Сұрақ: Ұятты адам деп кімді айтамыз?

Жауап: Осы орайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұят – тек жақсылық әкеледі», – деген сөзі еске оралады (Бұһари, Мүслим). Енді бір мәшһүр хадисінде: «Ұят – иманнан», – деп айтқан.

Ибн Омар бір сөзінде былай деп айтқан екен: «Ұят пен иман бір-бірімен байланысқан қосынды. Егер олардың біреуі кетсе, онда екіншісі де кетеді».

Демек, ұяты жоқ адамның иманы мол деп айту қиын. Адам жүрегіндегі иманының мөлшерін оның ұятты қылық жасап, жасамауынан білуге болады екен.

Әрине, ұят – адамда болуы қажет көркем мінез. Өйткені адам ұялғандықтан бойындағы кемшіліктерін түзейді, оларды көркемдеуге тырысады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Шариғат уринотерапияға рұқсат ете ме?

Жалпы адамның діні мен әдебі бұйырғандай амал етуі нәпсіні тәрбелейді, әрі жақсы амалдарға жұмсап, ұятты оятады. Ұятты адам қолынан келгенше тілді жалған сөзден, ғайбаттан, өсек тасудан, құлақты жаман сөздер тыңдаудан т.б. ағзаларын харамнан сақтауға тырысады.

Қазақ: «Өлімнен ұят күші», – деп бекер айтпаса керек. Мұндай адамның ұят тазалығына жетері сөзсіз. Жоғарыдағы хадистерден көргендей, ұяттың иманмен қатар жүретіні оның дініміздегі маңызы мен мәртебесін аңғарса керек.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу