Сіздің осы бір сұрағыңыздың астарында үш мәселе жатыр. Соларға қысқаша жеке-жеке тоқталайық.
- Жұма күні мешітке бару
- Құран бағыштау
- Құран бағыштаған үшін молдаға ақша беру
- «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): Шынында, апта ішіндегі ең қайырлы (сауапты) күндерің жұма күні»,– деген. Ал жұма күнгі жасалған жақсылықтардың сауабының көптігі өз алдына жеке мәселе. Халық жұма күнінің қасиетіне сенгендіктен осы күні жақсылық жасап, садақа бергенді жөн санайды. Бұл дұрыс-ақ. Алайда, ислам шариғатында «Жұма күні мешітке барып Құран оқытыңдар» деген ешқандай бұйрық та, нұсқау да жоқ. Сондықтан мұсылман адам тек қана жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштаумен шектелмей, діннің негізгі парыздарын (соны ішінде жұма намазын) өзі орындауы қажет. Өкінішке орай, діни сауатымыз төмен болғандықтан жеке құлшылықтарға мән бермей, садақамен ғана құтылып кетеміз деп ойлаймыз.
- Сонымен қатар, Құран оқып, ата-бабаларымызға бағыштау үшін мешітке бару да міндетті емес. Кез келген мұсылман баласы Құранды өзі оқып, өзі бағыштаса сауабы ата-бабасына тиеді. Қайтыс болған кісінің артынан бағышталып оқылған Құран сауабының оған жететіндігіне мұсылман ғалымдары келіскен.
- Құран оқыған үшін ешкім ақша талап ете алмайды. Ал мұсылмандардың ақша беру себебі Құран оқыған үшін емес, ата-анасының артынан садақа беру немес қандайда бір жақсылықтың алдында ниет етіп, садақа беру немесе садақаның өмірді ұзартатындығына сену. Бұған ешқандай тыйым жоқ. Айта кетер тағы бір нәрсе, біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан мемлекет мешіттерге көмектесе алмайды. Ал, мешітке халық қолдау көрсетпесе мешіттің суы, жылуы, тазалығы және т.б. көптеген мәселелер шешімін таппай қалатыны белгілі. Ал сіздің бірген осы садақаңыз садақа жәшгігіне салынып, мешіт қызметкерлері оны он адамнан құралған ақылдастар алқасымен санап алып, қажеттеріне жұмсайды. Сондықтан берген ақшаңызды Құран үшін деп емес, садақ ниетімен беруіңіз керек.