– «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен шыққан бұл жинағыма жетпіске жуық әңгіме, жиырма шақты мысалдар мен ертегілер және «Дала әуені» хикаятым енді. Мүмкіндікті пайдаланып, аталмыш баспаның бас директоры Рақымғали Құл-Мұхаммедке, бас редактор Әділхан Пірмановқа алғыс-рахметімді арнаймын. Аталмыш «Атамұра мектеп сериясы» бойынша, балалар әдебиетіне айрықша еңбек сіңірген танымал талай ақын-жазушылардың кітаптары жарыққа шығады деп ойлаймын. Бұл – бір өркен жаяр, өнегелі серия.
– Оқырмандар қайдан алады жинағыңызды? Әлде кітапханаларға түсе ме?
– «Атамұраның» Қазақстан бойынша 47 кітап дүкені бар. Соларға түседі. Қазір Астанадағы «Абай» кітап дүкенінде сатылып жатыр.
– Сізді көпшілік оқырман балалар жазушысы ретінде жақсы таниды. Келешек ұрпақты төл дініміз – ислам қағидаттарымен тәрбиелеу бүгінгі замандастарымыздың отбасылық дәстүріне айналып бара жатқанын байқаймыз. Осы үрдістен ұтарымыз көп пе, ұтыларымыз да бар ма?
– Асыл дініміз– ислам – тұнып тұрған мейірім, адамгершілік, білім-ғылым, парасат діні. Ислам қағидаттарымен өсіп, ер жеткен, тәлім-тәрбие алған бала – еліміздің кемел келешегі. Отан – отбасынан басталатын болса, баланың жас кездегі алған тәрбиесі – баға жетпес байлық, үлкен бақыт.
Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Баланың пәк, таза жүрегі – құнды қазына. Жанған шырақ секілді кез келген түрге ене алады. Кішкентай кезінде ешқандай түрге енбеген таза күйде болады. Таза құнарлы топырақ секілді. Ал таза құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісі шығады. Балаға иман, Құран, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін тәлім-тәрбие, пайдалы білім, Алла тағаланың әмірлерін үйретіп, оны орындауға дағдыландырса, дін және дүние бақытына жетеді. Егер бұларды үйретпесе, орындауды дағдыға айналдырмаса, бақытсыз болады. Жасаған әрбір жамандығының күнәсі әке-шешесіне және ұстаздарына да беріледі.
Бұл орайда, ғұлама әл-Фарабидің: «Балаға әуелі жақсы тәрбие беруіміз керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағаты – ұлттық идеологиямыздың бағдаршамы.
– Толымбек аға, сіздің шығармаларыңыздан ізгілік, мейірімділік, адамгершілік, гуманизм тақырыптарын көп байқаймыз. Мұның жас оқырмандарыңызды адамдық пен адалдыққа баулуда үлкен септігін тигізетініне еш күмәніміз жоқ. Десе де, қазіргі балаларға арналған туындылардан, әсіресе, шет елден келетін балаларға арналған дүниелерден батыстық менталитетке, атыс-шабысқа, қатыгездікке шақыратын идеологияны айқын ұғамыз. Бұны дінсіздіктің көрінісі деп ұғамыз ба, әлде, сыртқы жат пиғылдылардың қазақ болашағын тұқыртуы деп білеміз бе?
– Балаларға арналған шығармалар мейірім мен қайырымды, адамгершілікті, мөлдірлікті бейнелеуі керек.Белгілі қағидаға сүйенсек, сұлулық пен мейірім әлемді құтқарады. Он сегіз мың ғаламның иесі – Алла тағала сұлулықты сүйеді. Сұлулық болғанда, жан сұлулығын, ізгілікті, адамгершілікті айтып отырмын. Бұл жөнінде хәкім Абай-Ибраһим бабамыздың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзатттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті,
деген өлең жолдары бәрін айтып тұр емес пе?
Жиырма бірінші ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған ғасыры. Жаһандану үрдісі әлдеқашан басталып кетті. Қалта телефонсыз, компьютерсіз, интернетсіз, ғаламторсыз отбасы жоқтың қасы. Бұларды меңгеру, пайдалану уақыт талабына айналды. Оның жақсы жағы да, жамандығыда жетіп артылады. Атыс-шабысты, зорлық-зомбылықты, кісі өлімін уағыздайтын, көрсететін фильмдер, сайт парақшалары әлі толық қалыптасып үлгермеген, алды-артын анық білмейтін балалардың жүйкесіне кері әсер етеді, жас жүрегін улайды, былғайды. Мұндай «мылтықсыз майдан» алыс-жақын шетелдегі жат пиғылдылардың жымысқы, ішмерез әрекеті. Барып тұрған имансыздықтың көрінісі. Сол үшін балалар мен жасөспірімдерді ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатты қадағалауы қажет. Толыққанды, пайдалы білім – кітапта. Сол үшін балаларды кітап оқуға кішкентай күнінен дағдыландыру керек, қажет болса мәжбүрлеу керек. Кітап оқыған баладан интелектуал, елін-жерін сүйетін, ұлтжанды, патритот азамат өсіп шығады. Қазақтың көркем әдебиеті – қазақтың рухы, жаны, тілі, діні. Қазақтың өршіл рухы – кешегі Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың, Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Махамбеттің, Мұхтар Әуезовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Бауыржан Момышұлының шығармаларында жатыр.
