Біріншіден, бүгінде еліміздегі діни ахуал тұрақты, қанағаттанарлық деңгейде екендігін және азаматтарымыздың діни саладағы құқықтарын іске асыру үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын баса атап айтуымыз керек.
Дегенмен, діни ахуалда ойланарлық та, толғанарлық та мәселелер жеткілікті.
Бүгінгі таңда, бірінші кезекте, біз діни бірлікті өте мықты ұстануымыз шарт. Өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Ал, діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтыратыны белгілі.
Екіншіден, атқарылып жатқан оң істерге қарамастан, дәстүрлі ислам дінімізді әртүрлі теріс пиғылды діни топтардан қорғау жұмысының сапасы жағынан төмендігін де айтуымыз керек.
Бүгінде ел ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, берекесін алып тоздыратын діни топтар, дінімізге іштей іріті салушы хижраны, тәкпіршілдікті, жиһадты ұран етіп, көтерген ағымдар секілді арандатушылар жетерлік. Олар дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, мешіттердің берекесін қашырып, ислами таным-түсініктерді шатастырушылар. Ағымдағы жылы тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «ат-Тәкфір уәл-Хижра» ұйымын экстремистік деп танып, Қазақстан Республикасы аумағында оның қызметіне тыйым салды.
Тәкфіршілер қоғамның этно-мәдени және конфессионалдық үйлесімін бұза отырып, өздерін шынайы ислам дінінің жалғыс ұстанушылары деп жариялайды. Шындығында, олар салт-дәстүрлері мен мәдениетін мұсылмандық аясында қалыптастырған қазақ халқының бай тарихи тәжірибесін жоққа шығарып, рухани нигилизм танытады. Олар үшін біздің өткен тарихымыз – бар болғаны адасқан және күпірлік жолы. Ал ислам діні Қазақстанға тәкфіршілердің арқасында келді деп санайды.
Осы күндері мешіт маңында өздерін нағыз мұсылман, өзгені «кәпір» санайтын берекетсіз сақал өсірген,шолақ балақты жастар көбейді. Әрине, діни экстремистердің бір белгісі – тек сақал деп тануға болмайды. Біз, «сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал» деп, таныған қазақпыз ғой.
Тәкфіршілерге, елді тастап, хижрат етіп, жиһадқа аттанушыларға қарсы олардың теріс мақсаттарын ашып көрсетуге, біздің дәстүрлі дінімізге қарсы мақсаттары мен теріс істерін халыққа түсіндіруге бағытталған іс-әрекетті біздің Діни басқармамыз, облыстағы имамдарымыз табандылықпен ашық жүргізуі керек. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқарасы тарапынан туып өскен Отанын тастап, хижрет етіп, қару асынып, жиһад деп жаңылысқандарға мәпелеп өсірген ата-анасының ас-тамағын, үлкенін құрметтемей, дінді қатайып көрсеткендерге, шоқты көтеріп отырған ағымдарға қатысты шыққан Хижрет, Тәкпіршілдік және Жиһад туралы пәтуалары дер кезінде жарияланған дүние болды.
Расын айту керек, біз бүгін дін туралы шындықты енді ғана жақсы түсініп, біле бастадық. Діни ұстанымдарымыздың орнығуы күшейіп, тұрмыс-тіршілігімізге етене ене бастағаны шындық. Біздің болашағымыздың баянды болуы дінімізге де байланысты екеніне көзіміз жетті. Бүгінде біздің діни наным-сеніміміз өте тайыз да төмен, ол түсінікті де.
Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін бұрынғы дінмен ашық күрескен 70 жылдық атейістік ойлау жүйесінің психологиялық қыспағынан шыға алмай келеміз. Енді бізге дәстүрлі дінімізді ұлттық нышанда өзіміз дұрыс қабылдап, насихаттау – маңызды мақсат. Діни басқармамыздың ұстанымы, үкіметтің қолдауы – дәстүрлі ислам дінінің қанатын кеңге жаюында үлкен қуат, үлкен күш. Сондықтан, біз ислам дінін, онда да арабтың не парсы-ирандықтардың, түрік бауырларымыздың таным-түсінігіне көп жығыла еліктей бермей, барша әулиелердің сұлтаны – Қожа Ахмет Яссауидің рухани-моральдық іліміндегі, оның хикметтеріндегі Исламды, Шәкәрім қажының діни дүниетанымы мен даналық ой-танымындағы шариғатты, ұлы ойшыл, дана ақынымыз Абайдың философиялық көзқарастарындағы, оның ғақлиясындағы, дәлірек айтсақ, 12, 13, 38-қара сөздеріндегі Исламды бойымызға дұрыс та тезірек сіңіріп, рухани иммунитетімізді көтеруіміз керек.
Өзіміздің дәстүрлі Ислам дінін қабылдау дегеніміз – Исламдағы парыздар мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) киелі сүннетін бойымызға сіңіріп, Имам Ағзам Әбі Ханифа мазхабы мен Имам Матурудидің сенімдік ақидасына мойынсұнып, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерімен қабысатын, елді, халықты бірлік пен татулыққа шақыратын дінді ұстану.
Біздің дәстүрлі ислам дініміз, ол – қазақ болмысы мен оның мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы, қазақтың ұлттық пайым-түсінігінің, салт-дәстүрінің қорғаны.
Дәстүрлі дініміз – халықты тарихи құндылықтарын сыйлай келе, елді отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейтін дін. Осы тұрғыдан келгенде әлі де алдымызда атқарылатын шаралар легі аз емес. Дінге деген көзқараста бізде әлі де көптеген мәселелер мен істер өз орнына келуі тиіс.
Аманбек МҰҚАШҰЛЫ,
Мәдениеттер мен діндердің Халықаралық орталығының
бас сарапшысы, дінтанушы