Біздің елімізге де ентелей кірген жат ағымның бірі – «Тәкпіршілер» жамағаты. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде ете отырып, бас-көзсіз бүлікке итермелеп келеді.
Мұсылман баласын «кәпір» деп айыптау сонау сахабалардың дәуірінде адасқан ағымдар тарапынан пайда болған дүние. Хазірет Әли (р.а.) ел басқарған тұста харижиттер (хауариждер) деген бір ағым, тіпті сахабалардың өзін діннен шықты деп айыптағаны белгілі. Міне сол харижиттердің арасында бірде-бір сахаба, тіпті дінді терең ұққан ешбір адам жоқ еді. Олар Пайғамбар тәрбиесін көрген абзал жандардың сынына ұшырап, сол заманның өзінде билік болып, оларға қарсы күрес жүргізілгені тарихтан белгілі. Дәлірек айтқанда хазірет Әли (р.а.) күнә жасағандарды кәпір санаған хауариждерге қарсы Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) сынды білікті сахабалар арқылы күрес жүргізіліп, басым бөлігі бері қайтқан-ды.
Ал өз ұстанымдарынан айнымаған, ғылыми дәлел-дәйектің парқына бармайтын бірбеткей қыңырларын билік күшімен басудан басқа айла-тәсіл қалмады. Сондай-ақ, төрт мәзһаб имамдарының бірі Ахмад ибн Ханбал өмір сүрген тұста муғтазилиттер ағымы бой көтеріп, дәстүрлі бағыттың тамырына балта шаппақ болды. Философиялық ой еркіндікті шектен тыс пайдаланған бұл теріс ағым да жоғарыдағы хауариждер сынды үлкен күнә жасағандарды діннен шығарған-ды. Тағы да сол дәстүрлі бағыт өз міндетін орындап, мұғтазилиттерге қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, бір жағынан билік те қол ұшын беріп, қоғамға кесірі тиген жат ағым құрықталды. Бүгінгі таңдағы елімізде көкірегін керіп, аяғын алшаң басқан жат ағымның да осы тап жоғарыдағы хауариждер мен мұғтазилиттер сияқты үлкен күнә жасағандарды мұсылманшылықтан шығаратынын бәріміз естіп, көріп жүрміз. Бүгінде осындай адасқан ағымдардың бірі – «Такфир және һижра жамағаты» болып табылады. Қоғамда көбінше «такфиршілер» деген атаумен танымал. Алайда олар өздерін «Дағуат және һижрат жамағаты» деп те атайды.
«Такфир» сөзі «біреуді кәпір санау» дегенді білдірсе, «һижра» сөзі «өздерімен діни мәселеде келіспегендерді тәрк ету, олармен араласпау» дегенге саяды. Бұлардың адасқан жерлері – күнә жасаған мұсылманды және өздерін мұсылман санаса да шариғатты басшылыққа алмағандары үшін билік өкілдерін кәпір санаулары. Ең сорақысы сол, такфир жамағаты кәпір санаған тұлғаларды кім кәпір деп есептемесе, оның өзі де кәпір болады.
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай деген:
أَفَنَجْعَلُ الْمُسْلِمِينَ كَالْمُجْرِمِينَ مَا لَكُمْ كَيْفَ تَحْكُمُونَ
«Бой ұсынушыларды (мұсылмандарды), күнәхарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?»
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
من رمى مؤمناً بكفرٍ، فهو كقتله «متفق عليه
«Кімде-кім мұсылман адамды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең»[1].
Әйгілі ғалым Имам әл-Қуртуби (ол кісіге Алла рақым етсін): «Күпірлікте айыптау (тәкфир) – көптеген адамдар өтпекші болып, сүрінген қауіпті есік. Бұл есікке таңдаулылар кірмей қорғалып қалды. Қорғалуға жететін еш нәрсе жоқ шығар!», – деп айтқан.
Хузайфа (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін айтады:
إِنَّ أَخْوَفَ مَا أَخَافُ عَلَيْكُمْ رَجُلٌ قَرَأَ الْقُرْآنَ , حَتَّى إِذَا رَأَيْتَ بَهْجَتَهُ عَلَيْهِ ، وَكَانَ رِدْءًا لِلْإِسْلَامِ انْسَلَخَ مِنْهُ وَنَبَذَهُ وَرَاءَ ظَهْرِهِ ، وَسَعى عَلَى جَارِهِ بِالسَّيْفِ , وَرَمَاهُ بِالشِّرْكِ . قُلْتُ : يَا نَبِيَّ اللَّهِ ! أَيُّهُمَا أَوْلَى بِالشِّرْكِ الرَّامِي ، أَوِ الْمَرْمِيِّ ؟ قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : بَلِ الرَّامِي
«Расында, мен сендердің араларыңдағы Құран оқитын, әрі Құранның әдемілігі жүзінен көрініп тұратын және ол Исламның әскері болатын адам үшін қорқамын. Кейін ол Құранды қалдырып, оған арқасын бере өз көршісіне қылышын көтеретін болады, әрі оны серік қосушылықта айыптайды». Сонда Хузайфа былай деп сұрады: «Уа, Алланың Елшісі! Екеуінің қайсысы серік қосушыға жақын, айыптаушы ма әлде айыпталушы ма?!» Ол былай деп жауап берді: «Жоқ, айыптаушы».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үш мәрте былай деп қайталаған:
ألا هلك المتنطعون
«Шектен тыс кінәмшілдік пен қаталдық танытушылар жазым болады».
Шектен тыс кінәмшілдік, жанкештілік жақсылыққа апармайды. Кінә таға беру мұсылмандар арасындағы өшпенділікке апарады. Бұған қазіргі таңда мысал жетерлік…
Ислам діні мұсылмандарға дінге шақыру және оны тарату жолын белгілеп берген. Бұл жол, исламға даналықпен және жұмсақтықпен шақыруды әрі көпқұдайшылармен сөз таластыру барысында көркем түрде айтысуға шақырады:
ادْعُ إِلِى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ
«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі» («Нахл» сүресі, 125-аят). Сондай-ақ, «Бақара» сүресінің 83-аятында: وَقُولُواْ لِلنَّاسِ حُسْناً
«…адамдарға көркем сөз сөйлеңдер…», – дейді. Мұнан өзге жүз жиырмадан астам Құран аяттары Исламға сабырлықпен қарапайым етіп жеткізуге үндейді.
Ибн Баттал «Шарх Сахих әл-Бухари» атты еңбегінде келтірген риуаятта Әбу Ханифа: Мен Ато ибн Әби Рабахты Меккеде жолықтырып, оған бір сұрақ қойдым. Сонда ол: «Сен қайдан боласың?» деді. Мен: «Куфа қаласынан боламын» дедім. Ол: «Олай болса сен әлгі діндерін бөліп, өздері топ-топқа айырылған қауымнан екенсің ғой» – деді. Мен: «Иә» дедім. Ол: «Енді сен солардың қайсысына жатасың?» – деді. Мен: «Сәлафқа (алдыңғы буынға) тіл тигізбейтін, тағдырға иман келтіретін және күнәсі үшін мұсылманды кәпір санамайтын топтанмын» деп жауап бердім. Сол кезде ол: «Тура жолды біледі екенсің, енді осыдан айрылма!» деп ақылын айтты.
Имам Әбу Ханифа бұл кездесуде сенімге байланысты үш мәселенің ұшын ашып, үш түрлі діни ұстанымға қайшы екенін айтып өтті. «Сәлафқа тіл тигізбейтін» дегені – «мен шиит емеспін, сүннитпін» дегені. «Тағдырға иман келтіретін дегені» – «мен тағдырды жоққа шығаратын қадария ағымынан аулақпын» дегені. Соңғы сөзінде «күнәсі үшін мұсылманды кәпір санамайтын топтанмын» дегені – «мен күнә іс істеуші мұсылманды кәпір деп айыптайтын харижит және муғтазилит ағымынан емеспін» дегені.
Тағы бірде хауариждер Куфа қаласына кіріп келеді. Оларға бұл қаланың бетке тұтар ғұламасы анау деп, Әбу Ханифаны көрсетеді. Олар Әбу Ханифаға: «Күпірліктен тәубе ет», – деп талап қояды. Әбу Ханифа: «Мен әрбір күпірлік атаулыдан тәубе еттім», – деп астарлы жауап қайырады. Мұны естігендер хауа-риждерге: «Ол сендердің күпірліктеріңнен сақта деп тәубе етемін», – деп тұр дейді. Хауариждер имамды ұстап алады. Сонда имам Ағзам: «Менің сөзім сендерге қарсы екенін анық білдіңдер ме, әлде тек күдіктеніп тұрсыңдар ма?», – деп сұрайды. Олар: «Күдікпен», – деп айтады. Имам Әбу Ханифа: «…Расында күмәннің кейбірі – күнә…» («Хұжрат», сүресі 12-аят). Ал, сендердің ұстанымдарыңда күнә – күпірлік. Сендер күпірліктен тәубе етіңдер», – деп айтады. Олар да: «Сен де күпірліктен тәубе ет», – дейді. Әбу Ханифа: «Мен барлық күпірлік атаулыдан тәубе етушімін», – деген жауабын тағы қайталайды (Ахмад ибн Хажар әл-Хайтами, Хайратул-Хисан, 106-бет).
«Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» демекші, несін жасырамыз елімізде намаз оқымағанды кәпір санайтын сәләфия ағымы бүгінгі күні ел бірлігіне сына қағып, дін атына кір келтіріп әлек. Бұл ағымның такфиршілер деген тобы намаз оқымағанды бірден кәпір десе, мадхалилер мен сурурилер жағы намаз оқымаған адамға намаздың парыздығы жайлы тұшымды айғақ келтірілген соң, оқымаса ғана кәпір болатынын алға тартады. Олар да қалай дегенде де, намаз оқымағанды кәпір санап тұрғаны белгілі. Бұл жағдай мұсылмандар арасындағы мәміленің, мұсылмандық қарым-қатынастың нашарлауына әкеп соғады. Ал біздің діни бағытымыз – ханафи мәзһабының негізін салушы имам Әбу Ханифа амал жасамаған мұсылманды кәпірге шығармағанын жоғарыдан көрдіңіздер.
Имам Әбу Ханифа «әл-Фиқһул-әкбар» атты еңбегінде былай дейді: «Ешбір мұсылманды кез келген күнә іс үшін кәпірге шығармаймыз, тіпті ол үлкен күнә болса да, әрине егер ол күнә амалды халал деп қабылдамаса. Сондай-ақ, одан «мүмин» (иманды) атауын алып тастай алмаймыз. Оны шынайы түрде мүмин, деп атаймыз. Сонымен қатар, оның кәпір емес, пасық (күнәһар) мүмин ретінде есептелуі дұрыс».
Біле-білсеңіздер, мұсылманды кәпірге шығару иман мен амал екеуін бір-бірінен ажырамайтын біртұтас дүние деп есептеуден шығады. Харижиттер мен муғтазилиттер иман мен амалды бір деп есептеп, діни амалы жоқ адамды имансыз санаған. Міне, дәл осы жерден олар шынайы сенімге селкеу түсіріп келеді. Ал әһлу суннада иман мен амал екеуі екі бөлек нәрсе ретінде қаралады. Бұл туралы имам Әбу Ханифа (р.а.) өзінің «әл-Уасия» атты трактатында:
«Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Бұған көп жағдайда мүминнің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болмақ. Бұл жағдайда мүминнің мойнынан иман түсті дей алмаймыз. Мәселен хайыз әйелдің мойнынан Алла тағала намазды түсірді. Алайда Алла тағала оның мойнынан иманды түсіріп, иманды тәрік етуге бұйырды дей алмаймыз. Алла оған оразаны тоқтат, сосын оның қазасын өте дейді. Алла тағаланың оған иманды тоқтат, сосын оның қазасын өте деуі мүмкін емес. Пақыр-кедейге зекет беру міндет емес, деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес, деп айтуға болмайды», – деген.
Имам әл-Бухари өзінің «әс-Сахих» атты сахих хадистер топтамасының «Иман» кітабында «Күнәлар – надандық заманына тән істерге жатады, күнәлі істердің иесі жасаған ісі ширк болмаса, кәпір болмайды» деп баб, яғни тақырып қойып, дәлел ретінде Құранның мына аятын келтіреді: «Шындығында Алла өзіне серік қосуды кешірмейді, ал одан өзге күнәні кімге қаласа соған кешіреді» («Ниса сүресі», 48-аят және 116-аят).
Тәпсірдің атасы Имам ат-Табари осы аятты: «Бұл аят мынаны баяндайды: үлкен күнә жасаушы әр кісінің істеген үлкен күнәсі Алла тағалаға серік қосу болмаса, онда ол кісі Алланың қалауында болады, қаласа оның күнәсін кешеді, қаласы оны сол ісі үшін жазалайды», – деп тәпсірлеген. Яғни, ширктен басқа кез келген күнәні істеген адам кәпір болмайды. Себебі, ол кәпір болып өлсе, Алла оны ешқашан кешірмейді. Сондықтан да парыз амалды орындамаған немесе күнә амал істеген кісіні әһлу сунна күнәһар немесе пасық, дейді, алайда оны кәпір демейді.
Әйгілі ханбали ғалымы ибн Қудама әл-Мақдиси ханбали мәзһабы мен қоса басқа да мәзһабтардың діни көзқарастарын қамтыған өзінің қомақты салыстырмалы фиқһ кітабы – «әл-Муғни» атты еңбегінде намазды тәрік еткен кісі жайлы діни шешім төңірегінде түрлі пікірлерді келтіріп, мәселеге қатысты өз мәзһабының ұстанымын былай жеткізеді: « … Екінші риуаят: Намазды тәрк еткен кісінің мұсылман екеніне шешім шығарылады, әрі ол хад (шариғат тарапынан белгіленген) жазасымен өлтіріледі. (Ханафи мәзһабында шариғатпен басқарылатын елдің өзінде намаз оқымаған кісі өлім жазасына кесілмейді – автор) … Бұл (оның мұсылман екені туралы) пікірді Әбу Абдилла ибн Батта дұрыс деп таңдап, намаз оқымаған кәпір болады, дегендерге қарсы жауап берген. Әрі ол кісі мәзһабтың ұстанымы осы екенін айтқан» – деп, ханбали мәзһабында намаз оқымаған адамның кәпір болмайтынын түсіндіргеннен кейін «Намаз оқымаған кісіге жаназа оқылатынына байланысты мұсылман ғұламаларының бірауыздан келісімі бар. Себебі, намаз оқымайтындар қанша көп болса да, қай ғасырда да намаз оқымаған кісі жуындырылмаған, жаназасы шықпаған, мұсылман зиратына жерленбеген, мұрагерлері оның дүниесінен шеттетілген, өзі де туысының мұрасын ала алмаған, ерлі-зайыптының бірі намаз оқымаса, ажырастырылады, дегенді біз білген емеспіз. Егер ол кәпір болса, міндетті түрде бұл үкімдердің барлығы орындалар еді. Сондай-ақ, намазын тәрік еткен кісі қазаларын өтеуге міндеттеледі, бұл мәселеде талас жоқ. Егер ол діннен шыққан муртад болса, оның намаз бен ораза қазаларын өтеуі уәжіб болмас еді. Ал жоғарыдағы (намаз оқымағанның кәпір болатынын меңзейтін) хадистер күшейтпелі шыраймен, ондай адамды кәпірге балап айтылған. Ол сөздер тікелей мәнде емес», – дейді.
Әбул Хасан Әл-Ашғари: «Мақалатул Исламиин» кітабында: «Мұсылмандар пайғамбарларынан кейін кейбір мәселеде ихтилафқа (тартыс) түсті. Бұл тартыстың нәтижесінде кейбіреулері кейбіреулерін адастың деп айыптады. Ал кейбіреулері кей-біреулерден алыс тұруды жөн санады. Осылайша бірнеше ағымға бөлінді. Соған қарамастан Ислам барлық ағымдарды өз шеңберінде, өз аясында ұстауда». Имам Нәуәуи: «Шархул-Муслим» атты кітапта былай дейді: «Мынаны біліп қой! Хақ мәзһаб ұстанушылар бойынша қандайда бір күнә істеген ешбір кісі тәкфир етілмейді. Сол секілді әһлі хауа мен бидғаттан болған харижиттер, муғтазилиттер, рафизилер және өзге де ағым өкілдері де тәкфир етілмейді.
Имам Бұхари және Муслимде мынадай хадис келген: «Усама ибн Зайд риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізді Жуһайна руына жұмсаған еді. Біз олармен шайқасып, жеңдік. Олардың біреуі мұсылмандардың бірі оны өлтіруге ниеттенбейінше, ол да өлтірмейтін еді. Мен және ансарлық бір кісі екеуміз оған жетіп барғанымызда ол: «Лә иләһа илләллаһ», – деді. Ансарлық қаруын кері тартып, оны жайына қалдырды. Ал, мен оны найзаммен түйреп алдым.
Біз қайтып келгенімізде, болған жайт пайғамбарымызға (с.ғ.с.) да жеткен еді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мені шақырып алып: «Ей, Усама! Сен оны: «Лә иләһа илләллаһ» деп айтқан соң өлтірдің бе?», – деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Ол бұл сөзді қарудан қорқып айтты», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?!», – деді (Нибрас шарху шарх әл-ақаид, 537-бет).
Хауариждердің тағы бір ұстанымы: Күнә жасаған мұсылман кәпір болады. Олар осы сеніммен Әли, Мұғауия, Әбу Мұса (р.а.), т.б. көптеген сахабаларды кәпір деп айыптаған (Ғұлама Әли ибн Осман әл-Уши, Баду әл-Әмали, 38-бет).
Қайткен күнде де біз – қасиетті аяттар мен хадистерде айтылғандай адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, өзгелерге үлгі ретінде түсірілген ұлы үмбетпіз. Біз мұсылмандар бірін-бірінің айыбын ашып, кемшілігін іздегеннен гөрі бір-бірімізге бауырмалдықты насихаттауды ұмытпағанымыз жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Кімде-кім бір мүмин туралы онда жоқ нрсе айтса, яғни жала жапса, Алла оны тозақтағы рәдғат әл-хабалға (тозақтың ең лас жері) орналастырады», – деген (Әбу Дәуіт, № 3597). Тағы бір хадисте: «Уа, тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер! Мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін аңдиды. Ал Алла кімнің кемшілігін аңдыса, ол тіпті астындағы көлігінің ішінде болса да масқарасын шығарады» (Тирмизи, № 2101).
Қазіргі қоғамда пайғамбар үмбетіне бөлініп, бүлікке түсуіне емес, бірігіп берекелі ғұмыр кешуге ұмтылу қажет. Қандайда бір мұсылман бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көріп, шынайы бауырластығын көрсетер болса, бақытқа кенелетіні де сөзсіз еді. Мына бір дерекке назар аударайықшы. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ардақты сахабаларына былай дейді: «Алланың құлдарының ішінде бір топ адам бар. Олар пайғамбар да, шаһит те емес. Бірақ, қиямет күнінде Алланың жанындағы мәртебелеріне қарай оларға пайғамбарлар мен шәһидтер қызыға қарайтын болады». Бұл сөзді пайғамбардың аузынан естіген сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Олар кімдер, қандай амалдар жасаған жандар болды? Бізге кім екендерін айтыңыз, оларға сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды білдірейік», – десті. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар – араларында ешқандай қан туысқандық, сауда-саттық, іскерлік байланыс болмаса да, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Аллаға ант етейін, олардың жүздері тұнған нұр, әрі өздері нұрдан жасалған мінбердің үстінде тұрады. Адамдар үрейленіп, қорқып тұрғанда олардың бойында ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Адамдар қайғырып тұрғанда олар қайғырмайды», – деді.
Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласы прокурорының арызы бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шыққан болатын.
Осы шешімді шығару кезінде аталған ұйымның экстремистік бағыттағы қызметі жөніндегі қолда бар материалдармен қатар сотпен «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, АҚШ-та, Түрік Республикасында және Еуропалық одақта тыйым салынғандығы ескерілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді, осыған орай «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне қандай да бір қатыстылық (қызметіне қатысу, қаржыландыру, идеологиясын насихаттау және т.б.) заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Құрметті жамағат өздеріңіз байқағандай салафиттік бағыттың ішіндегі такфир ағымына Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да такфиршілердің адасқан ағым екендігін дәлеллеп 2013 жылы 7 қарашада пәтуа шығарды. Аталған пәтуада «тәкфиршілерді – дінге енген жаңалық» екені жөнінде үкім берілді. Ал біз өз кезегімізде ҚМДБ-ның өкілдігі ретінде сіздерді мұндай теріс ағымдардан сақтануға шақырамыз.
«Бөлінгенді бөрі жейді» деген дана халқымыз «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дей отырып, ұрпағының ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешу жолында итағат ұғымын терең түсінген. Тіпті, бүгінгі күндегідей үй ішінен үй тігіп, асыл діннің ішінде ағым-ағым болып азған емес. Ата-бабаларымыз дініне берік болды, ынтымағы жарасты, береке-бірлікте ғұмыр кешті. Алланың қалауы да, пайғамбар мұраты да, барша мұсылман жұртының тілегі де осы болатын.
Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар, баршамыз жік-жікке бөлінген жамағатшыл емес, ынтымағы жарасқан жамағаттан табылайық.
[1] Ат-Табарани. «Сахихул-Жамиғ», 6269.
Мансұров Батыржан Берденұлы
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы