Уақфтар мәдениеті – қозғалмай жүрген келелі тақырыптардың бірі. Бүгінгіге түсінікті тілмен айтқанда, уақф дегеніміз – әр алуан мақсаттарға бағытталған қайырымдылық қорлары. Дегенмен жалпы уақфтық мәдениеттің ұғымдық аясы бұдан әлдеқайда кең. Қайырымдылық қорлары сипатындағы құрылымдар адамзат дамуының әрқилы кезеңдерінде дүниеге келіп отырған. Ал әлемге рахмет етіп жіберілген Мұхаммед пайғамбар таратқан бейбітшілік діні – ислам қайырымдылық қорларының тұтастай қоғамдық институтқа айналуына шешуші әсер етті. Адамдарға қайыр етуді, көмек беруді, жақсылық жасауды насихат еткен, мұсылмандарды өзі дүниеден өткеннен кейін де үзілмейтін сауапты істерге құлшындырған Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед пайғамбар хадистері алғашқы исламдық уақфтарды пайғамбар дәуірінде дүниеге әкелді. Саңлақ сахабалар Әбу Талха мен Омар ибн Хаттаб өздерінің құрма бақшасын Алла жолына садақа ретінде атай отырып, уақфтық құрылымның негізгі қағидаларын қалыптастырған. Хазіреті Әбу Бәкір, Осман, Әли мен басқа да көптеген сахабалар өздерінің мал-мүлкінен уақфтар ұйымдастырған. Уақфқа берілген мал-мүлік иесінің иелігінен толық шығарылады, ары қарай сатылмайды, сатып алынбайды және мұраға қалдырылмайды, тек уақфқа беруші қандай мақсат үшін садақа ретінде атаған болса, сол мақсатқа ғана жұмсалады. Уақфтық мәдениетті құқықтық тұрғыдан толық негіздеп берген ислам ғұламасы имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Йусуф болып саналады. Оның пәтуаларының негізінде ханафи мазхабы ғана емес, басқа да мазхабтарды ұстанатын өлкелерде де уақфтық мәдениет барынша жанданған. Қоғамдық маңызы зор ірі жүйеге айналғаннан кейін уақфтар арнайы мемлекеттік құрылымдар арқылы қадағаланатын болған. Мұсылман елдерінде мемлекет қазынасы есебінен уақфтар ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Омеядтар мен Аббасидтер кезеңінде араб жерінде, Османлы дәуірінде Анадолыда кеңінен қанат жайған уақфтар мәдениеті негізінде көптеген мешіттер, медреселер, мектептер, ғимараттар, керуен сарайлар, көпірлер, жолдар, ауруханалар, ұста дүкендері және басқа да халық тұрмысына қажетті құрылыстар салынған. Бұл құрылыста қызмет етушілердің, ем алушылардың, ұстаздар мен шәкірттердің күнкөрісі уақф қаржысы арқылы қамтамасыз етілген. Уақфтар мәдениеті кемеліне келген Османлы мемлекетінде аталған құрылыстармен қатар уақфтар қаржысына құдықтар қазылып, кемелер жасалып, жетімдер мен жесірлер үйі, кесенелер, кітапханалар, асханалар, моншалар, кір жуатын орындар салынып, тіпті теңіз шамшырақтарына дейін жасалған екен. Ағаш егуге, әскерилердің атын күтіп-баптауға, борышкерлерді қарыздарынан құтқаруға, құлдарға азаттық әперуге, қызметшілердің қожайындарға қарыздарын төлеуіне, науқастар мен мұқтаждарға көмек беруге арнап ашылған мың-сан қайырымдылық қорлары ғасырлар бойы Анадолы жерінде қызмет етіп келген. Бұл мәдениеттің халық тұрмысы мен санасына терең орнап, барынша сіңіп кеткені соншалық, бейнелі түрде айтқанда, артық мүлкі бар адам жақсылық жасамаса тұра алмайтын дәрежеге жеткен деуге болады. Уақфтық мәдениет адамның өзі өлсе де, сөзі мен ісі өлмейтінін, игілікті іс атқарып, қайырымдылық көмек көрсетудің ең үлкен имандылық екенін жадына берік тоқыған мұсылман қауымының ортақ имани ұстанымдарынан бастау алады. Бұл мәдениет Мұхаммед пайғамбар үмбетінің санатына енген қазақ даласы үшін де жат болған жоқ. Исламның қазақ даласына таралу кезеңінен бастау алып, ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген уақфтық мәдениеттің ең көрнекі мысалы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің уақфы болып саналады. Кесенені салдырған Әмір Темір Көреген Әзірет Сұлтанға атап, уақфтық жерлер бөліп, оның бау-бақшасының түсімін қандай тәртіппен қай мақсатқа пайдалану қажеттігін, кімнің басқаруға, кімнің бақылауға өкілетті екендігін түгел жазып көрсеткен уақфтық құжат қалдырған. Қазақ даласында бұған дейін де уақфтық үрдістің орнағанын Сафи ад- дин Орын Қойлақының «Насабнамасынан» көруге болады. Отырарда сопыхана ұстап, пірлік қызмет атқарған Сопы Мұхаммед Данышманд жайлы жаза келіп, шежіреші: «Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға қолдан сатып алды. Сопы Мұхаммед Данышманд ханақаға (сопыханаға) уақф қылды. Бірақ Қайу тегін Сопы Мұхаммед Данышмандқа «шайх атамсыз» деп, «Тоғыз атамнан бері келе жатқан адал мал-мүлкім, басы Оғыз таудан аяғы Қарашыққа дейін 200 қос жер еді. Тәңірі ризасы, Мұхаммед Расулаллах шапағаты үшін уақф еттім» деп, шеттің жер-суын берді» дейді. Шежіреде сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауидің он бірінші атасы Ысқақ бабтан қалған уақфтық мүліктер мен басқа да уақфтар туралы егжей-тегжейлі айтылады. Ал Қарахан мемлекетінің негізін салушы Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының шежіресі болып табылатын «Тәзкире-и Бұғрахан» жазбасында әрбір шайқастан кейін шейіттерді ақ жауып, арулап көміп, қабір басына арнайы шырақшылар тағайындалып, оларға жер-су бөлінгені, қазан көтеріп, ас-су әзірлеп, әруақтарға бағыштап отыру үшін мал-мүліктің оннан бірі зекетке берілгені айтылып отырады. Бұл қазақ жеріндегі шырақшылық дәстүрдің қалыптасуы мен сансыз көп сағаналардың тұрғызылуы уақфтық мәдениеттен бастау алғанын айғақтайды. Тұтастай алғанда, уақфтар мәдениеті – үлкен Түркістан мәдениетінің ықпалды бір бөлігі. Уақфтар мәдениетін дамыту дәстүрлі рухани құндылықтардың қайта жаңғыруы ретінде ғана емес, рухани бастамаларды қаржыландыру көздерінің бірі ретінде де маңызды. Сондықтан уақфтар мәдениетін қайта жаңғырту бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қазіргі қоғамда игі бастамалардың жанданып, күрмеулі мәселелердің шешімін табуына септесер еді. Ұжымдық өмір салтын берік ұстанған көшпенділер өркениетінде өзіне тән қайырымдылық көмектің алуан түрі қалыптасқан. Жалғыз-жарым жағдайсыз ағайынына жылу жинап, алдына мал салып, үстіне үй тігіп беретін, асарлатып, қыстау-қорасын тұрғызатын, жетім-жесір, ғаріп-ғасерге астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен беріп, қандай жағдайда да қорғансыз қалдырмайтын қазақ халқы да өзіндік біртұтас қамқорлық институтын қалыптастырған болатын. Осындай көмескіленуге айналған құндылықтарды заманауи қоғам құрылымы мен сұранысына сәйкес қалыптарда дамытудың берері мол болмақ.