Қазақ этикасының басты құндылықтарының бірі – төзімділік (толеранттылық) мұраты. Біз өткен құндылықтарды жаңа заманға әдейі таңып отырғанымыз жоқ. Бұл жерде құндылықтар сабақтастығы туралы айтуға болады. Егер төзімділікке келсек, ғалымдар оған мынадай түсіндірме береді: «Саяси төзімділік (толеранттық) деп өзгеше көзқарасқа жол беруден тайынбайтын белгілі бір саяси күштердің тұрғысын (позициясын) түсіну керек. Егер, бұл күштер билік басында болса, саяси төзімділік барынша кең түсінілетін конституциялық шеңберде оппозицияның қызметіне жол беру саясатынан көрініс табады. Жеке тұлғаға келетін болсақ, саяси төзімділік терминін саяси қарсыластар пікіріне құлақ асуға дайын болуды, оларды логикалық дәлелдеу арқылы өз жағына тартуға тырысуды білдіреді».

Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этикалық, мәдениеттанулық және тағы басқа қырлары бар. Қазіргі кезде кейбір саясаткерсымақтар Ислам төзімділікке қарсы дін деп пікір айтады. Бұл мәселе жөнінде көп талқылауға бармай-ақ, қасиетті Құрандағы 109-шы сүреден бір үзінді келтірейік: «Мен сіздердің табынатындарыңа табынбаймын ғой, сіздерде менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздерге – өзіңіздің дініңіз, маған болса – өз дінім». Бұл жолдарда төзімділіктің негізгі қағидасы анық әрі дәл тұжырымдалған.

Қазақ ақын-жырауларының исламдық дүниетаным шеңберінде болғаны белгілі. Ал, ауыз әдебиетіміздің де бай мазмұндарынан бұндай көзқарасты табу қиынға соқпайды. Қазақ халқына тән төзімділіктің көрінісін «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мақал береді. Халық даналығының мағынасы төзімділік танытып, мәселелерді зорлық-зомбылықсыз шешуге шақыруда. Осыған ұқсас мағынаны «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақал береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықтың, төзімділіктің негізінде асығыстық жасамай, күйгелектікке, ашуға берілмей шешу қажеттілігі көрсетіледі. Қазақ халқының мақал-мәтелдері халықтық философиямыздың негізінде төзімділік пен зорлық-зомбылықты болдырмау идеяларының жатқанын жарқын көрсетеді.

Ершат Оңғаров

 

 

 

Пікір жазу