Сұрақ: Ысырапшылдық дертінен құтылудың жолы бар ма?

Жауап: Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Өлімнен басқа дерттің барлығының емі бар», – деп айтқандай, мұсылман ғалымдары ысырапшылдықтың да емі бар екенін айтады. Жалпы дін мамандары ысырапшылдықтан құтылудың үш жолын ұсынады.

Олар:

  1. Білім жолы. Адам ысыраптың зардабы мен зияны туралы үйренуі тиіс;
  2. Бойдағы ысырапшылдық қасиетімен күресуі керек. Ысырапшылдық жасамауға тырысу. Тіпті, керек болса қасындағы сенімді жолдасына бойындағы кемшілігін айтып, оған өзін байқап жүруін өтіну. Мал-дүниесін ысырап қылған жағдайда әлгі досы оған ескертіп отырады;
  3. Ысырапшылдықтың себептерін анықтап, келешекте оларды қайталамауға ұмтылу қажет.

Мұның алты себебі бар екен. Егер адамның бойында осы себептердің бірі табылса, онда ол ысырапшылдыққа қадам басқан деп айтылады. Бұл себептерден сақтану лазым.

Бірінші себеп: ақымақтық. Көптеген адамдарды ысырапшылдыққа жетелейтін себептірдің бірі де осы ақымақтық. Кейде осындай ақымақтың қолына жеңіл олжа келіп, дүние бітеді. Мұндайлардың қасынан дереу «достары да» табыла кетеді. Олар оған: «Қолында малы бар жігіт өмір сүріп қалуы керек», «нағыз еркек малын аямайды», «бар дүниені көрсетіп шаш» деген сияқты түрлі өтіріктерді айтып, малын тауысқанша қасында «дос» болып көрінеді. Әдетте дәулетті отбасынан шыққан балалардың басым бөлігі осылай ысырапшылдықпен өсіп қалыптасады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Исламда достық жайында не айтылған?

Екінші себеп: ысыраптың не екенін толық білмейді. Оны қайырымдылықтан, жомарттықтан айыра алмайды. Сөйтіп, орынсыз, арам, құмар, зиянды жерлерге берген малын жомарттық деп шатасады.

Үшінші себеп: рия және басқалардың көзіне көріну үшін малын шашады.

Төртінші себеп: жалқаулық. Өзі еңбек етпейді. Біреудің маңдай терімен келген малын жеңіл және рахаттанып шашқанды жақсы көреді.

Бесінші себеп: зерігу.

Алтыншы себеп: дінге немқұрайлы қарау. Діндегі ысырапқа қатысты тыйым салатын аят-хадистерге құлақ аспайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу