Қазақтың даңқты спортшысы, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 70 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Грек-рим күресінің шебері 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген жаттықтырушысы.

Ол – 1981 жылғы әлем чемпионы, 1982 жылғы Әлем кубогының күміс жүлдегері, 1980 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 1975 және 1980 жылдардағы Кеңес Одағының чемпионы, 1975 жылғы КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы.

2019 жылы Жақсылық Үшкемпіров туралы «Жақсылық» фильмі түсірілді.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортшыға Қазақстанның Еңбек Ері атағын бергенде олимпиада чемпионы өзінің арманын айтқан болатын:

«Осы көп болса, Қазақстанда 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Қазақтың бес мың жігіті шығып, сол ауылдарды көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын, аға», – деген еді атақты спортшы Елбасыға қарата.

Айта кетейік, Жақсылық Үшкемпіров – қазақтардың арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы.

Ал оған дейін 1972 жылы өзбекстандық баскетболшы, ұлты қазақ Әлжан Жармұхамедов Мюнхен олимпиадасының чемпионы атанған болатын.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Пікір жазу