Алтын Ордадағы Берке ханның Ислам дініне қолдау білдірген алғашқы ұмтылысы Жошы ұлысының іргесін сөгіп, кетеуін кетірмесе де, Шыңғыс ұрпақтарының белгілі-бір деңгейде дүрдараз болуына әсер еткен. Одан бұрын Бату мен Күйік, Берке мен Сартақ арасындағы кикілжіңнің орны алуына діни ұстанымдардың қайшылығы ықпал етті. Берке ханның да Ислам дінін қабылдап қоймай, мемлекетттің ішкі-сыртқы саясатын діннің мүддесіне қарай бұруы, дәстүрлі «Ұлы Яса» жоралғысын ұстанушы биліктегі өз бауырларының қарсылығын туғызған. Әйткенмен, Алтын Орда билеушісінің Ислам дініне бетбұрысы реакциялық сипатта өрбіді деп айта алмаймыз. Тек Берке хан қайтыс болғаннан кейін ғана Жошы ұрпақтарының Н.М. Маловтың деректерінде «Ұлы Яса» заңымен жүреміз деп Ордада бүлік шығарғандығы айтылады. Базбір отандық тарихшылар Берке ханның діни ұстанымының бұқаралық сипат алмауының себебін, оның ұстанған Кубравия тарихаты парсылық элементі басым шиалық ағым болуымен түсіндіргісі келеді. Діни плюрализмнің мемлекеттің тұтастығына келтіретін қауіптілігі тұрғысынан алғанда бұл концепциясы қисынды, шындыққа жақын тұжырым. Дегенмен, толықтай құптай қою да қиын. Рас, Алтын Орда дәуіріне зерттеу жүргізген тарихшылар Беркенің Кубравия шейхтарының ықпалымен Ислам дінін қабылдағанын айтады. Соның бірі Әмин әл-Холидің айтуынша Берке хан Кувравия тарихатының шейхі Әл-Бахарзиге мүрит болып, Ислам дінін қабылдаған. Бірақ, Кубравия тарихатының негізін салушы шейх Нажмиддин Кубраны және оның шәкірті Берке ханның Ислам дінін қабылдауына себепші болған Сайфаддин Бахарзиді шиалық бағытты ұстанды деп айта алмаймыз. Тарихшы Осман Түрердің айтуына қарағанда шейх Нажмиддин Кубра сүнниттік мектептерден ілім алған. Және өзі де сүнниттік ұстанымда болған. Ол өлгеннен кейін барып Кубравия тарихатының шиалық тармақтары пайда болған.. Яғни, Берке ханның діни ұстанымында шиалық элементтер болды деп кесінді пікір айтуға еш негіз жоқ. Қайта шығыстанушы А.Беннигсон Шағатай ұлысы мен Алтын Ордаға Ислам дінінің таралуына Кубравия тарихатының зор ықпалы болғанын айтады. Ал, тарихта Шағатай ұлысы мен Жошы ұлысында шиалық бағыттағы Исламның қанат жайған кезі болған емес. Демек, Алтын Ордадағы Ислам дініне деген ілкі бетбұрыстың кең қанат жаю алмауы Берке ханның Кубравия тарихатына мүрит болғанында емес, Хақ дінді толық тани қоймаған, Шыңғысханның өсиеттеріне адалдық танытушы Жошы ұрпақтарының «Ұлы Яса» заңын берік ұстануынан деп білгеніміз жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у) да Ислам дінін алғаш рет насихаттай бастағанда, Құрайыш халқы жапатармағай бірден Хақ дінге мойынсұнған жоқ. Оларға жаһилат дәуірінде ұстанған дәстүрден бірден баз кешу оңайға соқпады. Алланың құдыреттілігін һәм Ислам дінінің артықшылықтарын тани отырып, біртіндеп жиырма үш жылда Хақ дінге мойынсұнды. Жалпы, адам табиғаты діни құндылықтарды әлеуметтік-психологиялық сатылардан өткізіп барып қабылдайды. Яғни, Алтын Ордадағы алғашқы Исламға ұмтылыстың бұқаралық сипат алмауының себебі – Жошы ұрпақтары және олардың соңынан ерген халық Берке ханның тұсында Хақ дінмен таныса бастап, діни құндылықтарды әлеуметтік-психологиялық сатылардың өткізу үдерісін басынан кешіріп жатты. Сондықтан «Берке ханның парсылық элементі басым Кубравия тарихатына мүрит болып, осы діни ағымға қолдау көрсетуіне байланысты Дешті-Қыпшақты мекендеген түркі тайпалары Хақ дінге бірден мойынсұна қойған жоқ» деген көзқарастардың тарихи шындыққа жақын тұстарын қабылдап, кейбір нақты дерекке негізделмеген жерлерін субективті пікір ретінде бағалаған жөн.
Мұхан Исахан