Қазақтар тәуелсіздік жолында тарихта көптеген қиындықтар мен тағдырдың сынын басынан өткізген халық. Мұндай азапты қарапайым халықпен бірге хан мен сұлтан әулеттері де тартқан. Мұның мысалын Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің өмір тарихынан көруге болады.

Хан Жәңгір кеңес өкіметі заманында аса жағымсыз тұлға ретінде танылғандығы баршаға мәлім. Оны қара халықты қанаушы зұлым адам бейнесінде сипаттап, болашақ ұрпаққа бір жақты көзқарас қалыптастыруға тырысты.

Алайда, тарихты зерттеу мен оны бағалау жаманмен қатар жақсы қырына да мән беруді талап етеді. Сонда ғана ақиқатты танып, көпшіліктің көкейіндегі сан сауалдарға аздап болса да жауап табуға оң әсер етпек.

Жәңгір Бөкейұлы өз ордасында білім беруді қатты қолға алып, елге діни және зайырлы білімді беруге, халықтың сауатын көтеруге тырысқан. Осы жолда өз балаларын да құрбан қылған екен.

Ол жайлы «Жәңгір мектебі» деп аталған ханның өзі ұйымдастырған білім ордасының түлегі, әрі орданың бірқатар лауазымды қызметін атқарған Мұхаммед-Салық Бабажановтың жазбаларынан кездестіруге болады.

С. Бабажановтың жазбасына сай бастапқыда қазақтар балаларын білім алу үшін Астарханға жөнелткен. Бірақ, онда оқыған балалардың саны аз болған. Өйткені, Астраханда барып оқу тым қымбатқа түскен және онда баратын жолда қазақтар тоналатын сәттер жиі орын алған екен.

Сондықтан қазақтар ол жерге ұзақ тұрақтамай тез малын сатып, алатын заттарын базарлап, еліне қарай жылдамдатып қайтатын болған екен. Бұл қиыншылықты білген Жәңгір хан қазақтардың Орынборда оқуын дұрыс деп санайды. Сөйтіп, Неплюев корпусынан қазақтарға 10 орын бөлдіреді.

Алайда, ол кезде қазақтар үшін бетіне қарап отырған баласын Орынборға аттандыру өте қауіпті сапар саналған.

Елдің қорқынышын С. Бабажанов былай суреттейді «Ол кезде Орынбор қолы жетпестей алыс түкпір сияқты еді. Осының өзі ата-аналардың балаларын бірден беруге келіспеуіне себеп болды…

Бұған тағы бір себеп, ол кездерде түрлі қаңқу сөздер, мәселен, орысша оқығандар сабақ жүріп жатқанда орнығып отыра алмайды. Сондықтан алаңғасар балалар жан-жаққа жалтақтап қарай бермес үшін тікенектей үшкір біздерді басының айналасына қадап қояды екен деген қаңқу сөздер көп айтылатын».

Сол кезде ханның бір баласы Паж корпусында білім алады екен. Ханның бұл мысалын ел «хан баласы қайда жүрсе де құрметке ие», ал ханнан өзгенің балаларына ол жақта зиян беруі мүмкін деп халық тағы да оқуға жібермеудің сылтауын айтады.

Хан осы қаңқу сөздердің рас еместігін дәлелдеу үшін тағы бір баласын сегіз баламен қосып, Орынборға аттандырады. С. Бабажанов «Хан өзінің тағы бір баласын тағдырға қиғандай етіп Орынбор корпусына Орданың қадірменділерінің сегіз баласын бас етіп оқуға аттандыруға мәжбүр болды. Мен, мұнда «тағдырға қиғандай етіп» деген сөзді неге айтып отырмын, себебі хан бұл баласын да Петербургкте тәрбиелеуге мүмкіндігі бар еді және ондағы ақшалы жалдамалы оқу Орынбордан әлдеқайда жоғары саналатын. Орынборға ол баласын тек басқаларға үлгі болу үшін ғана жіберді. Жаңағылардың арасында тоғызыншы болып мен де аттандым» деп естелік айтады (С. Бабажанов. Этнографиялық мақалалар. Алматы: Қазақстан, 1993).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Иснадсыз «ислам»: уахабилердің хадисті түсінудегі қателігі

Хан бұл сапардан алдын Орынбордың Неплюев әскери училищесіне үш адамды жөнелткен екен. Оның бірі Зұлқарнайын деген баласы оқуды аяқтамай тұрып өмірден өтеді. Осыған қарамай хан тағы бір баласын елге үлгі болсын деп білім жолындағы табандылықты насихаттағаны деп түсінуге болады.

С. Бабажанов «Мен ол кезде 11 жаста болсам да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде. Ол мереке той ретінде өтті. Ханның өзі құрметті ақсақал ретінде, сондағы жиналған 80 кісі… біздерді шығарып салу үшін атқа отырды. Бес шақырымдай жүрген соң бәрі тоқтап тұра қалып, балаларды ханның алдына келтіріп, барлығы бір ауыздан жолымыз болып аман жүруіміз үшін тілектер айтып, бата қылып, қоштаса бастады. Балалардың да, шығарып салушылардың да көздерінің жастары сел болды» деп, еске алады.

Шынымен де ол кездегі байланыс пен жол-көліктің қазіргідей жылдам еместігін ескерсек, өз балаларын алыс сапарға жат елге жіберу үлкен тәуекел мен қажыр-қайратты талап еткен.

Осы тұста ханның елдің қарсылығына қарамастан білім алуды жан-тәнімен насихаттағаны анық көрініп тұр. С. Бабажанов «Жәңгір ханның қайрат-жігерінің күштілігі арқасында, балаларды тәрбиелеу ханның өмірінің соңғы кезінде қазақ арасындағы білімге ден қойған ең қадірлі дәстүрге айналды» деп бір ханның көпшілікке қалай көшбасшы бола білгендігін сипаттайды.

Айта кететін жайт, осы Жәңгір мектебінде оқыған балалардың арасынан кейін жиырмадан астам академик және ең алғашқы ғылым кандидаты Бақтыгерей Құлманов, сонымен қатар, бірнеше жоғарғы лауазымды әскери мамандар шыққан екен (Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы. Жәңгір мектебі // Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/2122/).

Мінекей, өз баласының құрбан болуына қарамай білім-ғылымды дәріптеген Жәңгірдің өз еліне істеген оңды ісі осы. Жәңгірдің бұл әрекетіне қарап Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Ағаш бесіктен жер бесікке түскенше білім алыңдар. Ер мен әйелге білім іздеу парыз. Тіпті Қытайда болса да ілім ізде» деген хадисі еріксіз есіңе түседі екен…

Рахымжан РАШИМБЕТОВ

Пікір жазу