Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен осы жылы құрбандық шалу онлайн форматта өтетін болды. Бұл жөнінде KAZISLAM порталына «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров әңгімелеп берді.

– Талғат мырза, эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы жылы құрбандық шалу қалай жүзеге асырылады?

– Алла қаласа, 31 шілде мен 2 тамыз ара­лығында елімізде Құрбан айт мерекесі өтеді. Биылғы құрбандық шалу елдегі эпидемиялогиялық ахуалға байланысты жылдағыға қарағанда өзгеше болғалы тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының бастамасымен биыл тұңғыш рет онлайн құр­бан шалу жобасы қолға алынды.

Осы бағытта www.qurban2020.kz сайты іске қосылды. Құрбан шалуға ниеттенген адам соған кіріп, құрбандыққа тапсырыс бере алады. Осы арқылы «Зекет» қорының мамандарын өзінің құрбандық шалу рәсіміне уәкіл етіп тағайындайды. Бұған шариғатта рұқсат етілген.

– Аталған сайтты еліміз бойынша кез келген өңір қолдана ала ма?

– Иә, құрбандық шалуға ниеттенген кез келген жан өзінің қалаған өңірін таңдап, тапсырыс бере алады. Қазіргі таңда жалпы 30 өңірді таңдау мүмкіндігі жасалған. Бұл тізімге еліміздің 14 облысымен қатар ірі қалалар мен аудандар қосылды.

– Өзіңіз айтып отырған сайт жөнінде кеңірек тоқталсаңыз?

– Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа, фото және бейне есебін сұрата алады. Бұдан бөлек, мұқтаж жандар өздерінің тұрғылықты өңірлерін таңдап, өтініш қалдыра алады.

Сондай-ақ сайтта құрбан шалуға қатысты Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары дайындаған сұрақ-жауап та бар.

Құрбандыққа қандай мал түрлерін шалуға болады?

– Құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар бар: құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі.

Сонымен қатар құрбандыққа белгілі жасқа жеткен мал таңдап алынады. Қой мен ешкі бір жасқа толуы керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айлық семіз әрі ірі тоқтыны да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

– Талғат аға, малдың құны құрбан шалушылардың қалталарын қақпай ма?

– Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Яғни, бұл жерде адамның бай, қуатты болуы – басты шарттардың бірі. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу керек. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Демек, адамның қаржысы нисап мөлшеріне жетпеген болса, ол адамға құрбан шалу міндетті емес.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Шетелдіктер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы не деді?

Дегенмен, өзі ниеттеніп шалса, ол да дұрыс болады. Бұл бірінші мәселе.

Екіншіден, сайтта көрсетілген малдың бағасына уәкілдікті алған адамның малды сатып алуы, оны қасапханаға тасылмалдауы, қасапшы жұмысының ақысы да қосылған.

Яғни, көрсетілген сома тек малдың құны емес, толыққанды бастан-аяқ барлық қызметтермен қоса есептелген баға.

– Жағдайына қарай бір малдың құнын бірнеше адам қосылып төлесе, рұқсат етіле ме?

– Иә, шариғатымызда белгілі мал түрін бірігіп шалуға рұқсат бар. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбандыққа шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі шалуына немесе жеті кісі бірігіп ортақ шалуларына болады. Бұл қызмет сайтымызда да қарастырылған.

– Сайт арқылы төлем жасап болған соң, оның есебін білу мүмкіншілігі қарастырылған ба?

– Міндетті түрде. Жалпы Діни басқарма мен «Зекет» қоры әрқашан ашықтықты насихаттайды. Кез келген қайырымдылық іс-шарасының есебі жасалып отырады. Құрбан шалуға тапсырыс берушілер есеп қажет болған жағдайда сайтта өтініштерін толтыру барысында арнайы белгі қойып, өздерінің телефон нөмерлерін қалдырады. Кейін құрбан шалынған соң тапсырыс берушілерге фото-видео есептер жіберіліп отырады. Бұл іске әр өңірден арнайы жауапты мамандар тағайындалды.

 – Ал мұқтаж жандар құрбандық етін қалай ала алады? 

– Еліміздегі пандемияға байланысты көпшілік қауымды бір жерге жинауға тыйым салынған. Осы ретте «Зекет» қоры мамандары, мешіт қызметкерлері мен арнайы волонтерлар тобы мұқтаж жандарға құрбандық етін үйлеріне жеткізіп береді. Етті жеткізу барысында барлық сақтық шараларының сақталуына басымдылық беріледі.

– Талғат аға, ол жандардың көмекке зәру екендігін қалай анықтайсыздар?

– Сайтымызда мұқтаж жандардың өтініш білдіру бөлімшесі қарастырылған. Сол бөлімде өтініш білдіруші өзі жайлы ақпаратты толтырумен қатар, тиісті құжаттарының фотосуретін енгізу функциясы іске қосылды.

Мысалы, мүгедектігі жайлы анықтама немесе көпбалалы отбасы екені турасында құжатты енгізуі керек. Барлық мәліметтер базаға енгізіліп, соның негізінде мұқтаждар тізімі құралады.

– Пайдалы ақпарат бергеніңізге рақмет!

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу