Қазіргі таңда әлемде әсіредіншіл ағымдардың керітартпа әрекеттері толастамай отыр. Әсіресе, мұсылман елдерінде пайда болып жатқан көптеген діни-саяси ағымдар қазақ қоғамы мен жалпы еліміздің тұрақтылығына қауіп төндіруде. Солардың қатарына, сыртқы киім үлгісімен бірден көзге түсетін, көпшіліктің наразылығын тудырған, «Таблиғи жамағат» діни экстремистік ұйымын жатқызуға болады.

2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен ол ағымның Қазақстан аумағында қызмет етуіне тыйым салынды. Сондай-ақ, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан елдері де экстремизмге жанама қатысы бар деген күдік білдіріп, олардың әрекеттеріне шектеу салып отыр.

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысының негізін 1926 жылы Үндістанда Мәуләна Мұхаммед Ілияс әл-Қандаһлауи (1885-1944 жж.) қалаған. Бірақ, ақпарат кеңістігінде Мұхаммед Қандаһлауи  туралы мағлұмат өте аз. Ол қайтыс болғаннан кейін діни ұйым басшылығын оның ұлы Мұхаммед Юсуф қолға алып, ұйымды жақтаушылар қатарын көбейтті.

«Таблиғи жамағат» ұйымы – Үндістандағы индуизм миссионерлері мен христиан миссионерлеріне қарсы құрылған ислам бағытындағы ағым. Сол уақыттарда үнді мұсылмандарының қатарын көбейтуді мақсат еткен. Ал, бүгінде олардың саны әлем бойынша 85 миллион адамға жетіп отыр.

Ағымның сенімі мен қызметі

Ұйымның атауы «әт-Таблиғ» деген араб сөзінен шығып, «жеткізу» мағынасын береді. Өздерін пайғамбарларға тиесілі сипатпен атап, ислам дініне шақырумен айналысады.

Бұл ағым өкілдері дін тарату үшін үш күнге, бір аптаға, 40 күнге және төрт айға (Пәкістан-Үндістанға) дейін сапарға шығып, базарларды, үйлерді, елді мекендерді аралап уағыз-насихат (өздерінің тілінде «дағуат») айтуды өздеріне парыз деп біледі. Ислам дінінің қағидаларына қайшы әрекеттерді істейді.

Біріншіден, отбасына қамқорлық танытудың орнына «дағуат» жасауды ұлық көріп, отбасын Аллаға аманаттап кетуі әлеуметтік тұрмыстық қиыншылықтар тудырып жатады. Өзге ағымдар секілді бұл ұйымның да іс-әрекеттері мен айтқан сөздері бір-біріне сәйкес келе бермейді. Көшбасшылары пәкістандық үлгідегі киімдерді киюмен ерекшеленіп қана қоймай, жекелеген елдің идеологиясын дәріптейтіндігін аңғаруға болады.

Олар дінге шақырудың бірінші шарты – діни білімді болу екендігімен келісе бермейді. Таблиғшылар Құран мен хадис-шәріптің ішкі мәнін өздері толығымен түсінбестен тек өздерінің қатарларын көбейтуді ғана мақсат етіп, хадистерді, аяттарды өзгертіп, адамдарға психологиялық ықпал жасайды. Өзінің үйренгенін өзгеге үйретуді мақсат тұтып, жолында кездескен әр адамға уағыз айтып, мазасын алады. Сәйкесінше, мұндай әрекеттер адамдардың басқа дін өкілдеріне деген төзімсіздігіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Сондай-ақ, діни сауаттылығы төмен таблиғшы теологиялық нәзік мәселелерді мұсылмандарға бұрыс түсіндіріп, қате шариғи үкім беретін болса, сөзсіз қоғамда іріткі туындайтыны ақиқат. Сол себепті қандай да бір дінге қатысты сауалдар көкейіңізді мазаласа, арнайы теолог мамандар мен имамдардан сұрағаныңыз абзал.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Елге қайту орындалмайтын армандай көрінген – «Жусанмен» оралған репатриант

Оқитын мәшһүр әдебиеттері: Шартты түрде оқитын кітабы «Фазаил амали»  деп аталады. Араб тілінен аударғандағы мағынасы – «Лайықты амалдар». ҚР Дін істері комитеті мамандары бұл еңбекке талдау жасап, кітаптың адамды ерік-жігерінен айыруға, рационалды ойлаудан шектеуге бағытталғанын анықтады.

Бұл кітаптың мазмұнында «адамды Алламен байланыстыра алатын» діндар шейхты табу әрі «оған қызмет етіп, өз қалауларың мен еркіңді жоқ етіп, оның айтқанымен жүру керек екендігі, оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігі» насихатталады. Одан бөлек, Мұхаммад Ілиястың жазған «Фазайл садакат», «Хикаяту сахаба», «Хадистер жинағы» атты кітаптарын оқиды.

«Таблиғи жамағат» бір қарағанда сырт көзге бейбітшілікті қалайтын пацифистік ағым сияқты көрінгенімен Үндістан, Пәкістан, Бангладеш елдеріне аңсары ауып тұруы үлкен қауіптің бар екенін аңғартады. Себебі, ол жақта адамдарға нені үйретіп жатқандығы, қандай мақсатта пайдаланғысы келетіні бізге беймәлім. Бұл күдіктер де негізді, өйткені тез иланғыш азаматтарымыз жолдан оңай тайып, экстремистік, террористік ұйымдарға қосылып, жалған идеяларды жүзеге асырушы құралға айналу қаупі бар.

Дінге бет бұрып жүргендердің басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француз сарапшыларының зерттеуі бойынша, исламдық экстремистердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан. Яғни, бұл ұйымды экстремистік лаңкестік жолға адамдарды дайындайтын бастапқы қадам деп айтуымызға болады.

Ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дініміздің қағидаларына қайшы тұстары да көп. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Үндістанға лайық болған нәрсе XXI ғасырдағы Қазақстанға мүлде үйлеспейді. Мұндай дәстүрлі емес діни ағымдар мен экстремистік ұстанымдар зайырлы мемлекетіміздің бірлігі мен ынтымағына, әлеуметтік қоғамның тұрақтылығына кері ықпал жасайтындығы анық.

Бұндай үдерістердің алдын алу үшін, танымдық деңгейі ауқымды, етегін кеңге жайған, дәстүрлі методологиясы рационалдылықты пайдалана отырып, сан ғасырдан бері түрлі сүзгі мен сыннан өтіп, жалғасып келе жатқан діни мектептердің ілімін халық арасында дәріптеп, құндылығын арттыруға нақты қадамдар жасалуы тиіс.

Ержас ТҰРСЫНБАЕВ,

Қызылорда облысының дін істер басқармасы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы

Пікір жазу