Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбына дөңгелек үстел отырысы өтті.

Аталмыш шарада бейне-конференц-байланыс арқылы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде вице-министр Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін артып, жылдан жылға ҮЕҰ мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатқанын және әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі соңғы 5 жылда 2 есеге, гранттарды қаржыландыру 3 есеге артқанын атап өтті.

«Жыл сайын орта есеппен әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша 2 мыңға жуық жоба іске асырылады және оны орындауға мыңнан астам ҮЕҰ атсалысады. Сонымен қатар рухани даму бағытындағы жобаларға да айрықша мән беріліп, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшуі» бойынша Жол картасы әзірленді» – деп мәлімдеді.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері мен облыстардың ішкі саясат басқармаларының, қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтардың өкілдері қатысты.

Пікір жазу