– Тұрар Түгелұлы, білуімізше, сіз Түркия мемлекетінде білім алып жатсыз. Қандай мамандық және қай университетте оқисыз?

– Сауалыңызға рахмет, алдымен сәл шегініс жасасам. 2016 жылы магистратураны оқып жүргенімде Ыстамбұл қаласындағы «Ыстамбұл» университетінен іс-тәжірибеден өткен едім. Сонда Түркия мемлекетінің білім мен ғылымға аса қатты көңіл бөліп отырғанын, ғылымның жүйелі жолға қойылғанын, кітапханаларындағы кітап қорынының көптігін көріп таңғалған болатынмын. Сол уақытта Алла қаласа докторантураны Түркияға келіп оқимын деп ниет еттім.

 

Аллаға шүкір, араға төрт жыл салып 2020 жылы Түркия мемлекетінің «Эржиес» мемлекеттік университетіне докторантураға «дінтану» мамандығы бойынша оқуға түстім.

 

Кезінде үш жүздің басын қосқан Абылай хан: «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік», – деген екен. Абылай ханның осы сөзі бізге арналып айтылғандай. Жалпы табыс пен жетістіктің кілті – білімде екендігіне сан мәрте көз жетіп келеді.

 

Алла Тағаладан «ОҚЫ» деген бұйрық алған үммет емеспіз бе? Әрдайым оқу үстінде болу біздің басты мақсатымыз болу керек. Білім – Құдайдың берген үлкен сыйы, ақыл мен парасаттың белгісі.

 

Расында, Ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы – білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған сөз 780 рет кездеседі екен. Демек, Алла Тағаланың бір нәрсені бірнеше мәрте қайталап айтуында үлкен мән бар. Тектен тек еш нәрсе қайталанбайды. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат қалдырған.

 

Ғұлама ғалым имам Ғазали да «Пайдалы біліммен шұғылдану басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы», – деген екен. Оқудың ерте-кеші жоқ. Сондықтан білім алуыма ізгілердің сөздері әрдайым түрткі болып отырады. Алған білімімізбен елімізде дін саласында азды-көпті қолымыздан келгенше қызмет атқардық.

«Эрджиес» университетінің мүмкіндіктері

– Түркияда оқып жатқаныңызға бір жылдан аса уақыт өтіпті. Біздің елмен салыстырғанда ол жақтағы білім беру ісінің қандай кемшіліктері мен артықшылықтарын атап өте аласыз?

– Оқу бағдарламасы бойынша айтарлықтай кемшілік көрмедім. Барлығы жүйелі. Оқытушылар да осал жандар емес. Білікті, білімді профессорлар. Тек пандемия кезеңінде болғандықтан аудиторияда отырып дәріс алу мүмкін болмады. Мұндай жағдай дүниенің қай бір жерінде болмасын қашықтан оқыту қолға алынғанын жақсы білеміз.

Түркия мемлекетінде де ZOOM бағдарламасы арқылы білім алудамыз. Емтихандар да осы бағдарлама арқылы өтуде. Әрине, бұл аудиторияда бетпе-бет отырып білім алуға жетпейді. Дегенмен, профессорлар талапкердің білім алудағы талабын барынша қанағаттандыруда. Қажетті кітаптарды да электронды түрде оқуға мәжбүр болдық. Ал кейбір кітаптарды сатып алып оқуымызға тура келді. Себебі Түркияда карантин талаптары күшейген уақыттарда кітапхананың өзіне бару мүмкін болмай қалды. «Эржиес» университеті діни білім алуға, кейбір діни мәселелерді тереңнен зерттеуге мол мүмкіндіктер жасап қойған.

Қолда бар алтынның қадірін білу

– Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы діни білім берудің деңгейі қандай? Не жетіспейді?

– Жетіспейтін дүниеден бұрын жетіп тұрған дүниенің қадірін білуіміз керек секілді. Бірнеше медресе-колледжі, «Нұр-Мүбарак» университеті, сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ және Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандары даярланады.

 

Бүгінде аталған білім ошақтарында қоғамның талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашы мамандарын даярлаумен айналысады.  Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

 

Одан бөлек басқа да жоғарғы оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша білім берілуде. Яғни, елімізде діни білім алам деушілерге барлық мүмкіндік жасалған. Тіпті, жыл сайын тегін оқуға жүздеген гранттар бөлінуде.

 

Ал, шетелге діни білім алуға кеткен жастарымыз Қазақстанға оралған кезде күтпеген жағдайларға тап болуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта бейімделуі қажет. Шетелде кейбір жастарымыз жат діннің ықпалына түсу қаупін де жоққа шығара алмаймыз. Олар сенімсіз дін адамдардың жекелеген дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін. Сондықтан шетелде діни білім алып жатқан жастардың ата-аналары баласының қайда, қандай діни оқуда оқып жатқанына мән берсін дегім келеді.

