Фэн-шуй Шығыс халықтарының ежелгі таным-түсініктері мен рухани ілімдерінен бастау алған, нақты бір дінге де, эзотерикаға да қатысы жоқ ілім. Фэн-шуйды зерттеп-зерделеушілер мен насихаттаушылар оны жер мен әлемнің табиғи өрісін, энергия ағынын игеріп, дұрыс пайдалана білу ілімі деп таниды.
Олар энергияны сегіз бағытқа бөліп қарастырады және әр бағыттың өзіне тән ерекше өрісі бар деп сенеді. Соған сәйкес бағыттардың әрбірі адам өмірінің белгілі бір саласына әсер етеді деп біледі. Сол бағыттарға өзіне сәйкес келетін күшейтуші элементтерді (мүсіндер, суреттер, символдар, заттар) орналастыру арқылы жақсы энергияны күшейтуге, ал екінші бір заттар арқылы нашар энергияны бейтараптандыруға болады деп санайды.
Мұндай ұстанымдардың кейбірі ешбір қисынға келмейтін жайт секілді әсер етсе, кейбірі халық дәстүрінде бар тыйымдарды еске салады. Мысалы, фэн-шуй бойынша «беті ашық айна тұрған бөлмеде ұйықтауға болмайды, өткені ұйықтап жатқан адамның сұлбасының айнадан көрінуі оны жаны кеткен, өлі дене секілді көрсетіп, оның қуат өрісіне кері әсер етеді» деп саналады. Осы секілді көптеген халықтарда түнде ұйықтар алдында айнаның бетін жауып қою үрдісі бар. Қазақта айнаға түскен ай сәулесі немесе басқа да бейнелер шағылысып, елес секілденіп, адамды шошытады деп сақтанса, орыс халқында ертеректе айнаны тылсым әлемге ашылатын есік деп қабылдайтын түсінік болған. «Айнаға көп қараған адамды шайтан айналдырады» деген әзіл-шыны аралас түсінік арабтарда да бар.
Ал енді «тиын тістеген құрбақа байлық шақырады» дегенге ұқсас сенімдер, әрине, ислами түсініктермен мүлде сәйкес келмейді. Ислам шариғаты бойынша адам баласына ризық-несібені беруші бір Алла ғана. Алла Тағаланың 99 есімінің бірі «Раззақ» («Ризық беруші») болуы да соның айғағы. Өз қалауымен, адамдардың іс-әрекетін себепші ете отырып немесе себепсіз ризық-несібені көбейту де, кеміту де ислам сенімінде тек Алланың қолында.
Бір ерекшелігі, фэн-шуй түсінігі адамдарға таңылмайды, яғни оған сену міндеттелмейді. Көп жағдайда қазіргі замандастарымыз фэн-шуй символдарын оның күшіне сенгендіктен емес, жай ғана қызығушылықтан немесе біреулер сыйлағандықтан тұтынып жатады.
Мұндайда мұсылман қазақ баласы үшін дана халқымыздың «Әрекетке – берекет» деген нақылын негізге алып, мүсін мен белгіге емес, адал еңбегі мен тура ниетіне сүйеніп, Аллаға тәуекел ету абзал болмақ.