Жауап: Мемлекеттік құрылымның зайырлылық сипаты Конституцияның бірінші бабымен бекітілген. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. 

«Зайырлы мемлекет» ұғымының өзі мемлекеттің дінге қатынасын білдіреді. Зайырлы мемлекет – бұл діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінгенін және мемлекет қандай салада болсын діни бірлестіктер оның саясатына ықпал жасай алмайды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне араласпайды.

Бұл дегеніміз, мемлекет пен діндер арасында ерекше қатынастар орнағанын білдіреді, соның арқасында бірде-бір дін мемлекеттік немесе міндетті болып бекітіле алмайды. Ал, мемлекеттік саясат белгілі бір діни сенімнің ұстанымымен емес, азаматтардың, қоғамның және тұтас мемлекеттің нақты тіршілік әрекетін және қауіпсіздігін қамсыздандыру мүддесіне құрылады. Сонымен бірге, дін өкілдері діни бірлестіктер атынан мемлекеттік органдардың бақылаушы, қадағалаушы, саяси міндеттерін орындамайды және олардың қызметтеріне қол сұқпайды. Олар саяси партиялардың қызметтеріне қатыспайды, оларға қаржылай көмек көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды. Қазақстан Конституциясына (5 бап) сәйкес саяси партиялардың діни негізде қызмет атқаруы рұқсат етілмейді. Діни қайраткерлер саяси өмірге жеке өздерінің атынан қатыса алады.

Мемлекет діндерге және олардың өкілдеріне қатысты өзіне бірқатар шектеулер алады. Соның ішінде, егер діни бірлестіктердің қызметтерінде заңбұзушылық орын алмаса, мемлекет олардың ішкі істеріне араласпайды. Әсіресе, бұл догматикалық мәселелер, яғни ғасырлар бойы қалыптасқан діни доктриналар мемлекеттік органдардың реттеуші объектісі бола алмайды. Мемлекет азаматтардың дінге қатынастарын анықтауына араласпайды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына арнаған тарихи Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігін ерекше атап өтті. Елбасы осы орайда Қазақстанның өзіне тән дәстүрлері мен зайырлы қоғамы бар екеніне тоқтала отырып, мемлекетіміздің өз азаматтарының ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, алайда дәстүрлеріміз бен заңнамаларымызға қайшы келетін қандай да бір әрекеттер арқылы қоғамға өз нормаларын таңғысы келетін талпыныстарға қатаң тойтарыс берілетіндігін нықтап айтып өтті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Адал ризық табудың пайдасы неде?

Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын  Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл біздің еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

Елімізде тіркеліп қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктердің теңдігі және олардың діни ұстанымдарына тәуелсіз азаматтардың теңқұқықтығы қамтамасыз етіледі. Ел Конституциясы әр адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық белгісі бойынша шеттетудің кез-келген формасына тыйым салады. Мемлекетіміз дінді ұстанушылар мен ұстанбайтын азаматтардың және әртүрлі діни бірлестіктердің арасында бір-біріне қатынастағы өзара төзімділік пен  түсіністіктің орнауына септігін тигізеді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зайырлы мемлекет «дінсіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі.

Зайырлылық осы мағынада ондағы барлық мемлекеттік-конфессиялық қатынастар зайырлы заңдарға негізделетін Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде орнығуы мен қызмет атқаруының негізін құрайтын қағидат болып табылады.

 

 

 

Пікір жазу