Адамды қатыгездікке итермелейді

– Осы ретте деструктивті діни ағымдардың зияндылығына қысқаша тоқталып кете аласыз ба?

– Деструктивті діни ағымның идеясын бойына сіңірген адамның психологиясы өте күрделі. Санасы уланғандығы соншалықты ақты – ақ, қараны – қара деп өз еркімен ажырата алмайтын жағдайға жетеді. Айналасындағы адамдарды мұсылман деп қабылдай тұра, ата-анасын, туыстарын адасқан деп таниды. Тұла бойындағы тұмшаланған көзқарас оны адами болмысынан айырып, мейірім мен жанашырлықтан жұрдай етеді. Мұндай қадамдардан кейін қатігездікке де баруы ықтимал.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Астың адалдығы – бастың амандығы

Ғұлама ойшыл Шәкәрім «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» деген өлеңінде:

«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп дұспандық қару жасар.

«Інжіл», «Құран» бәрі айтып тұрса-дағы,

Адасып, ардан күсіп, қара басар», – дегені бекер емес.

«Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады…», – деп Мағжан ақын жырлағандай, бүгінгі толқынды жаман әрекеттерден арашалау үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсалып жатқандығы шындық. Жастарымыз жат ағымдардың тұзағына түспесін. Жігерлері мұқалмасын, туралықта болсын деп әрекет етуіміз керек. Жат ағымдағылардың да аңдығаны – ел ішіне іріткі салу, бүлік тудыру.

Бір-ақ ауыз сөзге мән бермейміз

– Енді ғана мектеп, бітіріп діни білім алғысы келетін түлектерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Кейде қазақтың бір сөзіне онша мән бере қоймайтын секілдіміз. Ол – «сенім» деген бір-ақ ауыз сөз. Сенім адам баласына жақсылық та, жамандық та әкелетін, бақыт пен қайғы-қасірет те беретін, бізді не адамшылыққа, не қаныпезерлікке жетелейтін де сенім екендігін білуіміз керек.

Ол – адам алғаш жаратылғаннан осы бүгінге дейін бар болмысымызды билеп алған ұғым. Оның дұрысы мен терісі, шындығы мен ақылға сыйымсызы бар екендігі үнемі айтылып келеді.

Айтайын дегенім,  шетелден діни білім алатын азамат әуелі негізгі діни білімін елде алып, оң-солын білгеннен кейін ғана ғылым үшін магистратура мен докторантурасын сыртқа шығып оқыса да болады. Дегенмен елде де мүмкіндіктер мол. Дін саласында ғалымдарымыз жеткілікті.

Ал буыны қатаймаған жастарымыз шетелден діни білім аламыз деп шыққандардың риясыз ниетін түрлі жамағаттар пайдаланып, өзінің айтқанымен жүргізіп отыратын мәңгүрт етуі әбден мүмкін. Әрине, барлығына топырақ шашпаймыз. Бірақ кейбір жағдайларды көріп, біліп отырып айтпай кетпеуге де болмас.

Адамды жаман ойларға, теріс пікірлерге, тіпті, теріс әрекеттерге итермелеп, қалыпты деген, дәстүрлі деген жолдан тайдыра бастайды. Осындайлардан біз сақтануымыз керек. Кейбір қазақ азаматтарын да көрдім. Белгілі бір діни жамағаттың уағызынан шыға алмай қалғандары да бар.

Сондықтан қайталап айтқым келеді, елде жүріп діни санасын дұрыс қалыптастырып алу керек. Сонда ғана ол азамат Отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, құрметтеуді біледі.

Қaзaқ eлi aдaмгершілік құндылықтaрды қaшaн дa алдыңғы oрынғa қoйғaн. Ар-ұят, нaмыс, aбырoй секілді қасиеттер бaсты құндылық бoлып сaнaлғандықтан, қaзaқ «Мaлым – жaнымның сaдaғaсы, жaным – aрымның сaдaғaсы» дeп есептеген. Сондықтан адaм бoлмысындaғы aбырoй-нaмысқa қoрғaн бoлaтын күш – әдiлдiк, aдaмгeршiлiк, имaндылық дeп әлдеқашан тaнығaнбыз. Біз осы құндылықтарымыздан айырлып қалмауымыз керек.

– Тұрар мырза, болашақта елге қайтып оралу жоспарыңызда бар ма?

– Түркияда тұрып, білім алып жатқаным болмаса, жүрегім, тілегім, қызметім – Отанда, елде. Еш ажыраған емеспін, ажырамаймын да. Пандемия уақытында әлеуметтік желілер арқылы Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде үнемі дәрістер оқып келемін. Қолдан келер қызметіміз – тек елге, Отанға пайдамыз тисе екен деген ниет. Кейінгі жастарымыздың тәрбиесі әлсіреп, рухани шөліркеп қалмаса деген тілегіміз бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Балжан ӘБДІРАШ

Пікір жазу