Сұрақ: «Жақсы сөз айт немесе үндеме» деген сөзді қалай түсінуге болады?

Жауап: Бұл сөздің төркіні пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деп айтқан хадистен шығады (Бұхари, Мүслим).

Алланың елшісі бұл жерде ешкімді кемсітіп немесе ренжіту үшін айтқан жоқ. Ол кісі мұндай пікірден аулақ. Бәлкім мұсылман баласын әдепке және орынды сөйлеуге шақырады. Жақсы сөз айту немесе үнсіз тұру керек, яғни қасыңыздағы адамға жақсы сөз айтпасаңыз, онда үнсіз тұрғаныңыз мақұл. Бұл жағдай адамның иманы кемел екенін көрсетеді.

Хадис бізді нағыз игілікке, тақуалық істердің ең пайдалысына үндейді. Иманы кемел адам ақыретін ойлап, басқаны ренжітетін және оған зиян тигізуі мүмкін сөздерден аулақ болмақ.

Бұл мәселеге қатысты Анастың (р.а) сөзінен алынған риуаятта пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенденің иманы оның жүрегінде туралық болмайынша тура болмайды және оның жүрегі де оның тілі туралықта болмайынша тура болмайды», – деп айтқан. Расында да орынсыз көп сөйлеу адамды абыройсыздыққа әкеледі, ал тілді тыю – есендік кепілі.

Ислам адамның өзіне қатысты болмаған іске араласпауын дұрыс көреді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исламды жақсы ұстанудың белгісі – (адамның) өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуы», – деп айтқан (Термези, ибн Мәжәһ). Себебі, мұсылман бір нәрсе туралы айтудан бұрын ойлануы керек. Егер ол сөз еткелі тұрған нәрсесі ігілікті, шындыққа сәйкес келетін және сауап-сыйлыққа лайық екенін анық білсе, сөйлесін, ал егер оның сөзі зұлымдыққа апаратын болса немесе өтірік-өсектің тарауына себеп болса, онда сөзден тыйылуға міндетті. Бұл жағдайда ол бұл амалдан сауап алады, әрі сөзіне жауапты болмайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу