Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын малдарға қатысты: «Анықсоқыр, кеселі асқынған, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақ және жілігінде майы жоқ өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» – деген (Тирмизи, Адахи, 5).
Құрбандыққа жарамайтын малға қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисіне сүйенген ислам ғұламалары малдың өн бойынан мынадай кемшіліктер кездескен жағдайда құрбандыққа жарамайды деп есептейді:
– Құрбандық шалынатын жерге өз шамасымен жете алмайтын ақсақ-тоқсақ, көтерем болуы;
– Тісінің көбі түсіп қалуы;
– Құлағы мен құйрығы жоқ немесе көбі кесілген;
– Мұрны кесілген;
– Желін ұштарының болмауы;
– Бір яки екі мүйізі түбінен сынған болуы.
Бұл аталған кемшіліктер қатарында малдың тарттырылғандығы аталмайды. Сондықтан да қандайда бір мақсатпен тарттырылған малды құрбандық ретінде шалуға ешқандай кедергі жоқ. Сонымен қатар, тарттырылған малды құрбандыққа шалуға болатындығына қатысты Жәбирден келіп жеткен мынадай бір хадис те бар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбан айт күні ала-құла, мүйізі бар және тарттырылған екі қошқарды бауыздады…» (Әбу Дәуіт, Дахая 4, (2795); Термези, Әдәхи 21 (1520); Ибн Мәжә, Әдахи 1, (3121).
Алау ӘДІЛБАЕВ,
исламтанушы.