Сұрақ: Исламда құқықтық мәзһабтардың қоғамдық және құқықтық саладағы орны мен маңызы қандай?
Жауап: Белгілі болғандай діннің негізіне, яғни сенімге қатысты мәселелерде келіспеушілікке орын жоқ. Алайда қосымша, тармақтық мәселелерде түрлі көзқарастардың айтылуына рұқсат бар. Бұл да Жаратқанның хикметінің нәтижесі.
Сондықтан ондай мәселелерде ақыл-кеңес құруға, талқылауға, ижтихад жасауға алаң қалдырылған. Пайғамбарымыз: «Менің үмбетімнің түрлі көзқарас білдіруі – рақымдылық» деген. Өз кезегінде Пайғамбарымыз, сахабалар және табиғин кезеңдерінің өзінде үкімі анық айтылмаған кейбір мәселелерге қатысты адамдар өзара ақылдасып, кеңескен, түрлі көзқарастар айтылып, түрлі ижтихадтар жасалған.
Хақ тағала әрбір оқиғаға қатысты кесімді де нақты үкім жібере бермеген. Кейбір күнделікті мәселелерге қатысты сұрақтардың шешімін мужтахид ғалымдардың ізденіс-талпыныстарына қалдырған. Осылайша Жаратқан ие мужтахидтер арқылы пенделерінің ақыл өрісінің кеңейіп, дамуына жол ашқан.
Фиқһқа қатысты негізгі емес қосымша, тармақтық мәселелерде уақыт пен ортаның өзгеруіне орай кейбір өзгерістердің орын алуы, өмірдің табиғи қажеттілігі. Осыған орай қоғамда шарттар мен қажеттіліктердің өзгеруіне қарай үкімдердің де өзгеретіндігі принципі қабыл етілген. Мұндай жағдайда мужтахид ғалымдардың ғасырдың қажеттілігіне ең сай келетін көзқарасы басшылыққа алынып, адамдар қиындықтан құтылады.
Ислам дінінде жеке адам мен қоғамның діни, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу – абыройлы іс. Ал мұндай түйіткілді мәселелерді ғылымда тереңдеген, білгір мужтахидтер ғана шеше алады. Өз кезегінде мужтахидтер өз білім деңгейлеріне қарай бір мәселені әр түрлі шешуі мүмкін. Адамдар сол үкімдерді уақыт пен қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты бір мәселеге қатысты түрлі көзқарастарды таңдай алады.
Сонымен қатар Құран мен сүннетте үкімдер белгілі бір деңгейде шектеулі, ал туындайтын мәселелердің саны шексіз. Міне осындай шектеулі насстармен шексіз оқиғаларды шешу мәселесінде түрлі көзқарастардың туындауы табиғи құбылыс. Түрлі көзқарастардың кездесуі бір жағынан ислам құқығының дамуын, екінші жағынан адамдардың күнделікті тұрмыста ұшырасқан мәселелерін қиналмай шешуді қамтамасыз етеді.
Сөз түйіні, ислам құқығы қияметке дейін қоғам өмірінде туындайтын жаңа мәселелерге жауап бере алатын қаситеке ие. Бұл қасиетін ол Құран мен сүннеттен алады. Осы екі телегей теңіз қайнаркөзбен қатар өмірде адамдардың алдынан шығатын діни, экономикалық және құқықтық мәселелерін ислам рухына сай шешуге көмектесетін ижтихадтың болуы да бір ерекшелік.
Өте танымдық материал болыпты. Жауабыңызға ризамын