Діни ағымдардың алдын алу – бүгінгі қоғам алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып жатқандығы туралы KAZISLAM порталына елордадағы «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының орынбасары Сүлейменов Жандәулет Отарбайұлы айтып берді.

– Жандәулет  Отарбайұлы, алдымен өзіңіз еңбек ететін орталықтың жұмысына тоқталсаңыз. Сіздер қандай діни проблемаларды зерттейсіздер?

Біздің орталық «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» болып аталады. Елорданың төрінде орналасқан. Жалпы бұл бағыттағы орталықтың Елордада ашылғанына шамамен 5-6  жыл болды. Сондай-ақ бұндай орталық еліміздің әрбір өңірінде жұмыс жасап келеді.

Негізгі жұмыстың мақсаты – дін саласындағы мемлекет саясатының тиімді жүзеге асырылуы,  діни экстремизм мен терроризмге алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жасау, сонымен қоса, туындаған діни мәселелерді зерттеу-талдау жұмыстарын өткеру. Себебі, біздің елімізде деструктивті діни ағымдардың қоғамға идеологиялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да зиянды пиғылдары байқалды.

Сондықтан, мұндай мәселелерді алдын алу бағытында аталған орталық ашылды. 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизмді алдын алу үшін мемлекеттік бағдарлама екінші ретте қабылданды. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылуына біздің Орталық аймақтық тұрғыда өз жұмысын атқарып келеді.

Практикалық жағынан халықпен ақпарттық жұмыс жүргізу, діни оңалту, діни ағымдардан жапа шеккен тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу, жат діни көзқарастарын бейтараптандыру мәселелері алдынғы орында тұр. Сондай-ақ сәйкесінше, мәселеге қатысты ғылыми тұжырымдар да жоқ емес. Яғни, діни экстремизмнің елімізге әсер ету деңгейі қаншалықты және оған қандай фактор әсер етіп жатыр, не мақсатпен ықпалын тигізуде деген сұрақтар да зерттелуде.

Сонымен қатар мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыру мақcатында орталықта теолог, дінтанушы, исламтанушы, әлеуметтанушы мен психологтар қызмет атқарады.

– Еліміздің дін саласында нендей проблемалар кездеседі? Негізгілеріне тоқталып өтсеңіз.

Енді, қазір туындап тұрған проблемалардың бірі – пандемия кезіндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстары. Неге десеңіз, жоспарға сәйкес халықпен емін еркін байланысу деңгейі төмен болып тұр. Яғни, 2020 жылға жоспарланған жылдық жұмыстың толыққанды, кешенді жұмыс істеуіне қатысты мәселелер туындауда.

Десек те, туындаған мәселені оң шешу мақсатында ғаламтор арқылы желілерді, бағдарламаларды пайдаланумен онлайн режимде жұмыс жасап жатырмыз. Тіпті, түзету мекемелерінің өзінде  онлайн режимде арнайы қосымшалар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тура келіп тұр. Карантин кезінде біздің Орталықта 100-ден астам онлайн түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары жетілдіру тұстарын қарастырып жатырмыз.

Жандәулет мырза, діни экстремистік ұстаным көқарасы қаншалықты қауіпті?

Сізге бір мысал ретінде айтар болсам. Мысалы, ұрлау, тонау, ұрып-соғу және т.б қылмыстық әрекеттер қоғамға қауіп төндіреді. Әрине, оларға дәлелденумен қылмыстық немесе әкімшілік жаза тағайындалады. Ал дінде еркіндік бар бірақ, сол еркіндікті желеу қылғандардан қауіп те байқалады. Себебі, әлем бойынша экстремистік жүйе бар. Ал экстремистік немесе дінмен көмкерілген астыртын ниеті бар құқық бұзушылыққа арнайы қарсы тартатын заңдарымыз бар.

Демек, бұның бәрі діннің атын жамылған радикалды, деструктивті ұйымдардан келетін ықтималды қауіптерді алдын алу үшін жасалған. Әрине, адамның құқығы бар, бостандығы бар, сондықтан діни сенімге еркіндік беріледі. Соның аясында «Діни қызмет және діни бірлестік» туралы заң қабылданды. Ол заңда адамның дін ұстануға таңдау құқығы бар делінген. Бірақ берілген еркіндікті астамшылықпен пайдалануға болмайды. Қазақта «семіздікті қой ғана көтереді» деген.

Ал оны көтере алмай, «менің дінім мынадай үстемдікке ие болу керек», «жүйені құлдыратумен мемлекет халифаттылығы болу керек» деген секілді астамшылықпен талап қойып бастаса, тиісті заң аясында баға беріледі. Мейлі, діни болсын немесе басқа ұстанымдар мен әрекеттер қоғамға зиянын тигізбей, заң бұзушылыққа алып келмеуі керек.

Қазіргі пандемия кезінде деструктивті ағымдар әлем деңгейінде өз қызметтерін белсендіре түсті деп естиміз. Біздің елде олардың әрекеттері күшейгені байқала ма?

Қауіп-қатер деңгейі айтарлықтай ашық байқалмайды. Бірақ діни мазмұндағы интернеттегі ақпаратты тұтынушылардың саны өсіп жатыр. Пандемияға байланысты, қазір жұмыс орындары жүйесінің өзгеруі, қысқартылған режимде не болмаса қашықтан жұмыс жасау мүмкіндігі халықты интернетті шамадан тыс қолдануға итермелейді.

Әрине, осыдан кейін діни ақпаратты ғаламтордан алу көрсеткіші де жоғары болып тұр. Осы тараптан қауіп-қатерді алдын алу үшін, профилактикалық бағытта мониторингті интернет желілеріне басымдық беріп отырмыз. Қандай да бір күмәнді болған, теріс бағытқа итермелеуге мүмкін болған ақпарат көздерін тиісті уәкілетті мекемелерге құзіреттілігіміздің аясында бұғаттауға қадамдар жасалады.

Қазіргі уақытта дінде көптеген жалған ұсыныстар мен стереотиптер кездеседі. Олармен қандай жұмыстар жүргізілетіні жөнінде айтып бере аласыз ба?

– Жалған ұсыныс, жалған әңгіме деструктивті радикалды бағыттағы ұйымдарға тән қасиет. Жалған сөзіне антоним – ақиқат деген бар. Демек, діни-экстремистік бағыттағы діни идеологиялық топтардың әңгімесінде ақиқатқа қайшы жалғандық бар. Жалғандықты айқындағанда «демагогия» деген ұғыммен түсіндіруге болады.

Әрине, «демагогия» деген түсінік көбінесе саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылады. Ал бұл жерде де негізгі мақсат – саяси мүдде, аренаны алу, аппаратты басқаруды қолға алу үшін жалған, құрғақ уәделерді қолдану – методика. «Бізде материалдық, рухани тәуелділік  болмайды, өз алдымызға бөлек, дара қалыптасқан жамағат боламыз» деген түсінік жалғандықпен астасады.

«Егер біз зайырлылық принциптерін бұзатын болсақ, тек қатаң қағидамен, халифаттылық деңгейде басқаратын болсақ, әлемді құлдырап кетуден сақтаймыз» деумен негізсіз сенімдермен ой қорытады. Осы кезде ол тараптан алдау, арбау, пара беру т.б. жалған демагогиялық ұсыныстар арқылы адамдарды тарту алға шығады. Сондай-ақ арбаудың тәсілі әртүрлі.

Мысалы, жас бойжеткенді психологиясына байланысты махаббат сезімін тудыру арқылы тарту. Сондай-ақ өтпелі кезеңдегі бозбалға әскери қимылдармен қызықтыру амалдары қолданылады. Яғни, әрбір категорияға түрлі алдау-арбау әдіснамасы олардың тарапынан қарастырылған.

Осындай ақпараттарға қарсы тұрғындарға иммунитет қалыптастыру маңызды. Сол үшін ақпараттық түсіндірулерде осы бағыттағы ерекшеліктерді де айтып түсіндіріп келеміз.

– Оларға қандай шектеу қоясыздар?

Шектеу тек дәлелденген заң бұзушылыққа белгіленеді. Деструктивті ұйымдар заңның жауапкершілігін жақсы сезінеді. Тіпті, кей кезде заңдық нормаларды жетік біліп жатады. Яғни, деструктивті діни идеология   көсемдері құқықтық сауатсыз емес, заңды толық меңгерген. Заңның нормаларын өздеріне пайдалануға тырысып бағады. Соған қарамастан, дәлелденген бұзушылық әрекеттер заңға сәйкес жауаптылық жүктейді.

– Статистика бойынша жат діни ұйымдардың қауіп-қатері жыл сайын төмендеп жатыр ма?

2015 жылдан бастап 2019 жылдар аралығындағы көрсеткішті салыстырмалы қарайтын болсақ, жылдан-жылға қауіптіліктің деңгейі төмендегенін байқаймыз. Өйткені, халықтың экстремизмге, діни радикалдық идеологияларға деген діни сауаты көтеріліп келе жатыр.

Қаншалықты халықтың діни сауаттылығы артса, соншалықты қауіп-қатер төмендеп отырады. Ол үшін ақпараттық түсіндіру топтары жұмыс жүргізуде. Көбінесе жастармен, еңбек ұжымдарымен, мемлекеттік орган қызметкерлерімен, тұрғындармен т.б. сантатар түсіндірулер жүргіземіз.

Жандәулет мырза, мемлекет пен діни қатынастарда шешімін таппай жүрген қандай да бір мәселе бар ма?

– Діни қатынастарда реттеушілікті қажет ететін бір жағдай – діни қызметті реттейтін нормаларды жетілдіру қажеттілігі. Әлі де болса діни қатынастарды реттейтін кейбір нормаларды жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр.

Заңға тән қасиеттің бірі – уақыттың өтуі, дамудың орын алуы және жаңа факторлардың ортаға шығуымен өзгертулер мен толықтырулар. Қарапайым мысал ретінде, пандемияға дейін талап басқа болса, ал қазіргі жағдайға байланысты  қажеттілік де өзгеріп отыр. Бұл тұрғыда да кейбір заңдарда өзгеріс болатыны анық.

– Алтын уақытыңызды бөліп, қажет ақпарат бергеніңізге рақмет!

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу