Жаңалықтар

Ысырапшылдық алты ағайынды

Осы орайда «Ысырапшылдық не үшін дұшпан?» деген заңды сұрақ туындайды. Оның адамға дұшпан болуының басты себебі, егер адам ысырапшылдықты өзіне дос етіп алса, онда ол Алла Тағаланың «ысырап қылмаңдар!» деген әміріне қарсы шыққан болады. Өйткені, Құранда былай делінген: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31). Сіз ысырапшылдықты өзіңізге дос қылсаңыз сізді Алла жақсы көрмейді. Егер ысырапшылдық қасиеті сізді Алла Тағала үшін жек көрінішті етсе, демек ысырапшылық сіздің дұшпаныңыз. Кезінде тәкаппарлығы үшін жәннаттан қуылған Ібіліс те Алланың «сәжде қыл!» деген әміріне мойынсұнбаған болатын. Сөйтіп, Жаратушының да, адам баласының да ашық дұшпанына (адуун мубин) айналды.

Ысырапшылдық жай ғана кемшілік емес, ол негізінен алты ағайынды болып келеді екен. Мамандардың айтуынша бұл кемшіліктер бір адамның бойында неғұрлым көп жиналса, оның тамыры да соғұрлым тереңге кетеді. Енді осы «алты бауырдан» сақтану үшін олардың әрбіріне қысқаша тоқтағанымыз дұрыс болар.

Ысырапшылдықтың бірінші бауыры – ақымақ адам. Көптеген адамдарды ысырапшылдыққа жетелейтін себептірдің бірі де осы ақымақтық. Ақымақ адам жеңіл әрі келте ойлайды, мұрнының алдындағыдан әрі аса алмайды. Ақымақ адамның қолына жеңіл олжа келіп, дүние бітсе оның қасынан дереу «достары» да табыла кетеді. Олар оған: «Қолында малы бар жігіт өмір сүріп қалуы керек», «нағыз еркек малын аямайды», «бар дүниені көрсетіп шаш», – деген сияқты түрлі өтіріктерді айтып, малын тауысқанша қасында «дос» болып көрінеді. Әдетте дұрыс тәрбие ала алмаған әрі дәулетті отбасынан шыққан балдардың басым бөлігі осылай ысырапшылдықпен өсіп, соңында әкесі мен шешесінің сорына айналады. Мұндай азаматтарды БАҚтан көріп те, оқып та жүрміз.

Ысыраптың екінші бауыры – білімсіздік. Адам ысыраптың не екенін толық білмейді. Оны қайырымдылықтан, жомарттықтан айыра алмайды. Сөйтіп орынсыз, арам, құмар, зиянды жерлерге берген малын жомарттық деп ойлап адасады. Жомарттық дегеніміз осы екен деп жастарды дәстүрлі тәрбиеден алшақ ететін, қоғамды рухани дағдарысқа ұшырататын түрлі күмәнді құмар-ойынханаларға демеулік жасауы мүмкін. Бала-бақша, мүгедек балалар үшін арнайы мектеп, емхана сияқты т.б. әлеуметтік маңызы бар ғимараттар көтеруге, демеулік жасаудың орнына дүниесін мақтану үшін ауаға шашады десек болады.

Үшінші бауыры – риякерлік және малды басқалардың көзіне көріну үшін ысырап ету. Мені көрген жұрт «Туһ, мынау бай екен!», «Апырмай, мынау неткен дәулетті!» деп ойласын деген ниетпен малын орынсыз шашады, мазар басында бағалы мәрмәр тастарынан зәулім «сарай» тұрғызады (имамдар бұлай жасаудың дінге қайшы, марқұмға пайдасы тимейді деп түсіндірсе де) оларға құлақ аспайды немесе ұшақпен шет мемлекетке барып түстеніп келеді және т.б.

Ысыраптың төртінші бауыры – жалқаулық. Өзі еңбек етпейді, бірақ басқаның маңдай терімен тапқан малын жеңіл және рахаттанып шашқанды жақсы көреді. Сөйтіп жүріп, мал тапқан адамға ақыл айтады, ата-анасын сынайды. Мұндайлар жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруді ұнататындар. Жұмысқа мойны жар бермейтін жалқаудың пайдасынан зияны көп. Сондықтан да кейбір адамның бойында болатын мұндай қасиет иесін жақсылыққа апармайды. Өзі еңбек етіп, оның жемісін көрмегендіктен, үнемі біреуге өкпелі, тағдырына қапалы. Жалқау адам өзінің баға жетпес уақытын, зая кетіріп, өмірін бостықпен өлтіреді.

Бесінші бауыр – зерігу, рахат өмірден «жалығу». «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші мына дүниенің рахат өмірінен  жалығып, іші пысып, көңіл көтеру үшін, нәпсі рахатына беріліп шектен тыс мал жұмсайды. «Өмірде барлық қызықты көріп қалайын», «Барлық нәрсенің дәмін татайын» дейтіндер. Данышпан Абай «Жұмыс жоқтық, қарын тоқтық аздырар адам баласын» деп бекер айтпаған. Қарны тоқ, киімі бүтін адам ақылымен дос болмаса, тәрбие дұрыс алмаған болса, онда ол мына өмірден зерігіп, барлық рахатты көріп, ләззатты алып тойымсыз нәпсінің артынан кетуі бек мүмкін. Қызыққа тоймай мүмкіндік туған сәтте дереу құмар ойынға бас ұрады.

Ысыраптың алтыншы бауыры – дінге де, дәстүрге де немқұрайлы қарайтын адам. Діндегі ысырапқа қатысты тиым салатын аят-хадистерге құлақ аспайды. Ертең сұрақ-жауап болады, «Есеп күнінде қалай есеп беремін?» деп ойланбайды. Өйткені мұндай адамдар үшін «Құдай», «Қиямет күні», «Пайғамбар өсиеті», «дәстүрге қайшы», «салтымызға жараспас», «обал болады», «сауапқа жатпайды» деген сияқты ұғымдардың қадірі мен қасиеті жоқ. Ғалымдардың айтуынша «немқұрайлық» адамның бойындағы ең жаман қасиеттердің бірі. Мұндай адам еш нәрсеге жаны ашымайды, оған бәрі бір. Қоғам өмірінде, басқалармен қарым-қатынаста, ағайын-туыс, жора-жолдас өміріндегі жағдайлар мен өзгерістер ол үшін ешқандай маңызы жоқ. Ол тек қарақан басын ғана ойлайды.

Қысқа ғана әңгімеден байқағандай ысыраптың бауырлары тек жаман қасиеттерден құралған екен. Олардың ешбірі адамды көгерте қоймасы анық. Адам осы аталған қасиеттермен күреспейінше ысырапқа жол беріп отырады деген сөз. Ал уақыт өте ысырапшылдық адамды адасу жолына жетелейді. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе – ысырапшылдық пен тәкаппарлық» (Бұһари).

Алла Тағала бізді мұндай адамдардың қатарынан жазбасын. Бойымыздағы кем-кетікті жойып, ізгі кісілердің қатарынан болайық.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ дінтанушы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close