша, 10 апаратты Эльмира Ешниязова әпкеміз, 5 апаратты кеше ғана ағасынан айырылып қан жұтып отырған Жанат Бақыт тапсырыс берген екен.

– Алла барлық ат салысқандарға разы болсын! Әттең кештеу қимылдадық па деген өкініш те жоқ емес. Бүгін бір қыз бала бір апаратқа 245 мың теңге төлем жасап тұрып: «Апай, туған ағам осы аппарат болмағандықтан ауа жетпей, тұншығып өліп кетті. Мен тым болмаса бір адамның аман қалуына үлесімді қосайыншы», – деді. Ең бастысы, сең қозғалды ғой. Осылай жұмылсақ, бүкіл адамды аман алып қалуға ат салысамыз, – дейді Айнұр ханым.

Айта кетсек, «Aidyn nury» қоры 120, Қазақтың Дәулеті 110 аппарат сатып алып жатыр. Және қазақтың батыр қыздары Динара Сатжан, Айнұр Асанберді, Айгүл Орынбек, Алтынай Жорабаева, Жұлдыз Әбдукәрімқызы, Марзия Бекайдар, Гүлзира Айдарбекқызы өз үлестерін қосты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мүфтият екпеге қатысты үндеу жасады

«Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш – орман» демекші, аты жаман ауруды бәріміз бірге қосылып жеңе аламыз. Сондықтан қалталы азаматтарымыз бұл жағдайға бейжай қарамаса екен деген тілегіміз бар. Өмірде кездесетін әр қиындықтың бір қуанышы болатынын ұмытпаған жөн.

Еске салсақ, бұған дейін біз порталымызда оттегі концентраторларын сатып алу акциясын бастап, 140 000 000 теңге қаражат жинап, 1360 аппаратқа тапсырыс берген белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының қайырымдылық ісі туралы ақпарат, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет» қоры қолға алған «Өмірге үміт сыйла» атты қайырымдылық акциясы туралы қор төрағасы Талғат Омаровтан сұхбат алып, жариялаған болатынбыз.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу