Хазіреті Осман (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) уаһи катибтерінен (жазушылары) болды. Көркем хат жазумен бірге сөзге де өте шешен еді.
Құранды бастан-ақ жаттаған хафиз де болатын. Һижраның 24-жылы мухаррам айында халифа болып, бұл қызметті 12 жыл абыроймен атқарды. Хоросан, Үндістан, Мәуереннаһр, Кавказ, Кипр және Солтүстік Африканың көптеген аймақтарына оның халифалық кезінде ислам діні тарады.
Осман (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күйеу баласы және үшінші халифа. Алланың елшісінің (с.ғ.с) қызы Үмму Рұқияға (р.анһа) үйлендерді. Үмму Рұқия (р.анһа) көп ұзамай қайтыс болғаннан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екінші қызы Үмму Гүлсімге (р.анһа) қосты. Осылайша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі қызына үйленгендіктен екі нұр иесі деген мағынаны білдіретін «зуннурайн» деген атаққа ие болды. Үмму Гүлсім (р.анһа) һижраның 9 жылы қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хазреті Османға қарап: «Уа, Осман! тағы бір қызым болса, оны да саған берер едім» деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хазреті Османды (р.а) қатты жақсы көріп кеткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадисінде хазреті Осман жайында былай деді: «Әр Пайғамбардың жәннатта бір досы бар. Менің досым – Осман».
Хазреті Османның (р.а) атқарған негізгі қызметінің ең маңыздысы Әбу Бәкір (р.а) заманында бір жерге жинақталған Құран кәрім нұсқасын 6 нұсқа ретінде көбейттіріп, үлкен қалаларға жіберу еді. Сондықтан хазірет Осман (р.а) Құранды басып шығарушы деген атаққа ие болды. Мүминдердің басшысы хазірет Осман (р.а) һижраның 35 жылы Мәдина қаласындағы үйінде Құран кәрім оқып отырғанда 82 жасында өлтірілді. Сөйтіп саңлақ сахабалардың жатқан жерлерінде, яғни жәннатул бақия топырағы бұйырды.
Әр мемлекеттен Мәдина қаласына келген қажылар ең алдымен Пайғамбарымызды (с.ғ.с), одан кейін Сыддық есімімен танымал жан жолдасы Хазреті Әбу Бәкірді (р.а), ақ пен қараны ажыратушы хазіреті Омарды (р.а) зиярат еткеннен кейін Жәннатул бақида жерленген хазіреті Османды (р.а) зиярат етіп дұға қылады.
Асылхан ЖАҚЫПОВ