Барша адамзатты жоқтан бар еткен Алла Тағала талақ етуді рұқсат етілген істердің қатарына жатқызған. Алайда, ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рұқсат етілген (адал) істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – талақ» деп, ажырасуға қатысты шариғаттың шешімін баяндайды. Демек, бұл талақты оңды-солды қолдана беруге болмайды дегенді білдіреді.
Талаққа жүгіну ер азаматтың ең соңғы шарасы болуы тиіс. Талақ – бейне бір көліктің немесе ғимараттың төтенше жағдайға арналған терезесі, есігі секілді. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы үзілу шегіне жетіп, әрі қарай бірге өмір сүре алмайтындай қиын жағдайға жеткен кезде талақ құтқарушы рөл атқарады. Сондықтан да, Алла Тағала: «Талақ беруге екі мәрте ғана рұқсат етіледі. Одан кейін (зайыбымен) мәмлеге келіп, бейбіт түрде өмір сүру керек немесе жақсылықпен оның басына бостандық беру шарт…» (Бақара:229) деп, ажырасу үрдерісін 3 кезеңге бөліп, күрделенген. Себебі, ажырасу ұнамсыз іс болғандықтан, асығыс шешім қабылдамас үшін екі рет айтуға ғана рұқсат етеді. Бұл екі кезеңде қайта қосылуларына болады. Алайда, екінші талақтан кейін некені жаңадан қию шарт. Ал егер үшінші рет талақ айтатын болса, қайта қосылуларына рұқсат етілмейді. Бұл кездегі жағдайдың күрделігі сонда – әйел басқа күйеуге тұрмысқа шығып, онымен бірге өмір сүріп, одан ажырасқан жағдайда ғана бірінші күйеуіне қайтып қосыла алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда: «Егерде ері әйеліне (үшінші рет) талақ берсе, әйелі басқа күйеуге шығып, одан талақ алғанға дейін, екеуінің қайтып үйленулеріне болмайды. Екінші рет шыққан күйеуінен басы босаған соң, Алланың талап еткен шектеулерін орындай алатындарына сенімді болса, екеуінің қайта қосылуларында күнә жоқ. Міне, жөн білетін адамдарға (таратып) түсіндіретін Алланың үкімдері осындай» (Бақара: 230) делінген.
Қазақ танымында да себепсіз ажырасу үлкен айып болып саналған. Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану заманында исламға жат ағымдар талақ мәселесінде асыра сілтеп, отбасы құндылығының тамырына балта шауып отыр. Олар бірнеше әйел алу жолында некелескен әйелдерін бірінен соң бірін талақ етіп, әйел затының арын таптауда.
Бірде менің алдыма қара паранжаға тұмшаланған 23 жасар келіншек келді. Етегі жасқа толып жылаған бейшара күйеуі себепсіз талақ беріп тастап кеткеніне шағымданды. Әңгіме барысында белгілі болғаны, бұл оның екінші әйелі екен. Екіншілікке саналы түрде келіскен әйелдің отау құрғандарына да төрт-ақ ай уақыт өткен. Күйеуі Әбу Ханифа мәзһабын мойындамайтын сәләфилік ағым өкілі екенін айтты. Басында күйеуі шариғат жолымен барлық жағдайды жасаймын деп үміттендіргенімен, шариғаттың шарттарын сақтамаған. Екі әйелін де аш-жалаңаш қалдырып, жағдайларын жан төзгісіз хәлге жеткізген. Ал жұмыс істеп, нәпақа табуға талпынған әйелдерін тыйып тастап отырған көрінеді. Оның үстіне бір бөлмелі жалдамалы үйде екі әйелдің басын қосып, қамап ұстаған. Бар жасаған жағдайы, екі ханымның төсегін бөлменің ортасына керілген перде арқылы бөлген. Ең сорақысы, жұбайлық қарым-қатынас құпиялылығы осы пердеге ғана жүктелгендей. Осындай адам төзгісіз тұрмысқа жегілген екі әйелді е(з)р азамат талақ жасап, қоя береді. Себебін сұраса: «Екі әйелді асырауға жағдайым жоқ, мен енді білім алуға кетуім керек» деп, әйелдерін тастап жүре берген… Өкініштісі, осы жат ағым өкілдерінің былыққа батқан қылығы дін Исламның тұнығын ластап, бүтін мұсылман өркениетіне сызат түсіруі.
Радикалды, экстремистік ағымдар өз мүдделері үшін ойлап шығарған «бауырластық», «жиһаду ән-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу сияқты неке түрлері де бар. Басын ашып, кесіп айтар сөзіміз – бұл ұғымдар Ислам дініне үш-қайнаса сорпасы қосылмайды. Сәләфилік-такфирлік топтар шығарған, шариғатқа қайшы келетін неке түрілерінің бірі – «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Бейбіт халықты қойдай қырып, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайтын Сирия жеріндегі Ислам мемлекетінің содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды бүгінгі радикалды шейхсымақтар қыз баланың жыныстық жиһады атап жүр. Соған алданып қалған әйелдер күніне қанша содырмен некелессе, сонша рет талақ алып ажырасып үлгереді.
Шариғаттың қағидалары бойынша күйеуінен ажырасқан әйел басқа адамға күйеуге шығу үшін үш етеккір кезеңін күтуі қажет. Бұны шариғатта – идда дейді. Ал күйеуі өмірден өтіп, жесір қалған әйел төрт ай он күн күтеді. Осы аталған екі жағдайда да әйелдің жүкті екені мәлім болса, онда баланы босанғанша күтеді, яғни иддада отырады. Мұсылман әйел жоғарда аталған идда мерзімдерін өткізбей, басқа күйеуге шығуына болмайды (харам).
Неке – қасиетті ұғым. Ислам дініндегі ақ некенің өзіндік шарттары бар. Олар: 1) мұсылман болу; 2) екі тараптың ризашылығы (ата-анасының ризашылығын алу да маңызды); 3) мәһірдің (сыйлық) болуы; 4) куәгердің қатысуы (екі ер немесе бір ер, екі әйел); 5) Неке құтпасы оқылуы. Мұндай жолмен қиылған неке ерлі-зайыптыларға белгілі міндеттер жүктейді, сол арқылы олардың арасындағы одақты нығайтады. Неке бірінші кезекте әйел адамның құқықтарын қорғайды. Оның баспанасы, тамағы, киім-кешегі, емделуі сияқты қажеттерінің барлығы күйеуінің мойнына жүктеледі. Сондай-ақ, әйелінің ар-намысын қорғау да күйеуінің міндеті болып табылады. Сондықтан да ислам шариғаты тұрмыстағы әйелге сөз салуға, оған үйленуге қатаң тыйым салады.
Шариғат некесі ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілікке қаты мән бергені соншалықты, оны қасиетті Құранда «…ол әйелдер сендерден салмағы өте ауыр келісім алды» (ән-Ниса: 21) деп, некенің салмағы ауыр одақ екенін көрсетеді. Ал Аллаға иман келтірген игі мұсылмандар некелесу арқылы перзент сүйіп, ұрпақ жалғастыруға, нәпсісін басуға, рухани кәміл адам болуға ұмтылады.
Ершат ОҢҒАРОВ,
«E-islam» порталының сарапшысы