Ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт – біздің рухани тарихымыз дер едік.
Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды. Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи ілімі.
Яссауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды емес. Яссауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Яссауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Яссауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Яссауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Яссауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды.
Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Яссауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Яссауи ілімі тікелей әсер етті деп біз сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Яссауи ілімінің маңызы да сондай ерекше» деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым.
Яссауи ілімі тек тарихи роль атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті иделогиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Яссауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Яссауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Яссауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар.