Сұрақ: Не үшін өтірік сөйлеуді мұнафықтың белгісі деп айтады?

Жауап: Өйткені, өтірік сөйлеу мұнафықтың белгісі екені жайында Алла Тағала хабар берген:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.) саған мұнафықтар келген кезде: Сені анық пайғамбар деп айғақ боламыз – деді. Сенің хақ пайғамбар екеніңді Алла біледі. Сондай-ақ Алла расында мұнафықтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді. Олар анттарын қалқан етеді де, Алланың жолынан тыяды. Күмәнсіз олардың істегендері нендей жаман. Міне, расында олар, иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар, түсінбейді. (Мұнафиқун: 1)

Пайғамбардың (с.ғ.с.) кезінде мұнафықтар өтірік мұсылманға ұқсап, кейін өздері қалған уақытта мұсылмандарды жамандайтын әдеттері бар еді. Егер қастандық жасауға мүмкіндік туса, дереу мұсылмандарға қарсы бір шара қолданатын.

Абдулла ибн Амр ибн Астан жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын келтіреді:

«Нағыз мұнафықтың төрт сипаты бар. Егер адамда осы төртеудің бірі бар болса, онда оның бойында мұнафықтың белгісі болғаны. Ол содан арылуы қажет. (Олар): аманатқа қиянат жасайды; сөйлесе өтірік айтады; уәдесін орындамайды және тартысса, онда дау шығарады». (Бұхари, Мүслим)

Өтірік сөйлеп, адамдарды алдауды әдетке айналдырған кісіні ешкім жақсы көрмейді, оны өзіне дос тұтпайды. Сол үшін де адамдар мұнафықты жақсы көрмейді. Мұнафық мұсылман сияқты намаз оқиды, ораза ұстайды тіпті, қайырымдылық жасауы да мүмкін. Сырт көзге оны шынайы мұсылман деп те қаласыз. Бірақ, оның өтірік сөйлеуі, аманатқа қиянат жасауы, уәдесінде тұрмауы сияқты белгілері арқылы тануға болады. Ал шынайы мұсылман керісінше, өтірік сөйлемейді, уәдесінде тұрады, аманатқа қиянат жасамайды. Дегенмен, олар қарапайым мұсылмандарды алдап жүрміз деп өзара мәз болғандарымен, шын мәнінде алданып жүрген олардың өздері.

«Адамдардың кейбірі, екі жүзді (мұнафықтар): Аллаға, ақырет күніне сендік – дейді. Бірақ, олар сенбейді. Олар (өздерінше) Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді…». (Бақара: 10).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