Ислам діні адамның шамасы келмейтін құлшылықты жүктемейді. Сондықтан да оразаны күллі мұсылман жұртшылығына парыз етумен қатар, ораза ұстамауға рұқсат етілген жағдайларды да қарастырған. Жүкті немесе омырауында емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстамауға рұқсат берілген санаттағы адамдардың қатарында қарастырылған. Ондағы мақсат – ана мен дүниеге келетін сәбидің денсаулығын қорғау. Сондықтан да егер жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер өздеріне немесе құрсақтағы сәбилеріне зиян келуден қорықса, ораза ұстамауларына рұқсат берілген. Алайда, ондай жағдайдағы әйелдің «ораза ұстасам денсаулығыма зиян келіп қалар» деп өз ойынан топшылап қорқуы ораза ұстамауға негіз емес. «Зиян болады» деген қорқыныш бұрынғы тәжірибелері негізінде және білікті, әділ, мұсылман дәрігердің кеңесімен ғана белгіленеді. Әнас ибн Мәлік арқылы Пайғамбарымыздан жеткен мына хадисте: «Алла тағала жолаушының мойнынан ораза ұстауды және намаздың жартысын түсірді. Сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдің де мойнынан оразаны түсірді»,– делінген (Бұл хадисті Ахмад ибн Ханбал және өзге де сунан кітаптары бар бес имам риуаят еткен). Жүкті және емізулі баласы бар әйелдердің ораза ұстамауына рұқсат берілуі осы хадиске және науқас әрі жолаушыға берілген рұқсатқа қияс жасауға негізделген.
Ал енді фидия беріп-бермеу мәселесіне келсек, ханафи ғаламдарының пікірі бойынша мұндай жағдайдағы әйелдер ораза ұстамаған күндерінің қазасын ғана өтейді, ал фидия берулері қажет емес. Ал сіздің құрбыңыздың айтқан пікірі шафиғи және ханбали мәзһабтарының көзқарасы болып табылады. Олардың көзқарасы бойынша жүкті және емізулі әйелдер құрсақтағы баланың денсаулығына зиян келуден қорыққан жағдайда фидия берумен қатар қазасын да өтейді. Ал әйелдің өзінің денсаулығына зиян келуден қорықса тек қана оразаның қазасын өтейді.