Сұрақ: «Үш рет Ықылса сүресін оқу, Құранды хатым еткенге санала ма?»
Жауап: Сұрағыңызға тікелей жауап берместен бұрын алдымен Құранды хатым ету туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. «Құран хатым» дегеніміз Құранды бастан-аяқ оқып шығу деген сөз. Негізінен Құранның түсірілуінің түпкі мақсаты тек қана оқып-жаттау емес, адам баласын ойланып, ғибрат алу арқылы санасын түзеп, өмірін Иләһи мақсатқа қарай бағыттау. Ал оның қалай жүзеге асқанын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың өмір сүрген бақыт ғасырында орын алған тарихи оқиғалардан анық көре аламыз. Құран қараңғылық ғасырында өмір сүрген халықты, адамзатқа ұстаздық ететін деңгейге көтерді. Бұл оның интеллектуалдық қырының адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Құранның тағы бір ерекшелігі, оның оқылуының өзі де құлшылыққа саналады. Құранның қай сүресі, қай аяты оқылса да оқыған адамға сауап жазылатыны хадистерде айтылған. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал, әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)»,– деген (Тирмизи, Сүнән).
Басқа хадистерде де Құран оқудың осы дүниеде бақыттың қайнары, ақыретте шапағатшы болатындығы тілге тиек етілген (Бұхари, Фәдәилул-Қуран, 17; Муслим, Салатул-мусафирин, 243, 266). Құранды хатым ету әдеті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезеңінде Алла тағаланың әмірі арқылы, Жебрейіл періштенің бақылауында жүзеге асқан-ды. Өйткені, Жебрейіл періште әр жылы рамазан айында келіп, сол кезге дейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілген Құран аяттарын жүрегіне нақышталып сақталу үшін бастан-аяқ қайталататын. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тәлім алған сахабалар, олардан кейін келген ізгі кісілер мен ғұламалар да Құранды хатым етуді әдетке айналдырған.
Ал, енді, «Үш рет Ықылса сүресін оқу, Құранды хатым еткенге санала ма?» деген мәселеге келейік; Негізінен Құран сүрелерінің атықшылықтары мен ерекшеліктерін баяндайтын хадистерде осы ойды қуаттайтын сахих хадистер баршылық. Әбу Саид әл-Худри балай әңгімелейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына қарата: «Араларыңнан кімнің бір түнде Құран Кәрімнің үштен бірін оқуға шамасы келеді?»,– дегенде сахабалар: «Оған кімнің шамасы келсін?»,– дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Аллаху Ахад», «Аллахус-Самад» («Ықылас» сүресі) ) Құранның үштен бірі»,-деп жауап береді (Бухари, Фәдәилул-Қуран 13, Тәухид 1). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаным құдыретінде болған Алланың атымен ант етейін бұл сүре – Құранның үштен біріне тең» деп ант іше отырып айтқан (Бухари, Таухид 1).
«Ықылас» сүресінің Құранның үштен біріне тең келуін тәпсіршілер «Құран кәрімнің Таухид, Пайғамбарлық, Ақырет секілді үш негізінің біріншісін (Таухидты) қамтығандықтан» деп түсіндірген. Имам Нәуәуи Мәзиридің «Құран үш бөлімнен тұрады: Қыссалар, Үкімдер, Алла Тағаланың сипаттары. «Ықылас сүресі» Алла Тағаланың сипаттары бөлімін ықшамды түрде баяндайды» деген көзқарасын келтіреді. Бұл хадистер «Ықылас» сүресінің артықшылықтарының бір қырына қатысты. Ал, оның екінші қыры оның оқылуының сауабына қатысты. Хадистерде оның сауабын алатындығы нақты айтылған. Сонымен қатар, «Ықыласты» үш рет оқудың сауабы бір басқа да, Құранды толық оқудың сауабы бір басқа екені де даусыз.
Алау Әділбаев