Тақлид сөзі араб тілінде бәр нәрсеге асылу, ілесу және еліктеу мағыналарын береді. Ал, фикһтағы мағынасына келетін болсақ тақлид дегеніміз – мұжтахид (бір немесе бірнеше мәселенің шариғи үкімін терең меңгерген тұлға) дәрежесіндегі емес бір мұсылманның әһлі сунна уәл жаама саналатын төрт мәзһабтың (Ханафи, Малики, Шафий, Ханбали) бірінің үкімдерін негізге алып өмір сүруін айтамыз. Мәселен, бір мұсылман Ханафи мәзһабын таңдаған болса, ғибадаттарын жасағанда, қоғамдық қатынас барысында – осы мәзһаб имамдарының үкімдерін басшылыққа алады. Аса зәрулік жағдай туындамаса, тек бір мәзһабтың үкімдерімен жүріп-тұрады. Яғни, мұжтахид дәрежесіндегі бір имамның немесе бір мәзһабтың үкімдеріне арқа сүйеуді тақлид деп айтамыз. Мұсылман заңгерлерінің (фукаһа) түсіндермесіне қарайтын болсаңыз «тақлид» жасау шариғатқа қайшы емес. Себебі, кез-келген мұсылман әрбір мәселенің ақ-қарасына терең үңіліп, оның шариғи үкімін бере алмайды. Егер, имамдарымызға тақлид жасамай, әрбір мұсылман өзі ижтиһад (дәл шариғи үкім) жасауы тиіс болса, бұл мүлде ақылға сыйымсыз нәрсе болып шығатін еді. Өйткені, Алла Тағала «Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят) деген. Яғни, біз білмейтін нәрсенің жауабын сол мәселенің бүге-шүгесіне дейін терең білетін маманынан сұрауға тиістіміз. Сондай-ақ, шариғатымыз тақлид жасауға рұқсат бермей, әрбір мұсылман өзі ижтихад жасауы тиіс десе, онда мұсылман атаулы ғылым-біліммен шұғылданып, өзге дүниелік істер қараң қалған болар еді. Сондықтан, қарапайым мұсылмандардың төрт мәзһаб имамдарының біріне ілескенін (тақлид) шариғатымыз құба-құп көреді. Ал, енді осы тұста «Дінде зорлау жоқ» (Бақара, 286) деп аламыз да, жұртты неге бір мәзһабпен жүріп-тұруға мәжбүрлейміз» деген сұрақ туындайды. Рас, дінді мәжбүрлеп мойындатуға болмайды. Бірақ, мәзһаб ұстану мәселесінің жөні бөлек. Бір өлке тұрғындарының бір мәзһабты ұстануы бір күнде орныққан емес. Тарихи һәм ділдік себептердің негізінде халық өз табиғатына сай келетін мәзһабты ұстанған. Яғни, құлшылық жасауда болсын, қоғамдық қатынастарды реттеуді болсын діни және құқықтық анархия орын алмас үшін халықтың бір мәзһабты ұстануы өте орынды. Егер, әркім бөлек-бөлек үкімдермен жүріп-тұратын болса, онда түсініспеушіліп орын алып, елдің бірлігі мен татулығына сызат түсетін еді. Осы себептен де, орта ғасырларда мәзһабты тәрк етушілерге тәзир (һад пен қысастан өзге қылмыстарға факиһтың дербес жаза беруі) жазасы қолданылған. Ал, қазір мәзһаб үкімдерінің санкциялық күші жоқ. Дегенмен, бірлік пен татулықты ойлаған әрбір мұсылман ел тарихында орны бар һәм қазіргі мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанатын Ханафи мәзһабына мойынсұнса (тақлид), нұр үстіне нұр болмақ.