Тарауих намазы – сөздік мағынасы «демалу, рахаттану» деген мағынаны беретін «таруиха» сөзінің көпше түрі болып табылады және ол Рамазан айында Құптан намазынан кейін оқылатын намаз дегенді білдіреді.
Хадистерде «Рамазан айының намазы» немесе «Рамазан түндерінің жандануы» деп аталатын бұл намаз әрбір төрт ракағаттан кейін демалу мақсатымен аздап отыратын болғандықтан тарауих деп аталған. Уақыт өте келе, әрбір демалуға арналған үзілісте зікір салу немесе салауат айту секілді қосымша ғибадаттармен намазды үзіліссіз жалғастыру сияқты амалдар пайда болды.
Алайда, Ханафилерде әрбір төрт рәкағаттан соң демалып алу (сусын ішу, құрма жеп алу, т.б.) Тарауих намазының рухына көбірек сәйкес келеді деп саналады.
Алла елшісінің Тарауих намазын оқығаны және «Кімде кім, Рамазан айын сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін ғибадатпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» – деген хадисінен (Бұхари, «Салатут-тарауих», 1; Муслим, «Салатул-мусафирин», 173), аталған хадис түнгі намазға және әсіресе тарауих намазына қатысты айтылған деген жорамалдар бар.
Осындай хадистерге сүйене отырып, ислам ғұламалары Тарауих намазының барлық мұсылман еркек және мұсылман әйел үшін сүннет болып табылатынына ортақ көзқарас білдіріп, келіскен. Ханафи, Шафии, Ханбали және Маликилердің кейбірінің пікірінше, бұл бекітілген сүннет намаз.
Ораза тұтудың емес Рамазан айының сүннеті болғандықтан, ораза ұстай алмағандар да бұл намазды оқуы керек. Кейбір ханафи ғалымдары Алла елшісінің өзінің үмметіне парыз болып қалуын уайымдап, Тарауих намазын жеке оқығаны және рамазан айы бойынша толық қылмағаны туралы деректерді алға тартады. Тек, сахабалар тарауихты Рамазан айы бойынша толық оқығандықтан бұл сахабалардың сүннеті деп айтатындар да бар. Дегенмен де, көпшіліктің қолдаған пікірі бойынша Тарауих намазы – бұл Алла Елшісінің сүннеті (Қасани, I, 288; Тахтауи, 335-бет).
Фиқһ кітаптарында тарауихтың әйелдерге де сүннет екендігіне баса назар аударылуы осы намаз тек ер адамдар үшін деп қабылдайтын ағымдарды теріске шығару мақсатынан туындап отыр. Жафари мазхабында тарауих намазының орнына осы айда барлығы мың рәкәғаттан астам намаз оқу мустахаб болып саналады. Зейдияда болса тарауих намазын жалғыз оқу мустахаб, ал жамағатпен оқу бидғат болып саналады (Ахмед б. Касым, I, 158).
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) Тарауих намазын алғашқы кезде жамағатқа тікелей өзі қылдырса да, бұл амал үмметінің ауыртпалығын арттыра түседі деген оймен кейінірек осы амалын тоқтатады. Алла Елшісі осы намазды екі-үш күн мешітте оқыды, жамағатының күннен күнге көбейіп бара жатқанын көргеннен соң мешітке бармады және осы әрекетті Алла тағала оны (тарауих намазын) парыз етуі мүмкін деген уайыммен жасағаны туралы да риуаяттар бар. (Бухари, «Тахажуж», 5, «Салатул-тарауих, 1; Муслим, «салатул-мусафирин, 177-178).
Рамазан айының соңғы 10 күні ішінде болған осы оқиғаның қай жылы екендігіне қатысты түрлі көзқарастар айтылады. Тарауихтың хижраның екінші жылында Оразамен бірге басталған болуы мүмкін деген пікірмен қатар, тарауихтың Пайғамбарлығының соңғы жылында оқыла бастағаны туралы көзқарасқа басымдық беріледі. Оған дәлел ретінде, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тарауих намазын екінші рет оқытқандығына қатысты риуаяттардың болмауы, сондай ақ осы намазға қатысты жаңадан сұрақтар туындамағанын алға тартады.