– Болашақтың тұтқасы бүгінгі балалар екені рас. Алайда, балғын оқырмандарға арналған шығармалар жазуға көп қаламгердің тісі бата бермейді. Сіз шығармашылықтың бұл саласына қалай қалам тарттыңыз?
– Бала атаулы ойынқұмар, қиялшыл, жақсылық пен әдемілікке құштар. Олардың жан дүниесі ақ парақтай таза, сөздері адал, тіпті қулықтары мен өкпе-реніштері де қуаныш пен шаттықтан тұрады.
Үлкендерге арналған шығармаларым біршама. Неге екендігі бір Жаратушыға аян, көбінесе балалар әлемі мені өзіне магниттей тартып тұрады. Бәлкім, балалар жазушысы болып туу керек шығар… «Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер» дейді дана қазақ атам. Балалар тақырыбына шығарма жазғанда мен бала боламын, балаша ойлаймын, балаша қиялдаймын, баладай армандаймын.
Балалар әлемі мені дәйім қызықтырады…
Балаларға арналған алғашқы әңгімем – «Мылтықты» он бес жасымда жазғаныммен, оны бағалауға өрем жетпей, он жеті жыл үстел тартпасында жатты. Балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ұлан» газетіне ұсынғанымда, үтір, нүктесіне қол тигізбей, қаз-қалпында жариялады. Содан бері балаларға арнап 117 әңгіме, отыз шақты мысалдар мен ертегілер, үш хикаят жазыппын. Дені «Балдырған» журналында, «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінде жарияланды.
– Бабаларымыз дәстүрлі ислам дінін ұстанған, кітабымыз – қасиетті Құран. Сондықтан да, сіздің төл дінімізге бет бұрып, құбылаға қарап тізе бүккеніңізге таңданыспен қараудың қажеті шамалы. Бірақ Алланың ақ жолына түсемін деп ниеттенген қандастарымыздың арасында теріс пиғылды ағымдардың жетегіне еріп кетіп жатқандары да аз емес. Өкінішті, әрине. Психологтық қабілет – қаламгер атаулыға тән қасиет. Балалар жазушысы, тіпті, психолог болу керек. Осы орайда, жоғарыдағы қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктің себеп-салдарын қалай түсіндірер едіңіз?
– Дұрыс айтып отырсыз. Тәуелсіздікпен таласа келген алмағайып 1990 жылдары теріс пиғылды, дүбәра дінді уағыздайтын миссионерлердің Қазақстанға ағылғанын білеміз. Сол кезде, әсіресе, насара (христиан) дінінің протестант тармағын тарататын мисионерлер қаптады. Қаншама қандастарымыз солардың майда тіліне, азын-аулақ ұсынған көк қағазына алданып, сол дінге өтіп кетті. Олардың қатарында жастармен бірге ересек адамдардың болғанын көрдік. Таң қалып, жағамызды ұстадық. Мұның сыртында Кришнайт, Иегова куәгерлері т.б. біз атын білмейтін, өмірде естімеген жат діндерді уағыздайтын уағызшылар жолымызды кес-кестеп, үйлеріміздің есігін қағып, есімізді алды. Аллаға шүкір, бірер жыл бұрын «Діни бірлестіктер және діни сенім туралы» заңымызға түзетулер енгізіліп, енді-енді жан-жағымызға қарай бастаған кезде «Уахабшылар» келді. Оның кері әсерін, жасап жатқан «тірліктерін» жұрт біліп отыр.
Қазақ сонау ықылым заманнан асыл дініміз – исламды ұстанады. Жоғарыда айттым, ислам дегеніміз бейбітшілік діні, ғылым діні, мейірім діні. Қазіргі таңда, ислам, әсіресе, Еуропада, оның ішінде Германияда гүлдеп келеді. Исламның келешегі – кемел, болашағы – жарқын. Өйткені, қасиетті Құран-Кәрімде «Алланың қасындағы хақ дін – ислам» деген аят бар.
Біреулер айтқандай, исламда террор жоқ, исламда зорлық-зомбылық жоқ. Күннің сәулесін адамзат баласы көлегейлей алмайды ғой! Хақ дін ислам да сондай!
Тәуелсіз еліміздің болашағы бүгінгі балаларды, жастарды қазақы тәрбие, мөлдір, асыл дініміз аясына бағыттау үшін, үлкендердің өздері иманды болуы тиіс. Ал иманды, инабатты, білімді, білікті, парасатты, экономикасы мығым қоғамды ешбір дұшпан басына алмайды.
Өйткені, жиырма бірінші ғасыр – руханият ғасыры.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ
E-islam.kz