Төлеген ТАЛДЫБАЕВ: «Иман мен амал – бөлек ұғымдар»

    0
    2

    – Бүгінгі қоғамда иман мен амалдың біртұтастығын алға тартып, кәлима шаһадат айтқанымен намаз оқымайтын кісіні немесе намаз оқыса да өз ұстанымында болмаған адамдарды күпірлікпен айыптайтын азаматтар бар. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіз. Исламда иман мен амалдың ара-қатынасы қандай?

    – Бұл идеология тарихта бір мұсылманды екінші бір мұсылманның өлтіруіне себеп болған мәселе. Иман мен амалды біріктіру мәселесінің ортаға шығуымен мұсылмандар арасында ең алғаш бүлік болды. Ғасырларға созылған індетпен мұсылман әлемі күні бүгінге дейін арпалысуда. Бұл – үммет үшін өте үлкен қауіп.

    Амал мен иман екеуі бір нәрсе емес. Сәләфус-салихиндердің барлығы иман мен амалдың бір-бірінен бөлек нәрсе екенін айтқан. Иә, адамға алдымен иман келеді, амал оны қорғайды. Бірақ, екеуі бір нәрсе емес. Екеуін бір нәрсе қылғысы келген адам «тәкпірлікпен» айналысқаны. Адамды күпірлікпен айыптадың ба, онда оның жаны, малы, ары – адал. Бір мұсылман екінші бір мұсылманды өлтіру үшін міндетті түрде оны кәпір қылуы керек. Осы індетті біздің арамызға тастаған. Осының салдарынан, сонау ғасырлардан бері мұсылман мұсылманды өлтіруге «негіз» тауып, қару көтере бастады. Бұл – исламның негізі емес. Бұл бізге қастандық жасаған адамдардың үмметтің арасына іріткі салып, бүлік жасау үшін ойлап тапқан айласы. Мұнымен айналысқандар дінде шектен шығушылар болып табылады.

    Шын мәнінде Ислам – шектен шығушылықтың емес, жеңілдік пен орта жолдың, көркем насихаттың діні. Бұл Алла және оның Елшісінің (с.а.с) мұсылмандарға қалдырған ұлы мирасы. Бұл жайында Ұлы Алла өз кәләм-шәрифінде: «Біз сендерді орта жолды ұстанушы бір үммет қылдық» деп баяндайды.

    Адамзатты алдап-арбауға және адастыруға арналған шайтанның екі жолы бар. Ол өзінің бірінші жолына, дінінде немқұрайлылық танытып, күнәға бет бұрғандарды итермелесе, ал екінші жолына Аллаһқа бет бұрған пенделерді, оларға дінде асыра сілтеу мен шектен шығу секілді қате түсініктерді көркем етіп танытып қояды. Әрине, сол арқылы оларды да тура жолдан адастырып, ақырында жойып жібереді. 

    Шектен шығушылық діннің бүкіл салаларында көрінуі мүмкін. Кез-келген шекарадан шығудың соңы жойылып кетуге әкеліп соқтырады.

    Алла Елшісі (с.а.с): «Шектен шыққандар жойылды!» (Муслим), — деп үш рет қайталағаны жайында Ибн Масғуд (Аллаһ одан разы болсын) жеткізеді. Ғұламалардың басым көпшілігі аталмыш хадисті ашықтай отырып: «Бұл сөз сенімде (Итиқад), сол сияқты амалда да (Аъмаль) барлық шектен шығушылыққа қатысты жалпылама айтылған»,-деген.

    Қазіргі таңда діндегі асыра сілтеушілік пен шектен шығушылық барлық жерде көрініс табуда. Соның ішінде сенім, ұлттық құндылықтар мен дәстүр, мемлекеттік құрылымды сынау мәселесіндегі шектен шығушылықтар қоғамда қатты белең алып отыр. Бұл бағыттағы әрекеттердің нәтижесі қоғамды жүйесіздікке әкеліп соғары анық. Енді осыларға жеке-жеке тоқталып өтуге тырысайын:

    — Күпірлік және көпқұдайшылдықпен айыптау (такфир, мушрик) (тарихта осы мәселенің салдарынан алғаш рет мұсылман мұсылманға қару көтерген);

    — Ақиқатты иемдену («тек мен ақиқаттамын, қалғандары адасқан»,- деген түсінікте болу);

    — Ауыр күнә адамды діннен шығаратындығына сендіру (тарихта осы мәселе түрлі ағымдардың шығуына себеп болған, Хариджиттердің сипаты);

    — Ұлы Жаратушымызды жаратылғандарға (мақлұққа) ұқсату, жаратылғандардың сипатымен сипаттау;

    — «Біздің» ақидамызда болмағанның артынан құлшылық жасамау,

    — Басшылыққа қарсы шығуға шақыру;

    — Бүкіл үмбет мойындалған және мақталған ғалымдарды, дінсіздік пен адасушылықта деп айыптау;

    — Қасиетті жазуларды тікелей түсіну. Астарлы мағынасына қарамау, ол туралы зерттемеу. Мәселен; «Сені кім қалай жазаласа, сен де оны тура солай жазала» дегенді алып, Алланың атымен адамдарды торға қамап, ішінде өртеп жіберіп жатқандарды көріп жатырмыз. «Жазасы осындай. Олар бізді ұшақпен бомбылады. Бізге от ұсынды. Біз де оған от ұсынамыз». Яғни, Құран, хадистердің мәтінін тіке түсіну.

    Осындай түсінік қалай арамызға кірді, солай бүлік басталды. Бұдан құтылмайынша бүлік тоқтамайды.

     – Иман мен амалды бірге қараудың зардабы жайлы тоқтала кетсеңіз…

    – Бұл қандай да бір мемлекетті ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама секілді. Өйткені, осы бағыттағы азаматтардың әрекеттерінен дәстүрлі емес психологиялық әдістерді байқауға болады.

    Бірінші, конфликтология принципі, ізінен ерушілерін конфликт алаңында ұстауға тырысу. Бұл бағыттың көздегені айналасындағыларды айыптау және қоршаған ортаны үнемі беймаза ету;

    Екінші, азаматтық позициясы мен ұлттық құндылығын, менталитетін жоғалту. Адамның отбасылық өміріндегі шиеленістер мен келіспеушіліктерді үдету және достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасты бұзу, сонымен бірге, өзінің ұлттық, этникалық ұстанымын мансұқтату;

    Үшінші, қарапайым қатардағы мұсылманға ғұламалар мен қазылардың құзіреті мен өкілеттілігін тарату;

    Төртінші, құлшылықта, киім киюде, лексикологиялық тұрғыда ерекшелену принципі.

    Міне, азаматтарды осындай күйге түсіруі мүмкін.

     – Иман мен амалдың бөлек ұғымдар екені турасында Алла Елшісінің (с.ғ.с) өмірінен өнегелер бар ма?

    – Бар, әрине. Әуелі Құраннан дәлел беріп өтейік. Ұлы Аллаһ «Ниса» сүресінің 94-аятында былай баяндайды: «…Сендер мұсылманшылығын білдіріп сәлем бере келгендерді дүние мүлікке (олжа) қызығып: «Мұсылман емессің демеңдер»…». Егер  қандай да бір адам «Ассаламуалейкум» дейтін болса, оған ешқашан кәпірсің деуге болмайды.

    Бірде Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Адамдар «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммад оның елшісі» дегенге дейін күресуге әмір етілдім. Адамдар мұны айтуменен жаны мен малының қауіпсіздігін сақтайды» деді. (Муслим, «Иман», 8) «Олар амал етпесе немесе намаз оқымаса» демеді. Сол себептен адам амал жасамаса кәпір болмайды. Бірақ, бұйырылғандарды орындамағаны үшін жауаптан да құтылмайды.

    Тағы бір мысал. Бәріміз тарихтан жақсы білеміз, мұсылмандар Меккеден ең алғашқы һижретті Хабашстанға (Эфиопияға) жасады. Ол жерде мұсылмандарды қабылдап алып, қамқорлық көрсеткен Эпиофия басшысы Нежаши қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Біздің бауырымыз дүниеден өтті, жаназа оқимыз» деп, алдында мәйіті жоқ, Эфиопияға бетін бұрып, Мәдина қаласында жаназа оқыды. Жаназаға бүкіл сахабалар тұрды. Ал, Нежаши болса, христиан мемлекетінің басшысы, өмірінде Құранмен үкім етпеген. Өмірінде намаз оқымаған, ораза ұстамаған. Керек болса, Ислам үкімдерін қабылдамаған. Бәлкім, қабылдаса да орындамаған. Амал мен иман бір нәрсе болатын болса, Нежашиге оқыған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жаназасы түсініксіз болып қалады.

    Бұл туралы сансыз дәлелдер көрсетуге болады.

     – Иман мен амалдың екі нәрсе екеніне Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінен де өнегелер бар екен. Онда азаматтарымызға соны неге түсіндірмеске? Олардың алдына тосқауыл қоюда неден ұтылып жатырмыз?

    – Осыны ойлағанда мені бір нәрсе толғандырады. Біз қоғамға қаншалықты жақынбыз, оларға қаншалықты жеткізе алып жатырмыз деген сұрақ туады. Әуелі оларды айыптаудан көрі, қоғамға керекті «өнімдерді» ұсына алып жатырмыз ба? Мәселе осында. Жақында ғана, тарихи оқиға ретінде бағалауға тұрарлық «Имамдар форумы» өткені белгілі. Осы форумда төрт бірдей халық үшін рухани маңызы бар құжаттар қабылданды. Соның бірі – Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы. Ендігі жерде бәріміз жабылып, жүз түрлі ағымның әртүрлі жағдайларын айтқанша, жатпай-тұрмай осы «Тұғырнаманы» насихаттауымыз керек. Тұғырнаманың  ішіне 3-4 заманауи мәселелер қосылғаны болмаса мазмұны сонау Қараханиттер дәуірінде қабылданған, Керей мен Жәнібек хандар заманында қалыптасқан, Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолының» құндылықтары негізінде жасалған. Қала берді тарихымыздағы билер институты, т.б ұлттық дүниетанымның барлығы қамтылған.  Бұл – бұрынғы өзіміздің діни дүниетанымымыз.

    Әр үйде осы тұғырнама болуы керек. Тілі былдырлап шыққан балаға «Мынау сенің негізің», «Мынау сенің дінің», «Мынау сенің ұстанымың, көзқарасың» деп берсе, жеңілірек болатын еді. Яғни, біреудің жамандығын айта бергенше, өзіңнің ақиқатта екеніңді түсіндір.

    Өз басым әрбір ақпараттық насихаттық тобының жұмысы аясындағы әрбір кездесуде 15-20 минут осы тұғырнаманы түсіндіремін. Себебі, бүгінде түрлі санаттағы адамдармен кездесу барысында «анау қалай», «мынау қалай», «ана ағым… мына ағым…» деп сұрай береді. Ал, әрбір кездесу бір немесе екі сағатқа созылады. Университетте 5-6 жыл дінтану немесе исламтану мамандығын оқыған азаматтың өзі де барлық ағымның бәрін түбегейлі оқып тауыса алмайды. Ал, оның бәрін бүгін бір сағаттың ішінде айтып тауысу мүмкін емес. Сонымен қатар, барлық адамды ағыммен күресуге шақыру ниетіміз жоқ. Сол себептен кездесуге келген азаматтарға «сізге ұсынатын жақсы жол бар. Міне, мына тұғырнама шықты. Сіз осыны оқып алыңыз. Осы – сіздің негізіңіз. Осының сыртындағы «нәрсені» ағым деп түсініңіз. Сонда өмір сүру де жеңіл болады. Дәстүріңнен де ажырамайсың, бұрын кім едің, сол қалпыңда қаласың» деп насихаттаймыз. Тұғырнама – аты айтып тұрғандай, біздің табан тірер тірегіміз болуы керек. Өйтпеген жағдайда, біздің азаматтарымыз әркімді тыңдайтын болса, бір күні қабірге баруды қою керек болады, енді бір күні Құран бағыштауды доғару керек болады. Олар адамдарға неше түрлі тыйымдар сала береді. Бұндай топ өкілдері өздерінің маңыздылығын көрсету үшін басқаларды, қоршаған ортаны, қоғамды айыптаумен айналысады. Психологияда конфликтология деген арнайы сала бар. Соны пайдаланып PR жасайды. Біз діндегі талас-тартыс мәселелерді шектен тыс айта беру арқылы оны насихаттап жібереміз, шариғи мәселелерді түсінетіндер де, мүлде хабары жоқ адамдар да таласумен айналысып жүр қазір. Керісінше, қоғамды талас-тартыс алаңынан шығару керек. Сол үшін тұғырнаманы әрбір қоғам мүшесіне беру керек. «Мынау – сіздің дініңіз. Балаңызға үйретіңіз. Дін мәселесінде осыны оқыңыз, басқаны уайымдамаңыз. Дін керек пе, мешітке барыңыз, осымен жүріңіз» деп барлық қоғам мүшесін талас-тартыс алаңынан шығару керек. Осыған байланысты жұмыс жасайық. Болмаса, талас бітпейді.

     – Діни тақырыптағы талас-тартыстардың қоғамда белең алуы неге алып келді?

    – Талас тартыстың соңы «Құдайдың қолы бар ма, бар болса қандай?» «Отыр ма?», «Отырса, қай жаққа қарап отыр?», «Не істеп отыр?», «Отырған нәрсесі неден?», «Ол қалай отыр?» деген сұрақтар туындауына алып келді. Егер бұл сауалдар Аллаһты тану, ақиқатқа жету барысында болса орынды болған болар еді. Бірақ бұл олай болмай отыр. Мұсылмандардың бір-бірін жеккөруге, бөлінуге және бір-бірінің сыртынан ғайбаттар айтып күнәға батуға алып келетін екі дүниеде пайдасы жоқ талас-тартыстарға ұласып барады. Шынайы пікірталас ілгергі заманда тек ғұламалар арасында болған. Ертеде бабаларымыздан мынадай қанатты сөз қалған: «Екі ғалым таласса арасына кітап түседі, екі надан таласса арасына жұдырық түседі».

    Бұрын-соңды ақида мәселесінде мұндай тартыстар жоқ еді ғой. Ақида мәселесіне негіз болған «Жәбірейілдің хадисі» деген хадис бар. Бүкіл Ислам әлеміндегі Тахауидің, Нәсәфидің, Матуридидің, Әшғаридің, Абу Ханифаның бүкілінің ақидаға байланысты еңбектерін қараңыз, негіз болған осы – «Жәбірейілдің хадисі». Алты немесе жеті нәрсеге иман келтіруді бұйырады. Болды. Бұл жерде «Қайда отыр», «Неге отыр?», «Қалай отыр?» деген «әңгіме» жоқ. Қашан осы сұрақтар туындады жүректе мазасыздық пайда болды. Бұл түйткілді тақырып адам санасын сан-саққа жүгіртіп, жүректі ауыртады. Қоғамды бұзады. Беймазалыққа алып келеді.

    Қарапайым адамдардың өзінің жүрегінде тыныштық жоқ. Бәрі бір нәрсені уайымдап жүр. Бәрін «Ел қайда кетеді?», «Не болып кетеміз, не жағдай болады?», «Сирияда не болып жатыр? Неге адамдар Құдайдың атынан өлтіріп жатыр? Құдай сол нәрсеге үндеп жатыр ма?» деген сұрақтар мазалайды. Міне, нағыз қасірет осы.

    – Басқа қандай алдын алу шараларын ұсынар едіңіз?

    – Бұл құбылысты зерттеп-зерделей келе ақиқатқа жетуден басқа да мақсаттардың бар екендігіне көзіміз жетіп отыр. Сырттан келген ақпараттарға бәсекелес болатын тұшымды ақпараттарды қоғамға ұсына алмай отырғандығымыз жасырын емес.

    Аталмыш бағыттағы ақпараттарға тосқауыл болу үшін, қоғамдағы жағымсыз процестердің алдын алу үшін немесе осындай көзқараста жүрген Отандастарымызға көмектесу үшін енді не істей аламыз? Осыны қарастырып көрейік.

    Алдымен, азаматтардың көзқарастарын өзгертуге ықпалды білімді мамандарды жұмылдыра отырып, негізгі методикалық құралдарды құрастыру. Айталық, әдістемелік құралдар дайындау, оқыту бағдарламаларын жасап осы салада қызмет жасап отырған азаматтарды оқыту аса қажет деп ойлаймын.

    Ғаламтор арқылы тасымалданатын иесіз ақпараттар мен роликтерге дер кезінде тұшымды жауаптар беруіміз керек. Қоғамдағы өзекті діни мәселелердің жауабын уақытылы беру, ғибратты роликтер, қысқа метражды фильмдер түсіру және уәкілетті мамандармен сұхбаттар ұйымдастыру ісі өз пайдасын беруге тиіс.

    Түрлі көзқарастағы азаматтарға арналған Ислам білімі мен мұсылман тұрмысының ара жігін ажыратып беретін еңбектер жазып, қоғамдағы және азаматтар арасындағы талас-тартысты «тазалау» керек.

    – Арнайы уақыт бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

    Оразбек Сапархан

     

     

     

     

     

    Пікір жазу