Тарауих намазын жалғыз оқу халифа Әбу Бәкірдің кезеңінде де жалғасын тапты. Бұл тәжірибенің мешіт жамағаты арасында шашыраңқылық туғызғаны, оның бұдан былай парыз етілуі мүмкіндігі қалмағанын және Пайғамбарымыздың бұл мәселе бойынша айтқанынан мағына шығарған Омар халифа хижраның 14-ші жылы (635) Үбей б. Қаабдан жамағатқа тарауих намазын қылдыруды талап етті. Сол күннен бері бүгінгі күнге дейін Тарауих намазын жамағатпен оқу жалғасып келе жатыр.
Тарауих намазының қанша рәкағат екендігіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Ханафи, Шафии және Ханбали фикых ғалымдарының көпшілігі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үтір намазын қосқанда барлығы жиырма үш рәкағат намаз қылғаны жөніндегі риуаяттарға (Ибн Әбу Шайба, II, 164; Бейхаки, II, 496) және сахабалардың орындаған амалдарына сүйене отырып Тарауих намазының жиырма рәкағаттан тұратыны туралы көзқарасты қабылдаған.
Ибнул-Хүмам және Сүйути сияқты ғалымдар Алла Елшісі бір түнде үтір намазын қосқанда барлығы он бір рәкағаттан артық намаз оқымады деген хадистерге сүйене отырып тарауих намазы сегіз рәкағаттан тұрады деп айтады.
Ибн Хүмам деген ислам ғұламасы сегізден кейін оқылған он екі рәкағатты мүстахаб деп санайды (Фетхул-Қадир, I, 468). Имам Маликтың тарауихты отыз алты рәкаат, сонымен қатар тағы бір жерде жиырма рәкағат деп айтқандары да кездеседі (Ибн Рушд, II, 309-310). Осылардың барлығының арасынан Тарауих намазы жиырма рәкағат деген риуаятқа басымдық берілген және Ислам әлемінде осы дәстүр сіңіп қабылданып кеткен.
Әбу Зер әл-Ғифари Алла Елшісінің тарауих намаздарының бірін сипаттағанда, Пайғамбарымыздың намазды тіпті таң сәресіне дейін созғанын баяндайды. (Әбу Дәуіт, «Шахру Рамазан», 1).
Сондай ақ, амалдардың ішіндегі ең ізгі амал қайсысы деген сұраққа да «Қиямы ұзақ болған намаз» (Әбу Дәуіт, «Татаууа», 23) деп жауап беруі де тарауих намазының таң сәресіне дейін жалғасқаны туралы пікірді қуаттай түседі. Ислам ғұламаларының рәкағат саны бойынша келіспеушілігі болса, ол оған қатысты тұрақты бір санның белгіленбегендігіне ишарат жасайды.
Ханафилер мен Шафиилерде Тарауих намазын түннің алғашқы үштен бірі бөлігінде немесе жартысына дейінгі бөлігінде оқылуы мүстахаб болып саналады. Ханбали мазхабы бойынша түннің алғашқы уақытында оқылуы абзал деп табылған. Тарауих намазын оқу үшін арнайы азан шақырылмайды және қамат түсірілмейді. Тарауих намазын оқымаған адам үшін де ол қаза болып есептелмейді.
Балғабек Мырзаев
дінтанушы, Ph.D докторы
Библиография:
- Ахмед б. Хусейн эл-Бейхаки, Сүнанул-Кубра, Бейрут 1414/1994, II, 494-497 б.;
- Сарахси, әл-Мабсут, II, 143-149 б.;
- Ибн Рушд, әл-Баян уа әл-Тахсил, Бейрут 1404/1984, II, 309-310 б.;
- Науауи, Раудатут–талибин, Бейрут 1412/1992, I, 437 б.;
5 Такиюддин ас-Сүбки, Дауʾул-машабих фи салатит-тарауих, Süleymaniye Ktp., Lâleli, nr. 1098.
- Ибн Хажар, Фатхул-Бари (Хатиб), ІV, 294-299 б.;