Алдымен медресенің білім беру жүйесі жайында аз-кем түсінік беріп өтейік.
Медресе – арнайы орта діни білім беру мекемесі болып табылады, ол дәрежесі жөнінен техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне теңестірілген. Яғни медресе шәкірті колледж студенттері секілді 2 жыл, он ай күндізгі бөлімде оқып, мемлекеттік үлгідегі диплом алып шығады. Медресені бітіруші ер балаларға «имам-хатиб», қыз балаларға «ислам негіздерінің мұғалімі» мамандығы беріледі.
Елімізде Астана, Алматы, Шымкент, Сарыағаш, Тараз, Ақтөбе, Орал, Павлодар қалалары мен Алматы облысында (Үшқоңыр) ашылған 9 медресе бар. Олардың үшеуінің – Шымкент, Сарыағаш, Үшқоңыр медреселерінің жанынан қыздар бөлімі ашылған.
Сіздің жағдайыңызда өзіңіз білім алатын Еуразия Ұлттық университеті Астана қаласында орналасқандықтан қыздар медресесінен білім алу мүмкіндігі шектеулі. Қыздар бөлімі Астана қаласынан ашылған жағдайда да медресенің оқу түрі күндізгі болғандықтан және жүйелі білім алуды қажет ететіндіктен, университет пен медреседе бір мезгілде білім алу қиынға соққан болар еді.
Сондықтан сіздің жағдайыңызда ең тиімдісі – Астанадағы барлық мешіттердің жанынан дерлік ашылған сауат ашу курстарында білім алу. Мұндай курстарда білім алу уақыт жағынан өте тиімді: оның күндізгі және кешкі бөлімдері бар, өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдап, негізгі оқуыңыздан қол үзбей жүріп, исламдық біліміңізді жетілдіре аласыз.
Діни сауат ашу курстары сапалы түрде ұйымдастырылған: оқу үдерісі үш сатыдан тұрады, әрбір сатыдағы оқу ұзақтығы – 4 ай. Курста «Мұғалім сәни», «Ғибадат», «Ақида», «Ахлақ», «Сияр», «Құран Кәрім», «Сахабалар тарихы», «Фиқһ», «Мәзһабтар тарихы» секілді негізгі исламдық пәндер жүйелі түрде оқытылып, бітірушіге сертификат беріледі. Барлық сауат ашу курстарында дерлік қыздар бөлімдері ашылған.
Осындай курстардан бастауыш діни білім алып шықсаңыз, болашақта ықыласыңыз бен мүмкіндігіңіз болып жатса, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінде жоғары исламдық білім алуға болады. Айта кету керек, бұл университетте исламтану мамандығы бойынша магистратура мен докторантура да ашылған. Жүйелі әрі сапалы исламдық білім алуға бағытталған еліміздегі осындай мол мүмкіндіктерді қыз балалар да толығымен пайдалана алады.